Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстанды таңбалы тастар мекені деп бекер айтпайды. Бұл жәдігерлер – дала өркениетінің сан мыңжылдық шежіресі. Біз теңдессіз нысандарымызды жоюға жол бермей, мұқият қорғауымыз керек», деді. Мемлекет басшысының осы сөзін арқау еткен фильм – республика бойынша қолға алынған алғашқы жобаның бірі.
Қазақ даласының тауы мен тасы сан ғасырлар бұрын бабаларымыз қашап қалдырған аманат кітаппен парапар. Өкініштісі, сол тарих елеусіз қалып келеді. Аталған фильм тау-таста сақталған тарихтан сыр шертеді. Осылайша, көрермен тасқа басылған көне тарихты тамашалады.
Осы өңірді 20 жыл зерттеген ғалым Жолдасбек Құрманқұловпен 2010 жылы Ақтоғай ауданы аумағын бірге жүріп аралаған Тұңғышбай Өміртайұлының айтуынша, ол өлкенің біраз жеріне бармаған екен. Ғалымдардың зерттеуінше, Ақтоғай өлкесі – тарихи мұраға өте бай жер.
«Бұған дейінгі екі фильмді (Әлихан Бөкейхан және Ақтоғай тарихы туралы фильмдер) немереммен түсіргенмін. Ал осы фильмді аудандық мәдениет бөлімінің қызметкерлерімен бірге түсірдік, олардың бірі мәтін оқып, бірі оператор, енді бірі монтаждаушы болды. Мақсатым – солар үйренсін, осындай істі жалғастырсын деген ой», дейді Т.Мұқан.
Оның айтуынша, көлік шығыны бойынша ғана бір демеушінің көмегін алған. Аудан аумағын түгел қамтып, екі мың шақырымды жүріп өткен. Автор танымдық фильмінде Ақтоғай арқылы Сарыарқадағы тарихи ескерткіштерді таныстырады. Бұған дейін ғалымдар бұл өлкеде 50-ден астам тас мүсін бар десе, бұл кісі 70-тен асырған. Таңбалы тастар саны да шамамен соншама.
«Қарағанды қаласында және аудан орталығы Ақтоғайда көрсетілімі өтті. Ақтоғайлықтар «әлі күнге көп ескерткішімізді білмейді екенбіз», деді. Кейін зерттеушілерге оңайырақ болуы үшін «осындай ауылдан осынша шақырым» деп, нысандардың қашықтық белгілері нақты көрсетілді», дейді Тұңғышбай Өміртайұлы.
Фильм тарихи нысандарды таныстыру ғана емес, жәдігерлер жайында алматылық, қарағандылық ғалымдардың пікірлері кіріктірілген. Әдетте мұндай фильмдер 30-40 минуттан аспайды, ал «Таста сақталған тарихтың» ұзақтығы екі сағатқа жуық. Аудандағы Беғазы-Дәндібай мәдениеті, таңбалы тастар, тас мүсіндер, обалар, үңгірлер, кен орындары, тағы басқалары жүйелі қамтылған.
«Таңбалы тастарды қасына барып көріп, үңгірлерге кіргендей болдық. Фильм мәдени-тарихи мұраларымыздың сақталуына өзіндік септігін тигізеді деп ойлаймын. Жәдігерлерді жымқырып, тұрғын үй кешенін ашып алатын қарақшылар бар қазір. Қарақшы археологтер ұрлаған мұралардың кейбірі өте құнды болуы мүмкін. Осы орайда әлеуметтік мәдени комитетте жиын өткізгенбіз. Сол тұрғыда істер қазір қолға алынып жатыр. Археология институтына да барып, көптеген мәселені көтергенбіз. Мәдени-тарихи мұраларды шашау шығармай жарата білсек, баға жетпес ұлттық байлығымыз сол емес пе?», деді Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса.
«Фильмдегі дүниелер фото-альбом форматында үш тілде шығарылса, сол кезде дүниежүзі археологтері назарын бұрып, мәдениетіміз жарқырай түсер еді», деді республикалық Ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Өмірзақ Озғанбаев.
Алаштың үш арысы Әлихан Бөкейхан, Әлімхан Ермеков, Жақып Ақбаев дүниеге келген киелі өлке – тұнып тұрған тарих. Ақтоғай өңірінде тарихи мұралардың өте көп кездесуі осы жер ежелден тіршілікке қолайлы өркениет ошағы болғанын айғақтайды.