фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі
Өңірлердегі әлеуметтік қызметтерді алушылар өздеріне заң жүзінде тиесілі мемлекеттік қолдау шаралары туралы жеткілікті хабардар емес. Орал тұрғындары депутатпен кездесуде мемлекеттік органдардың бұл бағыттағы ақпараттандыруының төмендігіне шағымданды. Сонымен қатар психологиялық-медициналық-педагогикалық комиссия қызметінің ашық болмауы да сұрақ туғызады.
Ажар Сағандықова мемлекеттік органдарға өз жұмысындағы ұстанымдары мен тәсілдерін өзгерту жөнінде Үкіметке тиісті депутаттық сауал жолдағанын атап өтті.
– Алайда мен мемлекеттік органдарда бұған қаражат жоқ деген жауап алдым. Бұған көп қаржы қажет емес. Тек талдау жүргізіп, тапсырыс деңгейінде мұндай комиссиялардың жұмыс істеу ережелерін өзгертіп, халықпен көбірек араласу қажет. Партияның облыстық филиалымен бірлесе отырып, бұл жағдайды қадағалаймыз, – деді А.Сағандықова.
Сондай-ақ депутат елімізде цифрландыру белсенді дамып келе жатқандықтан халықтың әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған топтары электрондық қызметтерді алу мәселелеріне ерекше назар аудару қажеттігін баса айтты.
– Қызметтерді үйден шықпай-ақ электронды түрде жасау мүмкін болса да, азаматтарға көптеген мекеменің есігін қағуға тура келеді. Егер ана төртінші баланы дүниеге әкелсе, оның мәртебесі автоматты түрде көпбалалыға ауысуы керек. Қазір осы цифрлық платформалардың барлығын біріктіретін жаңа платформа әзірленіп жатыр, бірақ ол өңірлерде әлі жұмыс істей қоймаған. Біз бұл мәселені қадағалаймыз, – деді депутат.
Сапар аясында мәжілісмен облыстық мәслихат депутаттарымен және жұртшылықпен де кездесті. Отырыста су тасқынынан зардап шеккендерге өтемақы есептеу жөніндегі комиссияның жұмысы, киіктердің мәселесі, өңірдегі басқа да өзекті түйткілдер талқыланды.