Саясат • 05 Шілде, 2024

Мерейлі мезет

63 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Астанада өткен Шанхай ын­тымақтастық ұйымының сам­миті еліміз үшін мерейлі ме­зеттің біріне айналғаны анық. Еуразиядағы ең ықпалды ха­лық­аралық ұйымның алқалы жиыны «Көпжақты диалогті нығайту – орнықты бейбітші­лік пен дамуға ұмтылу» деген тақы­рып аясында өтті.

Мерейлі мезет

Геосаяси жағдай ұшығып тұрған тұста ұйымның көпжақ­ты серіктестікті нығайтудағы маңызы жылдан-жылға арта түс­­ке­ні белгілі. Былтыр ұйымға Иран қосылса, биыл Беларусь мү­­ше­лікке қабылданды. Жаһан жұрт­­­шылығының жартысын қам­­­титын ұйым құрамына БҰҰ Қауіп­­­сіздік Кеңесінің 2 тұ­рақ­ты мү­шесі (Қытай, Ресей), дү­ние­жү­зіндегі ең халқы көп 2 мем­­­ле­кет (Қытай, Үндістан), 4 яд­ро­­лық мемлекет (Қытай, Ресей, Үндіс­тан, Пәкістан), 3 БРИКС елі (Ре­сей, Үндістан, Қы­тай), G20-ға мүше 4 ел (Ресей, Үн­­дістан, Қытай, Түркия) және 1 НАТО мүшесі (Түркия) кіреді. Бұл елдерге әлемдік ІЖӨ-нің төрттен бір бөлігі және әлемдік сауданың 15%-ы келетінін айта кеткен жөн. Сондықтан Астана саммитіне БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштің арнайы келуі ұйымның беделі мен бәсін байқатып тұрғандай.

Қазақстанның ұйымға төраға­лығы ШЫҰ кеңістігінде қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету, сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту, энергетика­лық ынтымақтастықты нығай­ту, цифрлық саладағы ынтымақ­тастықты кеңейту, экология са­ласындағы өзара іс-қимылды күшейту, мәдени-гуманитарлық байланыстар саласын дамыту бағыттарын қамтыды. Бұл ре­тте Мемлекет басшысының «Үш зұлым күш» – трансұлттық ұйым­дасқан қылмыс, есірткі биз­несі және киберқылмыспен күреске баса назар аударғаны белгілі.

Саммитте «Шанхай онды­ғына» кіретін елдер үшін стра­тегиялық маңызы бар басты бағыттар арасында қауіпсіздік саласындағы өзара сенім мен ынтымақтастықты арттыру, киберқауіпсіздікті күшейту, халықаралық ақпараттық қауіп­сіздікті қамтамасыз ету, сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту, тиімді дәліздер мен сенімді тасымал тізбектерін құру арқылы көлік байланыстарын нығайту сияқты басымдықтарды атап айтқан Мемлекет басшысы Шанхай ынтымақтастық ұйы­мын реформалау және жаңғыр­ту қажеттігіне де арнайы тоқ-
талды.

«Қазіргі күрделі ахуал – негізінен халықаралық қаты­настар жүйесіндегі дағдарыс салдары. Осы ретте халықаралық құқықтың кемшін тұстарын түзеп, геосаяси тұрғыдан жікке бөлінуге жол бермеу мақсатымен, түптеп келгенде, жаһандық ауқымдағы бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту үшін ШЫҰ өзінің тұрақтандырушы және жасампаздық рөлін күшейтуге тиіс», деді Президент.

Ұйымға мүше мемлекеттер басшыларының кеңесін­де 25 маңызды құжатқа қол қойыл­ды. Олардың арасында ұйымның 2035 жылға дейінгі даму стратегиясының жобасы туралы шешім де бар. Бұл іргелі ұйымның алдағы ұзақмерзімді стратегиясын айқындайтын құжаттың Астанада айқында­л­ғанын аңғартады. Сонымен қатар ұйымға Бас хатшы болып қазақ елінің азаматы, бұрынғы Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев сайланды. Ел азаматтарының осындай беделі биік халықаралық ұйымдарға басшылыққа келуі – Қазақстанның абыройын арттыра түсері анық.

Саммит екіжақты кездесулерге де мүмкіндік берді. Әсі­ресе Қытай – Ресей, Ресей – Түр­­кия елдері бас­шыларының кез­де­сулері туралы журналистер жа­­ры­са жазды. Әсіресе Қы­тай мен Үндістан Сыртқы істер ми­нистрлері­нің 50 жылдық шекара дауына шешім іздеуі – үлкен жетістік. Бұл да Астананың алпауыт елдер басшыларының кез­десіп, келісулеріне жақсы платформа болғанын айғақтайды.

Жалпы, бұл жиын Еуразия­ның күрделі геосаяси және гео­экономикалық жүйесіндегі елі­міздің мәртебесін одан әрі ны­ғайтуға жасалған нақты қа­дам болды. Сондықтан Астана сам­миті еліміздің жылнамасында ғана емес, ұйым тарихында да бір белес ретінде қалары анық.

Дархан ҚЫДЫРӘЛІ,
Сенат депутаты