Елорда • 06 Шілде, 2024

Мейманына мейірбан шаһар

133 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Биігіне қарағанның қалпағын ұшыратын зәулім ғи­мараттары көз жауын алған әсем Астана – әлемдегі ең жаңа, даму қарқыны жоғары қала. Қыдыра келген әрбір мейман қаланың қонақ­жайлылығын сезінеді. Ежел­ден үлкен үй келімді-кетімді қо­нақ­тан арылмай жататыны бар. Міне, Астана еліміздегі сондай орынға айналды.

Мейманына мейірбан шаһар

Қазақтың мыңжылдық мәдениеті мен заманауи инфрақұрылымын біріктіріп тұрған елорда – ел туризмін дамытуға ең әлеуетті қала. Астана әлемдегі маңыз­ды мәжілістерді өткізумен бірге туристерге қолайлы жағдай жасау арқылы Орталық Азияның іскерлік хабы ретінде дамып келеді. Ресми мәлі­меттерге үңілсек, биыл астанаға келген туристер былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 12,3% (1 324 047) көп келген. Мұнда ішкі туристердің үлесі 1 036 921 адам болса, шетелдік туристердің саны – 287 126. Туристік саланы дамыту тұжырымдамасына сәйкес Астана – еліміздің саяси, әкімшілік, іскерлік және мәдени орталығы. Қала әкімдігінің Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы туризмді дамыту бөлі­мінің мәліметіне сүйен­сек, бас қалада туризмді дамытудың бірне­ше негізгі бағыты белгіленген. Атап айт­қанда, бұған маңызды оқиғалар өткізу, іскерлік бағытты (MICE-туризм), ме­ди­циналық туризмді дамыту, Астана брендін қалыптастыру, қажетті барлық инфрақұрылымды құру және сервис сапасын арттыру жатады.

– Астанада туристерге қажетті жағдай жасалған. Қалада 257 қонақүй, 68 ірі туристік нысан, яғни театрлар, музейлер, саяжайлар мен сауда үйлері бар. Сонымен қатар туристерге 2 мыңнан аса қоғамдық тамақтану орны, халықаралық әуежай мен «Бәйтерек» монументі жанында керек мәліметтерді беретін 2 ақпараттық дүңгіршек, жаяу жүргіншілерге бағыт берудің бірыңғай жүйесі жұмыс істейді, – деді Туризмді дамыту бөлімінің басшысы Өмірзақ Тілеужан.

Қаладағы 257 қонақүйдегі 9 439 бөлме 17,5 мың жатын орынға есептелген. Бұл қатарда 5 жұлдызды 8, 4 жұл­дызды 11, 3 жұлдызды 5, категориясыз 205 қонақүй бар. Ал қалада туристік инфрақұрылымды дамыту шеңберінде «Red Bus» экскурсиялық автобустары қатынайды. Бұл автобус­тар аудиогидтермен жабдықталған. Экскурсия туристерге 8 тілде қолжетімді. Қаланың көрікті жерлеріне сапарлауды ойлаған туристерге «Astana City Pass» туристік картасын сатып алуға болады. Бұл ең әуелі қонақтардың уақытын үнемдеуге қо­лайлы. Турист картасы қаладағы 11 мәдениет нысанына 70%-ға дейін жеңіл­дікпен баруға мүмкіндік береді. Кар­та құны 24 сағатқа 9 990 теңге, 72 са­ғатқа 13 990 теңге шамасында шығады. Сонымен қатар қалада аудиотурлар

«izi.TRAVEL» халықаралық платформасында қолжетімді. Онда елордадағы 164 көрнекті нысан бойынша экскурсия жүктелген. Туристерге арналған қызметті жақсарту мақсатында visitastana.kz ақпараттық жүйесі жұмыс істеп тұр. Қонақүйді «Booking» халықаралық сервисі арқылы алдын ала жалдауға мүм­кіндік бар. Қалада өтетін ауқымды іс-шара­ларға да осы жүйеден билет алуға жағ­дай жасалған. Аталған порталдың мәліме­тінше, биыл 2 435 тамақтану орны, 2 мыңға жуық іс-шара көрсетілген. Бір сөзбен айтқанда, сервисі сақадай сай.

Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Жаңабаев Астанада турис­тер өздерін жайлы сезінуі үшін барлық қажетті инфрақұрылым жасалған деуге негіз бар екенін айтады.

– Туристер келетін елдердің қатарында ең бірінші орында көршілес Ресей, одан кейін Қытай, Түркия, Германия, Өзбекстан, АҚШ, т.б. елдер бар. 2023 жылы теміржол арқылы келген қонақтар шамамен 5,5 миллион болса, биыл бұл көрсеткіштің тағы 4%-ға өскені байқа­лады. Негізгі өсу көрсеткіші әуе көлігімен келгендердің еншісінде, мұнда 30 бағыт бойынша әлемнің 13 еліне 23 әуе компаниясы тікелей халықаралық рейстерді орындайды. 79 елмен визасыз режім жаңартылды, – деді ол.

Астананың географиялық аумағы, инфрақұрылымы оқиғалық, іскерлік, медициналық туризмге қолайлы. Қызмет көрсету сапасы да өзге қалалардан көш ілгері.

– Астана туризмін дамытудың тағы бір басым бағыты – медициналық туризм. Қалада JCI халықаралық сапа стандартымен аккредиттелген 7 клиника жұмыс істейді. Астана қаласында емделудің негізгі бағыттары – кардиохирургия, нейрохирургия, стоматология, пластикалық хирургия және онкологиялық ауруларды емдеу. Негізгі артықшылығы – шетелдік клиникалармен салыстырғанда медициналық қызметтердің құны төмен әрі сапасы жоғары. Оның ішінде біздің клиникалар заманауи жабдықтармен жабдықталған және жоғары білікті мамандар жұмыс істейді. Сондай-ақ ме­дициналық туризмді дамыту бағытында медициналық ұйымдар мен туристік сала өкілдерінің бірлесуімен Қазақстан медициналық туризмі қауымдастығы құрылды. Оған бүгінгі таңда 46 клиника мен медициналық ұйым кірді, – дейді М.Жаңабаев.

Елорда қонақтары жиі баратын 10 орын

1. Ботаникалық бақ пен Бас мешіт
«Kazakhstan.travel» сайтының мәліме­тінше, қазір Астанада негізі 21 туристік нысан бар екен. Жыл сайын түрлене түсетін Астана тағы да қызықты орындармен толықты. Бұл қатарға күмбезі күмбірлеген көрікті мешіттерді айтуға болады. Әсіресе бір жылдың ішінде туристер ең көп баратын орындардың біріне айналған орын Бас мешіт болып тұр. Сонымен қатар Астанаға ағылған қонақтардың тағы бір бармай кетсе, көңілі көншімейтін жері – Ботаникалық бақ. Бұл алты жылда Астананың ажарын ашып тұрған көрікті орындардың ортасынан ойып тұрып орын алған екен. Ендеше, Астананың ең танымал көрікті жерлеріне тоқталайық.
2. «ЭКСПО» халықаралық көрме орталығы
Астанаға келген әрбір қонақ «ЭКСПО» халықаралық көрме орталығына соқпай кетпейді. 2017 жылдың айтулы оқиғасына айналған «ЭКСПО-2017» көрмесі ТМД елдері аумағында алғаш рет Астанада ұйымдастырылды. Мұнда «Болашақтың энергиясы» тақырыбында баламалы энергия көздерін табу жөнінде жаңа тәжі­рибелер мен тың ұсыныстар көрсе­тілді. Тіпті сол жылдың өзінде онда 2,4 мил­лион қонақ келіпті. «ЭКСПО» – жаңа технологиялар мен алуан түрлі өр­кениеттің тоғысқан орталығы. Қызмет­керлердің айтуынша, бір ғана «Нұр Әлемді» толық аралап шығуға 3–3,5 сағат уақыт кетеді.
3. «Мәңгілік ел» салтанат қақпасы
Астананың кіреберісінде орналасқан «Мәңгілік ел» қақпасы – қала қонақтары көруге тиіс қызықты орындардың бірі. Мұнда заманауи өнер жұмыстары қойыл­ған көрме залы мен шолу алаңы орна­ласқан. Салтанат қақпасы 2011 жы­лы Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арнап тұр­ғызылғандықтан, оның биіктігі 20 метрді құрайды. Оның жетінші қаба­тында аумағы 120 шаршы метр бола­тын көрме залы орналасқан. Онда ше­тел­дік және отандық суретшілердің, мүсін­шілердің, сәндік-қолданбалы өнер шеберлерінің туындылары қойылып, түрлі фотокөрме өткізіледі. Сондай-ақ Көрме залы арқылы қақпа төбесінде орналасқан шолу алаңына шығуға болады. Келушілер шолу алаңының төрт бұрышына қойылған төрт дүрбімен тұтас қаланы тамашалай алады. Шолу алаңына дейін келушілерді кәсіпқой гидтер Ақмола өңірінің қалыптасуы мен тарихы көрсетілген фотосуреттері бар баспалдақпен алып жүреді және қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде қала тарихымен таныстырады. Ерекше күтімді қажет ететін келушілерге арнайы лифт орнатылған.
4. Ұлттық музей
Францияның Париж қаласындағы ұлттық өнер мұражайы – әйгілі Луврды көру үшін жыл сайын миллиондаған сая­хатшы ат сабылтып барады. Сол тәрізді кез келген елдің астанасына барып тұрып, музейлеріне бас сұқпай кету мүмкін емес. Астанадағы Ұлттық музей де туристерді магнитше тартып тұрған орын деуге болады. Бұл – еліміздегі ең заманауи музей. Онда еліміздің ерте ғасырдан бүгінге дейінгі археологиялық, этнографиялық жәдігерлері мен мәдени ескерткіштері жинақталған. 2014 жылы ашылған бұл нысанның жалпы ауданы 74 мың шаршы метрден асады және халықаралық стандарттарға сай жабдықталған. Музей ішіндегі «Ежелгі және орта ғасыр тарихы», «Алтын», «Этнография», «Тарих», «Тәуелсіз Қазақстан», «Астана», «Заманауи өнер залдарынан» еліміздің құнды экспонаттарын көруге болады. Ұлттық музеймен бірге Астана қонақтарына Алжир музейі, Сәкен Сейфуллин музейі, Қарулы күштердің әскери-тарихи музейі ішкі туристер үшін ілкімді орындардың біріне айналған.
5. «Қазақ елі» монументі алаңы
Бұл – Алматыдағы Тәуелсіздік алаңы­нан кейінгі елімізде басты алаңдардың бірі. Монумент алаңы – Астананың бетке ұстар орны. Ақ мәрмәрдан құйылған монументтің биіктігі 91 метрді құрайды, бұл Қазақстан тәуелсіздігін алған 1991 жылды білдіреді. Ал оның басындағы алтын түстес алып Самұрық құс ел ты­ныштығын күзетіп тұрғанын білдіреді. Астана қонақтары алаң айналасында орналасқан «Әзірет Сұлтан» мешіті, «Шабыт» Қазақ ұлттық өнер университеті, Ұлттық музей, Бейбітшілік және келісім сарайы (Пирамида) сынды маңызды нысандарға бара алады.
6. Арбат
Есіл өзенінің жағалауында ашыл­ған Арбат жәрмеңкесі де Астана қонақта­рының көңілінен шыққан орындар­дың қатарына кіріпті. Мұнда қолөнер шеберлері, суретшілер, әртістер, ақындар, тағы басқа шығармашыл адамдардың жәрмеңкесі орналасқан және туристер ұлттық бұйымдар мен кәдесыйларды көптеп сатып алады. Көше суретшілеріне тапсырыс беріп, өнерпаздардың ән-күйін тыңдауға болады. Жәрмеңкеден шыққан халық Есіл өзенінің жағалауында се­руендеп, кеме арқылы Есіл өзенінде жүзе алады және кешкі уақытта Есіл өзені үстіндегі лазер шоуын тамашалай алады.
7. «Бәйтерек» монументі
Алыстан қай ағайынымыз келсе де, ала жүгіретін бір жеріміз – «Бәйтерек» монументі. Өйткені қаламызда қанша зәулім ғимараттар бой көтерсе де, алып Бәйтерек Астананың нағыз символы болып қала береді. Мұнда 98 метр биіктіктен бас шаһарды алақандағыдай көруге болады және келушілердің қарасы қысы-жазы үзілмейді.
8. «Ханшатыр» сауда-ойын-сауық орталығы
«Ханшатыр» Астананың ғана емес, тұтас Орталық Азияның көз тартарлық ғимараттардың бірі десек, артық болмас. Бұл әлемдегі ең биік шатыр ретінде танымал. Ғимарат ішінде тропикалық бақ, сарқырамалар, жасанды өзендер мен көлдер, құмды жағалау бар. Бұған қоса сауда нүктелері, балаларға арналған ойын алаңдары, мейрамханалар, фитнес орталықтары, кинозалдар сынды ойын-сауыққа қажетті дүниелердің барлығы қамтылған. Ертеде жауынгер сақ бабаларымыз ұзын қыл шашақты найзаны (ту) ортаға шаншып, жан-жағын найзамен қалап шатыр тіккен. Ғимараттың сәулеті осыдан алынған екен. Нағыз көшпелілер өркениетінің тарихынан сыр шертетін сәулетті ғимарат саяхатшылар бас сұқпай өтпейтін орынға айналыпты.
9. «Думан» ойын-сауық орталығы
Астананың мақтанышына айналған тағы бір орын – «Думан» ойын-сауық орталығы. Онда тропикалық балықтары бар океанариум, 5М-кинотеатры, Үлкен күмбезді кеңістік, «Джунгли» аттрак­цио­ны және тамақтандыру кәсіпорындары мен сауда нүктелері орналасқан. Мұнда әлемнің түкпір-түкпірінен жеткізілген 2 мыңға жуық теңіз жәндігі тіршілік етеді және судың қоры 3 миллион литрді құрайды. Оны әзірлеуге 120 тонна теңіз тұзы пайдаланылған. «Думан» ойын-сауық орталығы жанында ең биік аттракцион орналасқан. Нысанның биіктігі – 65 метр, бұл 22 қабатты ғимараттың биіктігімен бірдей. Салыстырып қарар болсақ, алматылық аттракционның биіктігі – 60 метр. Жаңа «дөңгелектің» ауа баптағышы әрі жылыту қондырғысы орнатылған 36 кабинасы бар.
10. Бурабай курортты аймағы
«Қазақстанның Швейцариясы» атанған Бурабай курортты аймағы елордадан 250 шақырым жерде орналасқан, Астанаға келген туристердің көбі сонда барады екен. Бурабай ТМД-дағы ең танымал курорттардың үштігіне кіреді. Мұнда емдік қасиеті бар су, таза ауа, Шығыс ұлттарының тағамы және санаторийлер мен туристік базалар орналасқан. Сондай-ақ туристер Бурабайдағы Абылай хан алаңы, Оқжетпес тауы, Жұмбақтас, Жеке Батыр сынды бірегей орындарға бара алады.

P.S. Атырау, Маңғыстау облыстарынан, Алматы қаласынан кейінгі донор шаһарға айналған Астананың байлық құпиясы неде екені түсінікті болса керек. Тіпті қала ғана емес, әлемде бүкіл экономикасының ең негізгі өзегін туризмге негіздеген елдер бар. Астана арқылы бізге де ондай мүмкіндіктерге қол жеткізуге болады. Күні кеше Мемлекет басшысы да еліміздің туристік әлеуеті өте жоғары екенін айтқан еді. Соның айқын дәлелі – айшықты Астана.