Мәдениет • 06 Шілде, 2024

«Нағыз қазақ» нақыштары

129 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Шілденің бірінші жексенбісіне қойылған Ұлттық домбыра күніне орай Батыс Қазақстан облысында 72 іс-шара өтеді. Бұл туралы облыстық мәдениет басқармасының басшысы Қуанышбек Мұқанғалиев хабарлады.

«Нағыз қазақ» нақыштары

Батысқазақстандықтар Құр­ма­н­ғазы, Дәу­лет­ке­рей, Дина, Мә­мен, Сейтек, Қали, Оқап, тағы басқа әйгілі домбырашы жерлестерін мақ­тан етеді. 2018 жылдан бері ата­лып келе жатқан Ұлт­тық дом­­быра күні өңірде жал­пы­ха­лық­­тық мерекеге айналатыны сон­дықтан.

– Биыл мерекелік шара Орал шаһарында 7 шілде күні таңертең Исатай-Махамбет батырлардың, Құрманғазы Сағырбайұлы мен Дина Нұр­пейісованың ескерткішіне гүл шоғын қоюдан басталады. Бұдан бөлек облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Домбыра – ұлттық рух» атты экспозиция, Атамекен өнер ордасында «Терме – рухтың азығы, домбыра – ұлттың қазы­ғы» атты үлкен іс-шара өтеді. Кешкі сағат 20.00-де Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығының жазғы амфитеатрында облыстық халық шығармашылығы орталығы мен «Ақжайық» телеарнасының бірлескен «Інжу-маржан» теле­жо­басының гала-концерті болады. Бұл концертте Дәулеткерей атын­дағы қазақ халық аспаптары оркестрі және 40-қа жуық әнші, жыршы-термеші, күйшілер өнер көрсетеді, – дейді Қуанышбек Мұқанғалиев.

Ақжайық өңірінде дом­бы­раның салтанат құрған шағы бір бұл емес. 2018 жылы күй атасы Құрманғазының мерейтойына ар­налған «Нағыз қазақ – домбыра» кең ау­қым­ды акциясы кезінде 1 700 домбырашы бір мезетте Құрманғазы бабаның «Адай», «Бал­бы­рауын» күйлерін орындаған болатын.

Ал күй өнерінде өзіндік өнер мек­тебін қалыптастырған саңлақтардың мерейтойлық шаралары жүйелі түрде өтіп жүр. Мысалы, Жаңақала ауданында күйші-домбырашы Мәмен Ерғалиұлы мен Қазақстанның халық әртісі Қали Жантілеуовтің есімін ұлықтауға арналған «Қали, Мәмен – күмбір күй» домбырашылар байқауы, 2020 жылы Орал қаласында күйші-композитор Дәулеткерей Шығай­ұлының 200 жылдығына, күй өнерінің аса көрнекті орындаушысы Науша Бөкей­­хановтың 150 жылдық мерей­тойына арналған «Күмбірлеген күміс күй» республикалық домбырашылар байқауы, 2022 жылы Жаңақала ауданында «Қос домбыра» облыстық домбырашылар бай­қауы, Қазақстанның халық әртісі Қали Жантілеуовтің есімін ұлықтауға арнал­ған «Дүлдүл домбыра» республикалық домбырашылар байқауы және Тұңғыш Президент алаңында Батыс Қазақстан өңірінің 200 домбырашысының күй шеруі өтті. «Осындай өнегелі істер болашақта да жалғаса береді» дейді басқарма басшысы.

2022 жылы «Aqjaiyq» телеарнасының қолдауымен «Фолк-арт» дәстүрлі әнші-термеші және күйшілердің облыстық тележобасының алғашқы түсірілімі ұйым­дас­тырылған болатын. Ұлттық құн­ды­лықтарды ұлықтап, болашақ ұрпақ үшін жинақтап, алтын қорға сақтау тележобасына Жайықтың 100-ге жуық дәстүрлі әнші-күйшісі қатысты. Бұл жоба 2022 жылдың қазан айына дейін «Фолк-арт» болып алғашқы түсірілімін бастаса, кейін «Інжу-маржан» тележобасына айналып, күні бүгінге дейін 42 тележоба түсірілімі көрермен назарына ұсынылған екен.

Былтыр Ұлттық домбыра күніне орай алғаш рет тарихи тұлғалар ұстаған дом­быралардың түпнұсқаға сәйкес көшір­месі жасалды. Облыс деңгейінде домбыра жасаушы қолөнер шеберлерінің өнері халық­қа кең насихатталып, «Дом­быра-дастан» фестивалі алғаш рет өтті.

Айтпақшы, өңірде домбыраға қо­йылған бірнеше ескерткіш те бар. Оның алғашқысы – 2016 жылы кәсіпкер Жандос Айта­лиевтің қолынан шыққан ­ 3 метр­лік домбыра болатын. Қара­пайым дәнекерлеуші өзінің туған жері – үш жүзден ән оздырған сал Мұхит пен әнші Ғарифолла шыққан Қаратөбеге сый етіп ұсынған сол домбыра ауылға кіреберісте көз қуантып тұр.

Ежелден «күйшілер елі» деп әспеттейтін Жаңақала ауданында «Күйшілер аллеясы» бұрын­нан бар еді. Құрманғазы, Мәмен, Дина, Қали Жантілеуов, Оқап Қабиғожин, Шамғон Қажы­ға­лиев, Тұяқберді Шәмелев бюс­тері орнатылған алаңның ортасы­на 2019 жылы домбыра мүсіні орна­тылды.

Ал 2023 жылы Ұлттық домбыра күні қарсаңында Теректі ауданына қарасты Ақсуат ауылында да ұлттық аспапқа ескерткіш ашылды. Сол кездегі ауыл әкімі Жаннұр Ахметовтің идеясын жергілікті кәсіпкер Мақсот Кенжебаев қолдап, 4 метрлік мүсін бой көтерген еді.

Әйтсе де Қадыр ақынның тілімен айтсақ, «нағыз қазақтың» шырайын кіргізген – Жалпақтал ауылының түлектері болды. Биыл мамыр айында Жалпақтал ауылының орталық алаңында орнатылған «Алтын домбыра» композициясы қандай тал­ғампаз көрерменнің де көңілінен шық­ты. Биіктігі 8 метрлік ескерткіштің тұ­ғырына таңбалы тастардың суреті са­лынған. Бұл жерде күні-түні күй ойнап тұ­ра­ды. Мүсін авторы – ауыл азаматы Сай­ран­бек Нұржанұлы алтын домбыраны қа­за­қы оюлардан құрастырып жасаған екен.

– Осы домбыраны жасауға 6 ай уақытым кетті. Барлық өлшемін шынайы домбырадан алып, масштабын үлкейтіп шығардым. Осы домбыраға 1 тонна 200 кило темір жұм­салды. Осы кезге дейін жасаған жо­ба­­­ларымның ішіндегі ең үлкені – осы «Алтын домбыра». Мені шабыттандырып, шеберлігімді шыңдаған да – осы қасиетті аспап! – дейді Сайранбек.

Батыс Қазақстан облысы