Жәдігер • 10 Шілде, 2024

Абдолланың домбырасы

525 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақтың ұлттық аспабы домбыраны қадірлемейтін қандас кемде-кем. Десек те, әр күйшінің, әр әншінің тұмарындай аялайтын домбырасы бар.

Абдолланың домбырасы

Ұлттық домбыра күні қар­са­ңында Индер ауданының орталығы Индербор кентінде ерекше іс-шара өтті. Осындағы орталық саябаққа домбыра монументі қойылды. Аудан әкімі Дарын Шамұратовтың ай­туынша, алтын түстес металдан құйыл­ған монументтің жалпы биіктігі – 7,5 метр. Бір ерекшелігі, домбыра мо­ну­менті түнгі мезгілде де жарқырап тұрады.

«Домбыра – сан ғасырдан бері ұлт­тың рухын биіктеткен, талай ұр­пақтың бесігін тербеп, ерлік пен елдіктің, адалдық пен адамдықтың күйін шерткен ұлттық аспабымыз. Қазақ­тың дом­бырасы арқылы ұлттық мә­де­ние­тімізді қалыптастырған ақын-жы­рау­лар, күйші-домбырашылар аз емес. Домбыра монументін Атырау топы­рағынан нәр алып, күйшілік, саз­герлік дәстүрді жалғастырған Қазақ КСР-іне еңбек сіңірген мәдениет қыз­меткері Абдолла Мұсағалиевтің есімі­мен атау­ды жөн көрдік», дейді Дарын Ша­мұратов.

Әкімнің айтуынша, домбыра мону­ментін ашу идеясының астарында екі мақсат бар. Біріншісі – жас ұрпаққа ұлттық құндылықты насихаттау. Ал екіншісі – күйшілік өнерді кейінгі буынға жеткізген Абдолла Мұсағалиев секілді өнер саңлақтарының ел жадында сақталуына ықпал ету.

«Абдолла домбырасы» монументіне жергілікті өнерпаздар Әділ Есқа­лиев, Мажан Есқазиев, Мәулет Қара­саев, Тұрғанәлі Үсенғалиев, Қуанышқали Қара­құлов, Үнзира Өмірбаева, Қанапия Махметованың есімі де қа­шалып жазылған. Өйткені олардың бәрі 1958 жылы Қазақстан әдебиеті мен өнерінің Мәскеудегі онкүндігіне Индер ауданынан қатысқан.

Домбыра монументі «ARSM» ЖШС-ның негізін қалаған жергілікті кәсіп­кер Ж.Шәріповтің демеушілігімен орнатылған. Кәсіпкер игілікті іске 6 миллион теңге қаражат бөліпті.

Атырау облысы