Аймақтар • 11 Шілде, 2024

Бағдарлау лагерінің бәсі жоғары

107 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Биылғы Абай облысы білім басқармасының бастамасымен Семей қаласының төрт бірдей оқу орнында оқушыларға арналған кәсіптік бағдарлау лагері жұмысын бастады. Оның төртеуі колледж­дер базасында және біреуі университетте орналасқан. Кәсіптік бағдарлау лагерьлері балаларға қызықты демалыс қана емес, әртүрлі салада өз­дерінің кәсіби дағдыларын дамытып, қызығу­шылықтарын жетілдіруге жол ашады. Келешекте де өз мамандықтарын таңдауға бірегей мүмкіндік беретін лагерьлерге биылғы маусымда 400-ге жуық баланы қамту жоспарланып отыр.

Бағдарлау лагерінің бәсі жоғары

Мәселен, Семей қа­ласындағы Гео­логиялық барлау колледжінің базасындағы «Жас геолог» кәсіптік бағдар бе­ру лагерінде геология ғылы­мын жіті тануға баса назар аударылған. Әсіресе балаларды геология саласына тарту мақ­сатында арнайы ғылыми зерттеу­лер мен туристік маршруттар ұйымдастырылады. Сондықтан оқушылар бұл лагерьге оқу жылының екінші семестрінен қабылданған. Кәсіптік бағдарлау лагері үш кезеңді қамтиды. Ізденістердің нәтижесіне сәйкес 15 оқушы Щучинск қала­сында өтетін геология саласы бойынша республикалық жа­рысқа қатысып, бақтарын сынауға үмітті. Бұған қоса, лагерь бағдарламасы аясында мине­ра­логиялық мұражайға саяхат жасау, тау жыныстарының, минералдар мен қазбалардың үлгілерімен таныстыратын кәсіби шеберлік сыныптарына қатысу, спорттық және шығармашылық алаңдарда конкурстар, викториналар өткізу, тәжірибелі оқытушылардың кәсіби психо­логиялық-педагогикалық бас­қосуына белсене араласу да қарастырылған.

Абай облысы білім басқар­масы баспасөз қызметінің де­регінше, Семей қаласындағы Электротехникалық колледж базасында да «ІТ-лагерь» кәсіптік бағдар беру жазғы лагері бар. Оқушыларды жұ­мысшы маман­дық­­тарына және өн­ді­рістік үдеріске араластыруды көз­­­деген лагерьдің ерек­шелігі мол. Мұнда хакатондар мен «StartUP» байқауларына және IT-бағыттағы жарыстарға қа­тысу үшін оқушыларды дайындау мақсаты қойылған. Бейіндік лагерьде балалар ро­боттех­ника мен дрондарды бас­қару негіздерін үйренеді. Мұнда 8 жастан 14 жасқа дейінгі 10 бала роботтехниканың қыр-сырын мең­геріп, роботты жасау мен оны басқару бағдарламасына дейінгі кезеңдерді игеруге машықтанады. Сонымен бірге дрондармен жұмыс істеу, құрастыру, бағдарламалау және басқару сияқты сабақтарды оқиды. Практикалық сабақтарда оқушылардың қауіпсіздігі басты назарда болғандықтан, оқу-жаттығулар арнайы белгіленген жерлерде өтеді.

Оқушылардың осындай танымдық байлығын дамы­татын жазғы демалыс ла­герьлерінің бірі Бизнес және сервис кол­леджінде орналасқан. 8 жас­тан 14 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерді қамтитын «Profi Camp» лагерінде белсенді демалыспен бір­ге сауықтыру және ерте бас­тан кәсіптік тех­ни­­­калық білімге ба­ғыт­тау ұсынылған. Бағ­дарламадағы «Жас аспаз», «Тәтті өмір», «Өз-өзіне стилист», «Сән және дизайн ханшайымы», «Біз туристпіз» деп аталатын бес не­гізгі бағыт балалардың интеллек­туалды білімін нығайтып, шығармашылық әлеуетін ашуға мол мүмкіндік береді.

Бағдарламасында кондитерлік, аспаздық, тігіншілік, дизайн, шаштараз мамандықтары жайын­да кәсіби шеберлік сабақтары өткізіліп, жылдам дайындалатын тағамдарды әзірлеу, голливудтық әдіспен шаш бұйралау сияқты әдіс-тәсілдер таныстырылады. Спорттық және шығармашылық алаңдардағы квесттер, бай­қаулар, түрлі ойын мен викторина, күнделікті саяхаттар мен танымдық жорықтар қамтылған «Profi Camp» жазғы демалыс лагерінде үш маусым бойы оқу­шыларға үш мезгіл тамақпен қамтамасыз етіледі.

«Кәсіптік бағдарлау лагерь­лерін ұйымдастыру мектеп оқушыларының кәсіби дағ­дыларын қалыптастыруға және оларды әртүрлі саладағы болашақ мамандықтарға даярлауға ба­ғытталған. Ұйым­дастырылған ла­герьлердің бағ­дарламалары ба­лаларға прак­тикалық білім мен тәжірибе алуға көмектеседі. Бұл олардың кәсіби жағынан қалыптасуға маңызды қадам болады», дейді Абай облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Айжан Құрманова.

Кәсіптік бағдарлау лагері арнайы оқу орындарынан бөлек, Семей қаласындағы Шә­кәрім атындағы университетте де ұйым­дастырылды. Жара­ты­лыстану-ма­тематикалық және қоғамдық-гуманитарлық ба­ғыт­тағы пәндер бойынша мектеп оқушыларына арналған «jas akademik-2024» жаз­ғы оқу-жаттығу жиынында мектеп оқушылары аталған пән­дер бойынша теориялық білім­дерін тереңдетті. Оқушылар тәжі­рибелік дағдыларын дамытып, ғылыми зерттеу жұмыстарын жүр­гізумен бірге әртүрлі дең­гейдегі олимпиадаларға баруға қол жеткізді. Жаратылыстану және математика бағытын таң­даған 33 оқушы ғылыми жоба жазу талаптарымен танысудан бө­лек, оқу орнының ғылыми зерттеу орталықтарында зерт­ханалық жұмыстар жүргізді. Университеттің киім тігу, жиһаз жасау шеберханасына, арготехнопаркке экскурсия жасады.

Жоғарыда аталған кәсіптік бағдарлау лагерьлері оқу­шы­лардың демалыс уақыттарын тиім­ді өткізуге мүмкіндік беріп қана қоймай, сонымен бірге олардың болашақ мамандықтарын таң­дауына септігін тигізері анық. «Жас геолог», «ІТ-лагерь», «Profi Camp» лагерьлері балалар мен жас­өспірімдердің өзара тіл табысуына, жаңа достар табуына, яғни балаларды жан-жақты дамы­туға жол ашатынын айтпаса да түсінікті.

Келесі жылы да балалардың қызығушылығы мен мүдделеріне сай жұмыс істеуді қолға алатын кәсіптік бағдарлау лагерьлерінің жұмысы одан әрі жанданып, Абай облысы білім басқармасының бас­тамасымен жазғы лагерьлерге қатысатын оқушылардың саны одан әрі көбейеді дейді ұйым­дастырушылар.

Абай облысы