Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Көрмеге өткен ғасырдың көрнекті ғимараттары, алғашқы сауда үйлері және көне қала көшелерінің суреттері қойылды. Ақмола даласының ХІХ ғасырдағы бедерлі бейнесінен бастап бүгінгі Астананың көрікті көріністері таныстырылды.
Алғашқы болып сөз алған филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов Астананың арғы тарихынан баян етті. «Қан жусандай егілген қадым заманнан бастап бұл өлкенің тарих сахнасында маңызы ерекше болды. Бергі дәуір бейнесінде оның саяси рөлі тіпті айқындала түсті. Қазақтың соңғы ханы Кенесарының кескілескен шайқасы мен Жұмабек Тәшеновтің арпалысқан айқасы – Алаш баласы үшін Ақмола өлкесінің құндылығын біржола дәлелдеп берген оқиғалар. Абыздардың арманы, бабалардың аманаты болып жеткен Астана – бұл күнде мемлекетіміздің жүрегі», деді ғалым.
Иә, уақытында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Елорданың жылнамасы тәуелсіз Қазақстанның шежіресімен тығыз астасып жатыр. Шын мәнінде, астананы көшіру геосаяси тұрғыдан өте дұрыс қадам болды. Бұл – халқымыздың болашақ тағдырын айқындаған аса маңызды және дер кезінде қабылданған тарихи шешім», деген болатын.
«Астананың бір ерекшелігі, тоғыз жолдың торабында тұрған қала. Патша өкіметі кезінде де солай еді. Кіре тартушылар Ақмола арқылы өтетін. Яғни әуел бастан Астана қаласы маңызды орталық болды, заман ағымына сай қалыптаса бастады. 1994 жылдың 6 шілдедегі Жоғарғы Кеңестің отырысы – Қазақ елінің тарихында үлкен орын алатын оқиға. Астананы көшіруге қатысты көп қарсылық болды. Ақыры пікірталастан кейін тарихи қаулы қабылданды. Соның жемісін көріп отырмыз. Елордамыз күннен-күнге өсіп, өніп, өркендеуде», деді Астана қаласы Мемлекеттік архивінің директоры Жангелді Бимолдин.
Іс-шара барысында ұлттық архив директоры Сағила Нұрланова архивтік құжаттары сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізудің маңызын атап өтті. «Өткенін білмеген ел ертеңіне сеніммен қарай алмайды. Бүгінгі құжат – ертеңгі тарих. Архивтік құжаттар – тарихымыздың сарқылмас қоры. Сондықтан мұрағатқа мұқият қарау – келесі буынның алдындағы басты парызымыз», деді С. Нұрланова.
Құттықтау сөздерден кейін көрме тұсауы кесіліп, көпшіліктің назарына ұсынылды.