Мәдениет • 11 Шілде, 2024

Кітап – ұлттық құндылық

214 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Адамзаттың аса бағалы құндылықтарының бірі – кітап. Бұған мемлекет мән беріп, қоғам тарапынан баса назар аударылып келе жатқаны – құптар­лық жайт. Өйткені осынау құндылығымыздың өзегінде халқы­мыз­дың бар болмысы, жаны, арман-тілегі, мәдениеті, салт-дәс­түрі, тарихы жатыр. Олай болса, әдебиетіміздің жауһар­лары, адамзаттың ақыл-ойы қат­талған ұлттық кітаптары­мызға жоғары талғаммен қарау, оны өз деңгейінде тұтыну, ұрпағы­мызға қолжетімді әрі замануи әдістермен ұсына білу маңызды.

Кітап – ұлттық құндылық

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Кез келген пайдалы еңбек бара-бара біреуден біреу алып ұлттық кітапқа айналатынын ежіктеп айтып жатпаймыз. Сон­дықтан Қазақстан Үкіметінің қаулысына сәйкес елімізде жаңа мереке – Ұлттық кітап күні жыл сайын 23 сәуірде аталып өтілетіні игі бастама ғана емес, болашаққа бірегей қадам. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында көтерген мәселе көп кешік­пей қоғам тарапынан қолдау тауып отыр. Мемлекет басшысы кітап оқудың жоғары мәдениетін қалыптастыруды тапсырған болатын. Бірегей бастаманы қоғам жылы қабылдағаны білім мен ғылымға бетбұрыс барын білдірсе керек. Түсіне білгенге, халықты әдебиет әлеміне мо­йын бұруға, кітап көкжиегіне көз жіберуіне үндеу, үгіттеу амалы немесе ишарасы десек болады.

Аталған жоба бұған дейін Туризм және спорт министрлігі­нің бастамасымен Ашық НҚА сайтында жарияланған. «Жоба қоғамда кітап оқудың жоғары мәдениетін қалыптастыру мақ­сатында 23 сәуір – Ұлттық кітап күні мерекесін мерекелік күндер тізіміне енгізу мақсатында әзір­ленген» делінген қаулы жобасында. 22 мамырға дейін қоғам талқысына ұсынылған қаулы 2024 жылғы 16 шілдеде күші­не енетінін атап өткен жөн.

Мемлекет басшысының Ұлт­тық кітап күнін белгілеу туралы тапсырмасына байланысты елі­міз­де күнтізбеге жаңа мереке қо­­­сылғанына кеше Мәдениет жә­не­ ақпарат министрі Аида Балаева жеке парақшасында үн қосты.

«Президент өз сөзінде: «Шын мәнінде, озық ойлы ұлт бо­лу­дың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәде­­ниетін қоғамда барынша орнық­тыруымыз керек», деп атап өтті. Қоғамда кітап оқу мәде­ниетін қалыптастыру бойынша министрлік тарапынан жүйелі жұмыстар жалғаса береді. Осы орайда Мәдениет және ақпарат министрлігі Ұлттық кітап күніне орай үздік кітаптарға арналған «Ұлттық кітап» байқауын жариялады. Байқауда «Балаларға арналған үздік кітап», «Жасөс­пірімдерге арналған үздік комикс кітабы», «Нон фикшн (пси­хологиялық, мотивациялық, бизнес) бағытындағы үздік кітап», «Детектив жанрындағы үздік кітап», «Сатира жанрындағы үздік кітап», «Үздік илюстрациялық кітап», «Үздік аударма кітабы», «Ең көп оқылған кітап», «Фэн­тези жанрындағы үздік кітап», «Үздік баспа» аталымдары бо­йынша жеңімпаздар анықтала­ды. Сондай-ақ «Жыл кітабына» ­гран-при сыйлығы табысталады. Бұл байқау үздік кітаптарды анық­тап, оны көпшілікке на­си­хаттау­ға, қоғамды кітап оқуға үндеуге ықпал етеді деген ойдамыз», деді А.Балаева.

Шын мәнінде, қоғамымыз­дың рухани-мәдени тұрғыдағы сұранысына лайықты жауап беру ісінде ұлт әдебиетінің бай қорына жүгіну талас тудырмауы керек. Осы бағыттағы жұмыс­тарға мемлекет тарапынан оң қабақ таныту үрдісі байқалған екен, оны өз деңгейінде орындау­да жайбарақаттық, нем­құрайдылық орын алмауға тиіс. Бұл дегеніміз өзіміздің құнарлы да бай әдебиетімізді тиімді пайдалана білуге шақы­рады.

«Әлем бойынша кітапқа байланысты халықаралық жобалар көп. «Бір ел – бір кітап», дүние­жүзілік Кітап және ав­тор­­­лық құқық күні, Балалар кі­табы күні дегендей. Бұл күн­нің ерек­шелігі – Ұлттық кітап күні. Тамырымызға оралумен сипат­талады. Ана тіліміздегі ұлт­тық таныммен суарылған кітап­тардың насихатталуына, ол шы­ғарма авторларының бе­де­лі артуына үлкен қозғау сала­тын атаулы дата десе болады. Екін­шіден, мемлекеттің әр­тарапты дамуының өзі оның рухани көрсеткішіне байланысты. Қоғам рухани тұр­ғыдан жетілген сайын басқа салалар да алға басады. Сондықтан Президент бұл тапсырманы мемлекет дамуының стратегиясы қаралатын Ұлттық құрылтайда ортаға тастауы тегін емес. Мұндай жиындарда кітап, кітапхана, балалар әдебиеті, авторларға маңыз беріп, арнайы күн белгіленуі – барлығы­мыз мән беретін уақыт келді деген сөз. Қазір кітапханада оқу мәдениетін қалыптастырудың жас ерекшеліктеріне байланыс­ты жаңа форматтарды қолға алып жатырмыз. Соңғы кезде кітапхана ішінде ғана емес, кез келген жерде кітап оқуға мүмкіндік тудыруды көздеп, «Air Astana» әуе компаниясымен бір жоба­ны қолға алып, бітіруге аз қалдық. Борттағы медиақұрылғылар­ға ұлттық әдебиетіміздің жау­һар­ларын аудиокітап ретінде жүктеп шығамыз. Бұдан да басқа жобалар бар», дейді Ұлт­тық академиялық кітапхана­­ның директоры Ғазиза Құдай­бергенқызы.

Осындай жобалар – түсіне білгенге олқылықтардың орнын толтыруға жасалған оң қадамдар. Ал біз сөз етіп отырған Ұлттық кітап күні атты мереке оң қадамдарға бетбұрыс қана емес, жандандырушы, байыпты бастама деп танығымыз келеді. Ендеше, Ұлттық кітап күнін халқымыздың айтулы күндерінің біріне айналдыру өз қолымызда, ағайын. Осынау күн шын мәнінде ұлтымыздың ұлы мерекесіне айналып жатса, бұл біздің ұтқанымызды, халық ретінде өркениет төріне шыққанымызды білдіреді. Өз әдебиетіміздің алтын қорындағы тамаша шығармалардан халқы­мыз рухани нәр алса, қазақтың келешегі кемел болатынын ұғына білейік.