Әскер • 11 Шілде, 2024

Ақ жол, жас офицерлер!

129 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Армандаған оқуына түсіп, қолға диплом алу – әрбір жастың өмірдегі басты мақсаты, үкілеген үміті. Таяу күндері ҰҚК Шекара академиясының бітіруші түлектері осындай шаттыққа кенеліп, жүздері бал-бұл жайнады.

Ақ жол, жас офицерлер!

Аталған оқу орнын 200-дей жас бітірсе, оның ішінде 20-ға жуығы – халықаралық келісімшарт бо­йынша білім алған тәжік елінің азаматтары. Ғасырға жуық тарихы бар білім ордасын 10 курсант үздік дипломмен аяқтады. Сонымен қатар шекарашы курсанттармен бірге 20-дан аса магистрант оқуларын ойдағыдай тәмамдады.

Жас офицерлерді шығарып салу рәсімі Шекара академия­сы курсанттарының қызығы мен қиындығы қатар жүретін әскери өмірі туралы сахналық қойылымнан басталды. Өз елінің патриоты болу, Отанға қызмет ету – әр азаматтың борышы. Азаматтық міндетін адал орындап, әскери өмірдің қиын да қызық жолына төзе білген әрбір курсант елінің нағыз қорғаны шекарашы офицерге айналады.

Көпті тебіренткен қойы­лым­нан кейін жас қыз-жігіттердің вальс биімен жалғасып, курсанттар Н.Алдажұман, Д.Ысқақ, Д.Дәнебекұлы «Шекара академиясы» әнін нақышына келтіре орындады. Іс-шара барысында Қаңтар оқиғасында қаза тапқан 3-оқу дивизионның курсанттары Дәулет Жұпарбеков, Жайық Әділхан, Бітім Мейірханға және Шекара академиясының ер­лік­пен қаза тапқан әскери қыз­мет­шілеріне құрмет көрсетілді.

Тағылымды кештің ресми бө­лігінде Шекара академиясы бастығының орынбасары, ұлт­тық қауіпсіздік полковнигі Ж.Қа­рашекенов ҰҚК төраға­сы­ның және Тәжікстан Респуб­ликасы Ұлттық қауіпсіздік ко­ми­теті төрағасының Шекара ака­демиясының түлектеріне ал­ғашқы «лейтенант» әскери шенін тағайындау туралы бұйрықтарын оқыды. Содан кейін Шекара академиясының басшысы, генерал-майор П.Поливанов, салтанатты рәсімге келген құрметті қонақтар мен осы салаға саналы ғұмырын арнаған шекарашы офицерлер бітіруші түлектерге дипломдарын салтанатты түрде тапсырды.

Салтанатты рәсім аяқталған соң іс-шараға арнайы қатысқан Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Марат Қалқабаев бітіруші түлектерді алғашқы «лейтенант» шенін алуы­мен құттықтап, 200 курсант «Ура!» ұранымен көк аспан астын құлақ тұндыра жаңғырт­ты. Бұл олардың оқуларын аман-есен аяқтағанын білдіретін жү­рек­жарды қуанышы болатын. Содан кейін сапта тұрған курсанттар әскери оркестрдің сүйемелдеуімен еліміздің Мем­лекеттік Әнұранын нақышына келтіре орындады.

Салтанатты іс-шарада Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары – Шекара қызметінің директоры, генерал-майор Ерлан Алдажұманов үлкен өмірге қанат қаққан жас офицерлерді айтулы кезеңмен құттықтады.

«Төрт жыл бойы білім нәрі­мен сусындап, бүгінде нағыз ер азаматтарға ғана тән мамандық­ты игеріп, өз ісінің кәсіби маманы атандыңыздар. Сіздерге жарқын болашақ және ақ жол тілеймін! Шекара академиясында алған білімдеріңіз еліміздің мемлекеттік шекарасын қырағы күзетуге арналмақ. Сіздер жауынгерлік дәстүрді жалғастырып, шекара күзету жауапкершілігін ала отырып, Шекара қызметінің қатарына қосылғалы отырсыздар. Сондық­тан әрқашанда еліміздің қай аймағында болсаңыздар да, өзде­ріңізге жүктелген жауапты мін­детті абыройлы атқара біліңіздер! Офицер атағына кір келтірмеңіздар», деді ол.

Іс-шара барысында ата-аналар атынан сөз алған А.Чага­нова курсанттарға сапалы білім мен тағылымды тәрбие берген әскери ұжымға алғысын біл­ді­ріп, жүрекжарды жылы лебі­зін жеткізді. Ал бітіруші түлек­тердің атынан сөйлеген лейтенант Дінмұхаммед Дәнебекұлы: «Осы оқу орнына елдің түкпір-түкпірінен жиналдық. Шекара қызметінің қыр-сырына қанығып, жаңа достар таптық. Бір-бірімізді қолдап, қиын сәттерде бір жаға­дан бас, бір жеңнен қол шығара білдік. Шекара академиясының құнды тәжірибесі болашақта қызметімізге тірек болмақ. Бізге білім беріп, өздерінің өмірлік бай тәжірибелерін бөліскен ұстаздар қауымына рахмет айтамыз», деп ізгі тілегін арнады.

Жиын соңында Шекара ака­демиясының Жауынгерлік туын алып шыққан ту ұстаушы топты шығарып салған курсанттар аспанға тиыннан шашу шашты. Құрметті қонақтар мен ата-аналар алдынан салтанатты шеруді Шекара академиясы басшысының бірінші орынбасары, полковник А.Исмаилов, полковник К.Мұхамеджанов, майор Д.Асенов, полковник З.Амбарцумян, полковник Е.Шаповалов, полковник М.Байсалбаев, полковник А.Ерғалиева, подполковник К.Бердіқұлов, полковник А.Нұрлан, подполковник Д.Нұрғалиев, аға лейтенант Д.Мұқатаев бастап шығып, Шекара академиясының оркестр қызметкері, подполковник Руслан Валеев аяқтады.