Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»
5 жылда – 3,3 трлн теңге
2019–2023 жылдар аралығында ұлттық экономикаға бағытталған тікелей шетелдік инвестиция 117 млрд долларға жеткен. Ал Павлодар облысы былтыр орнықты дамып келе жатқан өңірлер қатарында қала беретінін байқатып, кейінгі 5 жылда негізгі капиталға шамамен 3,3 трлн теңге инвестиция тартты.
Облыс экономикасының инвестиция көлемі 31%-ға ұлғайды (2019 жылы – 494,6 млрд теңге, 2020 жылы – 487,2 млрд теңге, 2021 жылы – 571,9 млрд теңге, 2022 жылы – 742,8 млрд теңге, 2023 жылы – 964,8 млрд теңге). Биыл өңір шамамен 1 трлн теңгеге жуық инвестиция тартады деген болжам жасалып отыр. Қазірдің өзінде негізгі капиталға салынған салым көлемі 247 млрд теңгеге таяды. Өткен жылдың қорытындысында өңдеу секторының көлемі бойынша еліміздегі үздік төрттікке еніп, жалпы құны 3,1 трлн теңгенің тауары өндірілді. Бұған қоса облыс көлік саласында бірнеше жыл қатарынан көшбасшы атанып келеді. Нақтырақ айтқанда, тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз етуге, сондай-ақ халықтың сапалы өмір сүру деңгейін қолдауға бағытталған барлық міндеттеме орындалып жатыр.
Сарапшылардың сөзіне сүйенсек, инвестициялардың еселенуіне еліміздің 83 елмен визасыз режім орнатуы үлкен сеп болып отыр. Бұл ерекшелік бизнесті жүргізуді айтарлықтай жеңілдетіп, еш кедергісіз дамуға және өзге компаниялармен тәжірибе алмасуға ықпал етті. 2022 жылы елімізде жүзеге асып жатқан инвестициялық жобалардың жалпыұлттық пулы құрылғаны белгілі. Қазір пулда 704 жоба бар, олардың жалпы құны – 32,08 трлн теңге. Бұл жобалар толық іске қосылғанда 122,5 мыңнан астам жұмыс орны құрылады. Ал 136 жоба (15,44 трлн теңгеге) шетелдік инвесторлардың қатысуымен жүзеге аспақ.
Өндірістік әлеует арта түсті
Өңірлік Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Сағыныш Нүркімбаевтың айтуынша, облыста өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы белсенді дамып келеді. Өңір республикада өнеркәсіп өнімін өндіру көлемі бойынша төртінші (3,09 трлн теңге), өңдеу өнеркәсібі бойынша үшінші орында (1,9 трлн теңге), бұл елдің шикізаттық емес экспорты үлесінің 11,5%-ын қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп отыр.
«Аймақта еліміздегі электр энергиясының үштен бірі, алюминийдің 100%-ы, көмірдің 60%-ы, ферроқорытпаның 56%-ы, отын түрлерінің 32%-ы өндіріледі. 2019 жылдан бері Индустрияландыру картасы аясында өңірде жалпы сомасы 93,1 млрд теңгеге 20-дан аса жоба іске асырылды. 690 тұрақты жұмыс орны құрылды. Жобалардың іске асырылуы бұрын шығарылмаған, оның ішінде экспортқа бағдарланған 70-ке жуық жаңа өнім түрін өндіруді ұйымдастыруға мүмкіндік берді», дейді.
Тікелей инвестиция тарту нәтижесінде Екібастұздағы «Проммашкомплект» ЖШС-ның өндірістік қуаты жылына 210 мыңнан 300 мың дөңгелекке дейін ұлғайды. Кеңейту құны – 8,5 млрд теңге. Кәсіпорынның посткеңестік кеңістікте баламасы жоқ. Кешеннің ең жаңа технологиясы мен жетілдірілген роботтандырылған технологиялық жабдықтары ең жоғары өндірістік нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Зауыт – қазіргі уақытта теміржолға арналған тұтас дөңгелектер шығаратын жалғыз отандық кәсіпорын.
Бұдан бөлек, Павлодар қаласында метил-трет-бутил эфирі мен полипропилен өндіретін «Компания Нефтехим LTD» ЖШС зауыты бар. Ол республикада алғашқы болып импортты алмастыру үшін эпоксидті қосылыс өндірісін іске қосты. Өндіріс қуаты – жылына 10 000 тонна өнім. Ал «Стекломир» ЖШС 3 млрд теңгеге жаңа триплекс шыны (қосарлана желімделген әйнек түрі) цехын ашты. Тәулігіне шамамен
1 200–1 500 шаршы метр триплекс шынысын шығаратын зауыттың қуаты елімізде ең жоғары саналады. Анықтама үшін айтып өтейік, бұл компанияның елде барлығы 9, ал шетелде 2 филиалы бар. Сондай-ақ компанияда ел нарығындағы жалпы үлестің шамамен 50%-ын қамтитын 5 зауыт орналасқан. Ең ірісі – Павлодардағы өндіріс орны.
Соңғысы «Қазмұнайхим» ЖШС 2,5 млрд теңгеге реагент, қоспа және басқа да аз тоннажды химия өндірісін іске қосты. Кәсіпорын жылына 30 000 тонна өнім береді. «Қазмұнайхим» Татарстаннан келген «Миррико» компаниялар тобымен ынтымақтасады. Ресейдің мұнай-химиктері біздегі алғашқы жаңа кәсіпорынның технологиясы мен өнімдерінен зор келешек байқап отырғандарын айтады.
Салық түсімі көбейді
Кәсіпкерлікті қолдаудың кешенді бағдарламасын іске асыруда («Бизнестің жол картасы» және «Қарапайым заттар экономикасы» біріктірілгені мәлім) отандық экономикада бірқатар тиімділікті байқатты. 2019–2023 жылдар аралығында бизнестің 142,1 мың жобасына Үкімет субсидия бөліп, кепілдік берді. Осы уақыт ішінде 87 мыңнан аса жоба иесі 4,9 трлн теңге несие қарызын алса, мемлекет кәсіпкерлік субъектілері үшін жалпы сомасы 668 млрд теңге болатын кепілдік сомасын төлеген. 2018–2022 жылдар кезеңінде қаржылай қолдаудың әлеуметтік-экономикалық тиімділігі айқын байқалды. Атап айтқанда, кәсіпкерлер бюджетке 3,3 трлн теңге салық төлеп, 54,1 трлн теңгенің өнімін шығарды. Еңбек нарығында қосымша 341,2 мың жұмыс орны пайда болды. Шағын және орта бизнестің ішкі жалпы өнімдегі үлесі 5 жыл ішінде 28,4%-дан 36,5%-ға ұлғайды. Ал кәсіпкерліктерде жұмыс істейтін тұрғын саны шамамен 30,3% өсіп, 4,3 млн адамға жетті.
«Даму» қорының ақпараты бойынша «Бизнестің жол картасы» (2010–2022) және «Қарапайым заттар экономикасы» (2019–2022) бағдарламасын іске асыру кезеңінде Павлодар облысындағы салық түсімдерінің көлемі 275,3 млрд теңгені құрап, 13,7 мың жұмыс орны құрылған.
42 мың тұрақты жұмыс орны сақталып қалды. Өнім шығару 4 трлн 940,7 млрд теңгеге жетті. Өңірдің ішкі жалпы өніміндегі шағын және орта бизнес үлесі кейінгі 5 жылда 0,8%-ға өсті. Дей тұрғанмен, орта кәсіпкерліктің үлесі 5 жылда 0,4% төмендеген. Мамандар мұны пандемия кезіндегі карантин шараларының әсерімен байланыстырады. Облыстың ІЖӨ-дегі бақыланбайтын экономиканың үлесі 20,04% түрінде сақталып отыр. Осыған қарамастан кейінгі жылдары шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 20%-ға көбейіп, бүгінде 55 537-ге жетті.
Инвесторға қолайлы шарт
Отандық экономикадағы сырттан келетін инвестициялық ахуалды одан әрі талдай түссек, жыл сайын шетелдік инвесторлардың қатысуымен елімізде кемі 40 жоба іске қосылатынын байқауға болады. 2019–2023 жылдары шетелдіктердің атсалысуымен жалпы сомасы 11,5 млрд доллар болатын 218 жоба бастау алған. Нәтижесінде, 27,7 мың адам екі қолға бір күрек тапты. Басым салалардағы ірі инвестициялық жобаларға сырттан қаражат тарту мақсатында (60 млн доллардан басталатын жобаларға) елімізде 2011 жылдан бері Инвестициялар туралы келісім күшіне енді. Ал 2022 жылдан бері жаңа құрал – Инвестициялық міндеттемелер туралы келісім пайда болды. Ол – отандық салық заңнамасының тұрақтылығына 10 жылға кепілдік беретін инвестициялық міндеттемелер туралы келісім түрі. Оның аясында инвесторлар ұлттық экономикамызға кемі 600 млн доллар инвестиция құюы керек. Ал келісім өз кезегінде тауар өндірушілерге қаржылық ағындарды ұзақмерзімді жоспарлауға және инвестицияның қайтарымын болжауға мүмкіндік береді. «Прокурорлық сүзгі» жүйесі де жұмыстың нәтижелі болуына оң әсерін тигізіп жатыр.
Павлодар облысы