Өндіріс • 11 Шілде, 2024

Жаңа зауыттың аяқ алысы

202 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ғимараттың шатыры мен қабырғасын жылы ұстайтын материалдар жасаумен айналысатын «Metal Former» ЖШС «Жайлы мектеп» жобасына белсенді қатысып жатыр. Зауытта ғимарат қабырғасын жылы ұстайтын бірнеше өнім жасалады. Бүгінге дейін 90 мектептің тапсырысын толық орындап, тиісті жабындыларын жіберіп үлгерген. Кәсіпорында 75 жұмысшы мен қызметкер екі ауысымнан аптасына 7 күн, тәулігіне 24 сағат толассыз жұмыс істейді.

Жаңа зауыттың аяқ алысы

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»

«Зауыт өнімінің сапасы шетелдік материалдан бір мыс­қал кем емес. Соған қарамастан отандық құрылыс компаниялары мойын бұрмай жүр» дейді серік­тестіктің өндірістік директоры Әділет Беркінбаев.

«Жарнама жағы кемшін. Соның салдарынан зауытты дұ­рыс­тап таныстырып, материал­дың сапалы және тиімді екенін насихаттай алмай жатырмыз. Елордада осындай сапалы ма­териал шығарылып жатқа­нын бәл­кім көбі білмес. Ал білген­дері­нің өзі ескі сүрлеу, үйрен­шікті соқ­пақпен дәл осы өнімді әлі күн­ге шетелден импорт­тап келе­ді. Қыркүйек айында пайда­лануға берілетін мектеп материал­дарын 20 шілдеге дейін дайындап бі­т­і­руіміз керек. Одан кейін 16 жел­­тоқсанда ашылатын оқу ошақ­тары бар, олардың тапсырысын 30 қазанға дейін әзірлеп үлгеруге тиіспіз», деді Ә.Беркінбаев.

Бірақ осыдан кейін дағда­рып қалмаймыз ба деген алаңдау­шылық бар. Өйткені кәсіпорын­ға келесі жылы салынатын мектептердің жобасы ұсынылмаған.

«Тапсырысты түгел орындап болған соң әрі қарай не істейміз? Зауыт тоқтап қалмай ма? Бізді қазір осы ой қатты мазалап жүр. Сондықтан экспортқа байланысты тараптарды келіссөзге шақырып жатырмыз. Егер алдағы күз, қыс айларында жұмыссыз тұрып қалсақ қиын тимек. Себебі үлкен несиеміз бар. Бұл зауытқа инвестицияның 80%-ын «Самұрық-Қазына» құйған. Оны қайтару үрдісін бір сәтке де іркілтуге болмайды. Осы екі мәселеге орай бізде қорқыныш болып тұр», деді.

Қалалық Инвестиция және кә­сіп­кер­лікті дамыту басқар­масының бастығы Халел Әкім­жановтың айтуынша, зауыт үлкен сертификаттаудан жақсы өт­ті. «Қазір отандық нарықта қажет материалға деген сұраныст­ың 15%-ын ғана қамтып отырғаны рас. Кәсіпорынның нарықтағы орнын кеңейтудің амалын қарастырып жатырмыз», дейді басқарма басшысы.

Кәсіпорын әр материалына 20 жылға дейін кепілдік береді. Әрі отандық құрылыс компания­ларына материалды ең төменгі бағамен ұсынатын жеңілдігі тағы бар. Мемлекеттің өзі құрылыс жұмыстарына отандық материалдар пайдаланылсын деген бастама көтеріп отыр емес пе? Ендеше, «Metal Former» өз елінде өгейдің күйін кешпеуге тиіс.