Отырысты ашқан Мәулен Әшімбаев ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ-ның Орнықты даму мақсаттары жөніндегі саммитінде орнықты даму қағидаттары Қазақстанның негізгі ұлттық стратегиялары мен бағдарламаларының өзегіне айналғанын бірнеше рет атап өткенін атап өтті. Сондықтан елімізде аталған мақсаттарға қол жеткізуге баса мән беріліп отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2023 жылы Орнықты даму саласындағы ұлттық мақсат-міндеттердің іске асырылуына мониторинг жүргізу жөніндегі Парламенттік комиссия құрылды. Акселератордың қызметі осы мақсаттарға қол жеткізуге ықпал етуді көздейді.
Акселератордың негізгі міндеті – мемлекеттік құрылымдарды, ғалымдар мен сарапшыларды және барлық мүдделі тарапты жұмылдыра отырып, орнықты даму мақсаттарына қол жеткізудің жаңа тәсілдерді әзірлеу. Іс-шара барысында сарапшылар командаларының өкілдері және олардың сенатор-кураторлары екі айда атқарылған жұмысты қорытындылады. Олар қолдағы нәтижелерге сүйене отырып, денсаулық сақтау, білім беру, экономикалық өсу, қалалардың тұрақты дамуы және басқа да салалар бойынша тәуекелдер картасы мен тұжырымдамалық ұсыныстарын ұсынды.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуге үнемі үлкен көңіл бөліп, бұл бағытты ұлттық басымдық ретінде белгіледі. Осыған байланысты Қазақстан Парламенті аталған мақсаттарға қол жеткізу жолындағы жұмысқа белсенді қатысып келеді. Бұл іске Сенаттың жобалық кеңсесі де қатысып жатыр. Біз осы бастама барысында атқарылған жұмыстың аралық қорытындыларын талқыладық. Айтарлықтай ілгерілеу бар екенін атап өткен жөн. Осы уақыт ішінде орнықты даму мақсаттарының түрлі бағыты бойынша арнайы құрылған командалар сарапшылармен және тиісті мамандармен бірлесіп, еселі еңбек етті. Бүгінгі кездесуде Жобалық кеңсе акселераторы маңызды және келешегі зор алаң екеніне көз жеткіздік», деді Сенат спикері.
Сонымен қатар іс-шара кезінде акселератордың негізгі мақсаты заңнаманы жетілдірудің әлеуетті аймақтары мен орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуге кедергі келтіретін тосқауылдарды анықтау екені айтылды. Осы бағыттағы бастамалар Парламент Сенатының алдағы қызметінде назарға алынады.