«Республикалық бюджет туралы заңмен тиісті қаржы жылға белгіленген мың еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде банктік қарыз немесе микрокредит алуға жұбайының (зайыбының) келісімі қажет болатын тұтынушылық банктік қарыздың немесе тұтынушылық микрокредиттің ең төменгі мөлшері бекітілсін», — деп жазылған қаулы жобасында.
Қазақстандықтар банктен немесе қаржы ұйымдарынан 1000 айлық есептік көрсеткіштен, яғни, 2024 жылы 3 млн 692 мың теңгеден астам шағын несие алар кезде жұбайының келісімі талап етіледі.
«Кредит беруші жеке тұлғаға кредит беру туралы шешім қабылдағаннан кейін азаматтық хал актілерінің ақпараттық жүйесі (АХАЖ) арқылы оның жұбайы туралы ақпаратты тексереді не кредиттік бюродан АХАЖ-да бар ақпаратты алады. Жұбайының келісімі АХАЖ-да клиенттің жұбайы туралы ақпарат болған кезде талап етіледі», — делінген құжатта.
Несие алушының жұбайы өз келісімін қағаз түрінде де, онлайн тәсілмен де раста алады. Келісім беру құжатында мына деректер көрініс табу керек:
- келісімнің ресімделген күні;
- клиент пен жұбайының тегі, аты, әкесінің аты және жеке сәйкестендіру нөмірі;
- рәсімделетін кредиттің сомасы, мерзімі, сыйақы мөлшерлемесінің көлемі.
Қағаз түрінде берілген келісімді нотариус арқылы куәландыру қажет.
Электронды келісім беру eGov веб-порталы биометриялық идентификаттау арқылы рәсімделеді.
Мұндай келісімді несие алушының жұбайы электрондық цифрлық қолтаңба арқылы 48 сағат ішінде куәландыруы қажет.