Фото: Сенат
Депутат Астрахан ауданындағы Старый Колутон аулында ауыл тұрғындарымен кездесіп, суға шайылып кеткен кіреберіс жолды жөндеу, дәрігерлік-амбулаториялық пункт салу мәселелерін талқылады. Тасқын кезінде ауылда 89 үй су астында қалған болатын. Комиссия мүшелері 28 үй апат жағдайында екенін белгіледі. Депутат осы мәселе бойынша барлық қажетті сметалық құжаттар бар екенін, ал жобалар қаржыландырудың басталуын күтіп отырғанын атап өтті.
«Сенаторлар өңірлерде жайлы өмірді қалыптастыру жөніндегі ауқымды да кешенді міндеттерді атқаруға жұмылып отыр. Азаматтардың бізге келіп түскен өтініштерінің көпшілігі тұрғын үй, жол, жылу, сумен жабдықтау мәселелеріне қатысты. Бұл мәселелер – маңызды және өңірді дамыту негізінің бірі. Біз жыл бойы осы мәселелер бойынша жергілікті атқарушы және өкілді органдармен, оның ішінде осы аудан әкімдігімен де тығыз жұмыс істедік», деді Т.Жүнісов.
Депутат Бұланды ауданындағы Капитоновка, Иванковка ауылдарында тасқыннан зардап шеккен азаматтарға арнап салынып жатқан үйлер құрылысымен танысты. Одан кейін Вознесенка аулындағы шаруа қожалығының алқаптарын аралады, ауылдың орта мектебінде жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарын көріп шықты. Осы білім беру мекемесінде ол аудан мұғалімдерімен кездесіп, білім саласындағы өзекті мәселелерді талқылады.
«Халықпен мұндай кездесулердің маңызы зор. Мемлекеттік қолдау ісінде қиындыққа кез болған немесе Сенаттың араласуын қажет ететін проблемаға тап болғанда өңірлердің мүддесін білдіретін Палата ретінде азаматтармен тікелей кері байланыс жасауға мүмкіндік береді», деп атап өтті сенатор.