Қоғам • 13 Шілде, 2024

Біз кімнен оздық?

18 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ол 25 жылдың шығармашылық ғұмырында 500-ге тарта туын­дыны өмірге әкелді. Қысқа ғана сықақ әңгімелері, повестері мен пьесалары халық көңіліне бірден жақты. Антон Чеховтың кейіпкерлері патшалар мен бастықтар емес, қарапайым, кей сәтте қарабайыр ғана адамдар. Олар қоғамның шындығы мен адамның сұмдығын күліп қана айта салады. Оны тіпті өзі де білмеуі мүмкін. Жазушының ерекше әсерге бөлеген сондай әңгімелерінің бірі – «Сау сайтан мен мас еркектің әңгімесі».

Бірде арақ ішіп ләйліп отырған шенеунік Лахматовтың үйіне белгісіз біреу кіріп келеді. Бақса денесінің бәрін қап-қара түк басқан, көзі деген тозақы оттың шоғындай қып-қызыл, мүйізі мен құйрығы бар кәдуілгі сайтан екен. Аз-кем таныстықтан кейін дастарқан басына отыруға рұқсат сұрайды. Лахматов әдеппен стакан ұсынады. Сөйтіп, сыра ішумен басталған кездесулері сыр ашумен жалғасып кетеді. Сондағы сайтанның айтқан сөзі:

«Бұрынғыдай жұмыс жоқ қазір. Майда-шүйде тірліктер. Сұлу бикештердің басын айналдырамыз, бозбалаларға өлең жаздырамыз дегендей...» Бұлар енді түсінікті. Жаңалықтың кө­кесі мына сөздерде ғой: «Ал саясат, әдебиет пен ғылымға біз әлдеқашан араласуды қойғанбыз. Бұл туралы түймедей түсінігіміз жоқ. Біздің арамызда тозақты тастап, адамдарға жұмысқа тұр­ғандардың қатары артып барады. Олар көпес әйелдерге үйленіп, жағдайларын жасап алған. Бар­лығының лауазымы жақсы. Адам­дарға рахмет, әйтеуір бізге пара алып үйретті. Әйтпесе бая­ғыда аштан өлуші едік».

Сайтанның сапалағының соңғы сөзі төбеңе мұздай су құйып жібергендей болады.

Саттардың емес, сайтанның шәкірті қаптады деп жүргенде, олар әлдеқашан адамнан қулық-сұмдықта артта қалып кетіпті.

«Адамның сайтанынан қо­рық» деуші еді атам қазақ...