Аймақтар • 13 Шілде, 2024

Базардағы баға үйдегі көңіл күйді бұзбауы керек

54 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында инфляцияны тежеудің жолы ретінде азық-түлік қымбатшылығын болдырмау туралы тапсырма берген болатын. Әсіресе әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағасын Үкімет тұрақты бақылап отыр. Осыған байланысты Шымкентте қала әкімдігінің қолдауымен бірнеше маңызды іс-шара жүйелі түрде атқарылып келеді.

Базардағы баға үйдегі көңіл күйді бұзбауы керек

Атап айтқанда, ша­һардағы желілік ірі сауда орындарына қарызға ақша береді. Олар оны айналым қаражаты есебінде пайдаланып, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін базар нарқынан төмен бағада саудалайды. Супермаркеттерге келген сатып алушылар бекітілген бағада сатылатын азық-түлік өнімдерін арнайы сауда қатарынан барып ала алады. Әлеуметтік маңызы айрықша тауарлар (ӘМАТ) шаһардың 70-ке жуық желілік сауда дүкендерінде сатылып жа­тыр.

Екіншіден, апта сайын мега­полистің әр аумағында азық-түлік жәрмеңкесі өтіп тұрады. Сол төңіректе тұратын азаматтар базарға бармай-ақ жәрмеңкеден керекті азық-түлігін сатып алып кетеді. Өйткені ондағы тауар­лар базар нарқынан 10-15 пайызға төмен. Қала әкімдігінің қаулысына сәйкес шаһардың 8 ау­мағында жәрмеңке ұйымдас­тыру қаралған. Ал бұл іс-ша­раны өткізу қалалық ауыл ша­руашылығы және ветеринария басқармасы, Абай, Қаратау, Тұран ауданы әкімі аппараттарына жүктелген. Сонымен бірге полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасы жол қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіптің сақ­талуын қамтамасыз етсе, са­ни­тарлық талаптардың орындалуын қадағалау санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне міндеттелген. Ал энергетика және инфра­құрылымды дамыту басқармасы жәрмеңкені электр қуатымен, қоқыс контейнерлерімен жаб­дықтап, тазалық жұмыста­рына жауапты болады. Жәр­меңке 250-ге жуық тауар өндіруші, шаруа қожалығы мен көтерме сауда қызметімен айналысатын дистрибьюторлардың қа­тысуымен өтеді. Апта сайын 180 тоннадай әлеуметтік маңызы бар, сондай-ақ күнделікті тұтынатын басқа да тауарлар саудаланады.

Сонымен қатар ұн, жұ­мырт­қа, нан, күнбағыс майы, сиыр мен тауық етін өндіретін кәсіпорындармен келісім-шарттар жасалып, сауда орындарына арзан бағамен тауарларын жеткізіп отыр. Желілік ірі сауда дүкендерінің ішінде «Magnum» мен «Gramad» бар. Сондай-ақ кәсіпорын өнімдері көпқабатты үйлердің маңындағы шағын дүкендерде де сатылады. Мәсе­лен, шаһарда сиыр етін «Қаскасу-С», «Байтерек», «Алтын төбе» шаруа қожалықтары өндіреді. Ал «Колесников» агро компаниясы көкөніс өсірсе, «Темиршиков Nan onimderi» фирмасы өзінің наубайханасында нан пісіреді. «Дос» ЖШС, «Урунбеков М.Л.», «Анарметов» кәсіпкерлік нысандары ұн өндіреді, «Қайнар құс», «Аймар құс», «КазКом Агро» серіктестіктері сауда орындарын құс өнімдерімен қам­тамасыз етеді. «Торговый дом Мейр Трейд» ЖШС қалаға күн­бағыс майы, құмшекер, күріш жеткізіп беріп тұрады.

Бағаны қадағалау, делдалдық қызметті шектеу мақсатында, құзырлы мекемелермен және құқық қорғау органдарымен арнайы комиссия құрылған. Комиссия жиыны аптасына 2 рет тұрақты түрде ұйымдастырылып отырады. Мәселен, биыл жыл басынан 35 комиссия отырысы өтті. Жиынға сауда дүкендері, базарлар мен көтерме сауда қызметімен айналысатын дистрибьюторлық желілердің өкілдері жиі шақырылады.

Сондай-ақ комиссия мү­ше­лерінің қатысуымен көш­пелі жиналыстар да өтіп тұрады. Соның нәтижесінде күн­делікті әр аудан бойынша сауда орындарындағы баға динамикасы тұрақты бақыланып отырады. Бұдан бөлек, бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу мақсатында сауда дүкендері, базарлар және тауар өндірушілерімен өзара ынтымақтастық туралы меморандумдар жасалған. Сонымен бірге бағаны қадағалау нәтижесінде 456 кәсіпкерлік субъектілердің электронды шот-фактураларына талдау жүргізілген. Қалалық ауыл шаруашылығы және вете­ринария басқармасының тарат­қан мәліметіне сәйкес «Әкім­шілік құқық бұзушылық туралы» заңнамаға сәйкес әлеу­меттік маңызы бар азық-түлік тауарларының шекті сауда үсте­месін 15%-дан асырғаны үшін 303 кәсіпкерлік субъект әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Шымкент қаласы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басқарма басшысы Арман Төлеевтің айтуынша әлеуметтік маңызды тауарлардың 19 тізбесі бекітіл­ген. Сауда барысында бұл та­уарларға қосылатын үстеме құн 15%-дан аспау қажет. Одан асырған азаматтарға заң аясында тиісті жауапкершілік қарастырылған. Әуелі ескерту беріледі, егер құқық бұзушылық қайталанса шағын кәсіпкерлік субъектілеріне 10 АЕК, орта кә­сіпкерлік нысандарына 75 АЕК, ірі компанияларға 300 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Егер заңсыз монополияға жол берілсе, қылмыстық жауап­кер­шілік жазасы күтіп тұр. Аталған баппен істі болған жағ­дайда 1000 АЕК көлемінде айып­пұл салынып, мүлкі тәркі­леніп, 6 жылға дейін бас бостан­дығынан айырылуы мүмкін.

Мегаполисте көлеңкелі эко­номикамен күрес жүргізу мақсатында 2023–2025 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары бекітілген. Оған жауапты құзырлы органның бірі – эконо­микалық тергеп-тексеру департаменті.

Ресми дерек бойынша Шым­кенттегі азық-түлік бағасы жыл басынан бері 2%-ға төмендеген. Дей тұрғанмен қымбаттаған та­уар­лар да баршылық. Олар тауық еті, картоп, сәбіз, жұмыртқа мен пияз. Ал арзандаған тауар­лардың ішінде қырыққабат, қарақұмық, күнбағыс майы, ұн, ас тұзы, сүзбе мен айран бар. Бағаның төмендеуіне қала әкімдігі тарапынан құрылған Тұрақ­тандыру қоры аясында атқарылған шаруалар оң әсерін тигізген. Оған жоғарыда айтып өткеніміздей өнімдерді нарық бағасынан төмен бағада саудалайтын жәрмеңкелер ұйым­дастыру, сондай-ақ орта­дағы алыпсатарлықты, яғни делдал­дық қызметті шектеу секіл­ді жұмыстар кіреді. Тұрақтандыру қоры Шымкентте 2019 жылы құрылған. Содан бері бағаны тұрақты ұстауға 8,7 млрд теңге қаржы жұмсалды.

ШЫМКЕНТ