22 Қаңтар, 2015

Ресейдегі қазақ батырлары

418 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін
женис-702.Қатардағы қаһармандар Ертесінде облыстық кітапханаға келіп, Ұлы Отан соғысына Омбы өңірінен аттанған қазақтарды іздеу жұмысын одан әрі жалғастырдық. Сирек қорға бұл жолғы тапсырыс берген дүниелеріміз Омбы облыстық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесі шығарған «Солдаты Победы», «Книга Памяти» жинақтары мен «Омская правда» газетінің 1941-1945 жылдардағы тігінділері болды. Мұқабасы қызыл түсті алғашқы еңбек үлкен-үлкен 7 томнан тұрады екен. Бұларға майдан даласынан аман келген Отан солдаттары өз аудандары бойынша орналас­тырылыпты. Ал түсі қара екінші жи­нақ 11 томды құрап тұр. Оған 1418 күн мен түнге созылған от кешуде опат бол­ған боздақтардың аты-жөндері тізілген. Алдымен «Солдаты Победы» көптом­дығын қолға алдық. Кітаптың құрылымы алфавиттік тізімнен, фотосуреттерден, сосын майдангерлер туралы мақалалар мен естеліктерден тұрады екен. 7 томның ішінен күні бойы отырып тапқанымыз 3200-ге жуық қазақ фамилиясы мен олардың кейбіреулері туралы жазылған 14 мақала және 28 фотосурет болды. Ал «Книга Памяти» жинағының 11 томында кілең қаза тапқан кісілердің аты-жөндері тізілген. Оны парақтап шолып көргенімізбен, қайтыс болған әке-ағаларымызды санап, есебін шығаруға жүрегіміз дауаламады. Омская правда Алғашқы кітапты асықпай қарап отыр­мыз. Олардағы майданнан тірі орал­ған ағаларымыздың тізімдері арасын­дағы шағын түсініктемелер мен анық­тамалықтарда нендей ерлік түрлері, нендей тағдыр иелері жоқ десеңізші. Бәрі бар. Батыр атағын алмаса да 5 жауынгерлік ордені бар қазақ, 20 күн аштыққа шыдап, әскери бөліміне келіп қосылған қазақ, тұтқынға түсіп қашып шықса да НКВД-нің қатыгез шешімімен Колымаға айдалған қазақ. Ерлік көрсеткендерге өте сирек берілетін марапат – Александр Невский орденін иеленген қазақ... Айта берсе толып жатыр. Сөзіміз құрғақ болмас үшін енді біз өзіміз сөз етіп отырған жинақтағы жауынгер қандастарымыз туралы жазылған шағын мақалаларды мысалға келтірелік. «Ахмет Әлқайдаров алдымен 5-ші атты әскер полкы құрамында Мәскеу түбіндегі шайқасқа қатысып, Калинин қаласын азат етуге атсалысқан, – деп жазыпты «Солдаты Победы» кітабының 5-ші томындағы материалда. – Бірде кезекті шабуыл сәтсіздікке ұшырап, кавалеристер қарсыластарының пулеметі оғының астында қалады. Үлкен шығынға ұшырайды. Сонда Ахмет Уақұлының аты омақаса құлап, өзі қатты жараланады. Жауынгерді санбатта емдеген соң 108-ші атқыштар полкына жібереді. Ол мұнда 1942 жылдың мамырына дейін барлаушы болып қызмет етеді. Бұдан соң майданның бұралаң өмірі Ахмет Уақұлын 69-шы атқыштар полкының көлік жүргізушісі етеді. Витебск түбіндегі жан алып, жан берісіп жатқан шайқаста алғы шептегі әскерлерге оқ-дәрі мен азық-түлікті тоқтаусыз тасып, мұнымен қоса жараланғандарды қауіпсіз жерге жеткізіп, көзсіз ерлік көрсеткені үшін қатардағы жауынгер ол «Ерлігі үшін» медалімен марапатталады. ERA_2262Одан соң Ахмет Әлқайдаровтың ұқыптылығы мен тындырылымдылығы ескеріліп, оған сержант атағы беріледі де барлау бөлімшесінің командирі болып тағайындалады. Әскери тапсырмаларды орындау кезінде ол өз жігіттерімен талай ерліктер көрсетеді. Сондай батыл әрекеттері ескеріліп, Витебск өңіріндегі шайқаста көрсеткен ерліктеріне байла­нысты ол ІІІ дәрежелі Даңқ орденімен марапатталады. Содан біраз уақыт өткеннен кейін Белоруссиядағы Погре­бенка және Шиловка селоларын жау­дан азат етуге қатысқан және кеңес әскер­леріне аса қажет №1700-ші биіктікті бағындырған ерлігіне орай аға сержант Ахмет Әлқайдаров І дәрежелі Отан соғысы орденіне ие болады. 1945 жылдың 26 қаңтарында Қызыл Армия бөлімдері Кенигсберг қаласын алу жөніндегі шабуылға дайындалады. Осы шайқасқа 65-ші атқыштар корпусының жасағы құрамындағы аға сержант Ахмет Уақұлы басқаратын бөлімшенің барлаушылары да қатысады. Шабуыл кезінде ол өзін барынша білікті де алғыр қабілет иесі ретінде көрсете біледі. Оған ержүрек қазақтың содан көп кешікпей Қызыл Жұлдыз орденімен марапатталуы анық дәлел бола алады. ERA_2263Ахмет Уақұлы фашистік Германия жеңіліп, тізе бүккеннен кейін 1945 жылғы тамызда Қиыр Шығыстағы Жапонияның Квантун армиясымен болған ұрыста да батырлығымен танылады. Ондағы жанқиярлық ерлігі үшін оған екінші мәрте Қызыл Жұлдыз ордені беріледі. Әскер қатарынан босарда оны тағы бір награда іздеп келіп табады. Сөйтсе ол 1944 жылғы ұрыстарда көрсеткен ерлігі үшін берілген ІІ дәрежелі Отан соғысы ордені екен. Осылайша қайсар қазақ Омбы өңіріндегі өзі туған Таврия ауданына 5 бірдей жауынгерлік орден­мен оралады. Ол елге келген соң да өзінің ұстамды, биязы және еңбектегі табанды қасиетімен айрықшаланып, құрметке бөленеді. Екі ұл, екі қыз өсіріп тәрбиелейді. Сөйтіп, ол балалары үшін, ауылдастары үшін үлгілі әке, абыройы биік ел ағасы болды». ...Осы арада мынадай жағдайды баян­дай кетелік. Түс қайта кітапханаға бізді іздеп Омбы үкіметінің жауапты қызметкері Нұрбол Әлжанов келді. Ол алдымызда жатқан жинақтағы Ахмет Әлқайдаров туралы жазылған «Жауынгерлік 5 орденнің иесі» атты мақаланың ксероға түсірілген нұсқа­сын көріп тұрып, қатты ойға кетті. Бір мезетте: «Осындай нәрсені өз кезінде білсек, ескерсек қой. «Жазып, жинас­тырып жүріңдер», – деген де ешкім болмады-ау... Енді, міне, қарашы» – деп күрсінді. «Не болды? Олай деуіңізге не себеп?» – деп сұрадық ештеңеге түсінбеген біз. «Осыдан біраз жыл бұрын, – деді Нұрбол, – біз ауылымыздағы 8 жауынгерлік ордені бар ағайды жерлеген едік. Ол кезде мен кеңшар директоры болатынмын. Марқұмның аты-жөнін ұмытып тұр­ғанымды қараңызшы... Есіме түсі­ремін. Түсіруге тиіспін. Сол кезде сізге міндетті түрде хабарласамын. Жарай ма?». «8 ордені болған дейсіз бе? Значок, медаль емес... 8 жауынгерлік орден! Керемет қой бұл?! – дедік әңгіме иесіне. – Қазақ па еді өзі?» «Иә, қазақ. Содан соң ғой айтып тұрғаным». Міне, мұнда, Омбы өңірінде осындай марқасқа ағаларымыз болған. Ерлік жасадым, осындай марапаттардың иесі­мін демей, қарапайым тірлікпен ғұмыр кешкен. Сөйтіп аспай-таспай, бәріне де шүкір, тәубе деп үндемей өмірден өткен. Жә-ә... Енді басқа бір тағдыр иесі туралы тапқан дерегімізді баяндайық. Сөз етіп отырған жинақтың 6-шы томын­дағы қатардағы жауынгер Тоқжігіт Сей­сенбаевтың басынан кешкені соғыс­тың не екенін көз алдыңа елестетіп, еш боямасыз көрсетеді. Ол әскерге Омбы өңіріндегі Байдалы ауылынан 1942 жылы шақы­рылады. Алдымен оны бірнеше ай бойы үрлемелі резина камераларынан құрастырылатын  понтон көпір жұмысшысына дайындайды. Сосын оқ-дәрі шығаратын әскери зауыт­қа жібереді. Бір күні күтпеген жер­ден ауылына қайтарады. Бірақ 1943 жылы оны қайтадан майданға шақырады. Бұл жолы ол мінген пойыз Курск иіні ма­ңындағы Елецк қалашығына қарай бет алады. Олар офицерлер мен жауынгерлерді қоса есептегенде барлығы 800 адам еді. Кешке жақын эшелонды неміс авиациясы бомбалап, қызыл әскерлердің жан-жаққа бытырай қашуына тура келеді. Аман қалғандары қас қарая бір жерге жиналады да Елецк қалашығын жаяу-жалпы бетке алады. Осылайша жауынгерлер аштық пен суыққа мойымай, 20 күндей батысқа қарай жылжумен болады. Небәрі үш күнге ғана шақталған паек баяғыда таусылған-тын. Азық-түлік алатын жер жоқ. Жол бойы кезіккен деревнялардың барлығы өртеніп кеткен. Солай болса да ашыққан жауынгерлер әлгі жерлердің төңірегінен тамақ іздейді. «Өлмегенге өлі балық», дегендей кейде ондағы жертөлелерден тамаққа талғажу етерлік бірдеңелер табылып қалатын. Алайда көп ұзамай мұндай елді мекендер де кезікпейтін болды. Аштық басталды. Сол кезде амалсыздан мысық етін жегендер де кездесіп қалып жүрді. Адамдар арып-ашқанда, ең бірінші жау – жау емес, кәдімгі бит болады екен. Үстеріне киім атаулыдан тек гимнастерка ғана ілген солдаттар азып, арықтаған сайын, бит-сірке көбейіп, үлкейе берді. Омбы-3 Алдыңғы шепке жеткен күні оларға үш күн демалыс беріліп, жиі-жиі тамақ­тандырылды. Жаңа киімдер үлесті­ріліп, моншаға түсірілді. Осыдан кейін Тоқжігіт Сейсенбаевты екінші Бела­русь майданындағы маршал К.К.Рокоссовскийдің қарамағындағы 65-ші армияның 115-ші атқыштар батальонына жөнелтті. «Бұл маусым айы болатын. Біз шабуыл басталған кезде неміс траншеяларына басып кіріп, фашистерді тұқыртып тастадық. Жау топ-тобымен беріліп жатты. Осы шай­қаста оң иығымнан жараландым. Бөлімше командирі мені медсанбатқа жіберді. Онда үш ай жаттым», – дейді майдангер өз естелігінде. Кейін ол қайтадан қатарға қосылып, көп­теген шайқастарға қатыса­ды. Гомельге дейін жетіп, Днепрден өту шай­қасына қатысатын әскерлер сапы­ның қатарында болады. Қазанның қара суығында  мұз енді ғана қата бастаған еді. Шайқас басталғанда қабыршық мұздар адам­дар­ды көтере алмады. Сондықтан жауын­герлер өздеріне тиесілі гранаттар мен автоматтарын төбелеріне қойып, суық суды жалдап өтуге мәжбүр болды. Қарсы бетке жеткеннен кейін жағалаудағы жыраларға тас бекініп алды. Таңға жуық неміс танкілері Қызыл Армия бөлімдеріне қарай беттеді. Қолда артық оқ-дәрі жоқ. Содан бұлар жау 100 метр жерге жақындағанда ғана атуға мәжбүр болды. Нәтижесінде 60-қа жуық фашисті жайратып, 5-6 танкінің күлін көкке ұшырады. Осы шайқаста Тоқжігіт Сейсенбаев сол аяғының тізеден төмен жерінен жараланады. Екі аптаға жуық медсанбатта болып, кейін жараның орны жазылғанша штабты күзетеді. «Бізде Батанов есімді ноғай капитан болды. Ол аға дәрігер еді. Бірде менен: «Қазақсың ба?» деп сұрады. Мен: «Иә», деп жауап бердім. Осыдан кейін ол маған іш тарта қарап, госпитальға санитар етіп қойды. 1945 жылы Польша мен Германияның солтүстік жағына жеттік. Гданьск және Данциг қалаларын қоршауға алдық. Висланың оң жағында тұрған едік. Сол жағымызда үлкен зауыт бар-тын. Бір күні сол жерден оқ атыла бастады. Қасымда отырған жауынгер мерт болды, ал мен тірі қалдым. Көп ұзамай соғыс аяқталды. 1945 жылы екінші кезекпен үйге қайттым» – деп аяқтайды өзінің естелігін ІІ дәрежелі Отан соғысы ордені мен «Ерлігі үшін» медалінің иегері Тоқжігіт Сейсенбаев. Жинақтағы қазақтарға қатысты осын­дай мақала, естелік, анықтама хабар­лар онша көп те емес, аз да емес. Бірақ әйтеуір бар. Бұл жерде оларды тірнектеп отырып жинайтын табандылық қана керек. Іздеген нәрсеміздің сонда ғана молайып, мазмұны артатыны анық. Осындай ұстаныммен өзімізді өзіміз қамшылап жұмыс істеп отырғанымызда, қасымызға жасы жетпістің мол ішіне кірген ақсақал келіп тіл қатты. – Үш күн болды. Оқу залында орның­нан тапжылмай отырасың да қоясың. Алдыңдағы кілең соғыс тақырыбына қатыс­ты кітаптар. Не іздеп отырсың қарағым? Біз жөнімізді айттық. Ақсақал мән-жайды ұққаннан кейін өзін таныстырып, жоғарыдағы тақырыпқа байланысты көрген-білгенін ортаға сала бастады. – Есімім Амангелді, – деді қария. – Әкем Балта 1941 жылы соғысқа аттанған­да алты айлық іштегі бала екенмін. Мен дүниеге келгенде үлкендер: «Көкесі май­даннан есен-сау келсін», – деп атым­ды Амангелді қойыпты. Бірақ қайран әке батыстағы қан қасаптан қайтпады. Жетім өсіп жүріп, жетілген жайымыз бар. – Сонда өзіңіз Омбының қай жерінен боласыз? – Азов ауданынан. – Ондағы соғысқа кеткен қазақтар туралы естіп-білгеніңіз бар ма? – Бар. Себебі, мен жас кезімнен сондағы қазақ ауылдарының бас көтерер жігіттер­інің бірі болдым. Есейе келе ақса­қал­дардың өтінішімен кешегі қан май­данда хабарсыз кеткен әке-ағалары­мыздың аты-жөнін анықтаумен шұғылдандым. Ол Жеңістің 20, 30, 40 жылдық мерекелерінің кезі еді. Мұра­ғаттағы құжаттардан сондағы білгенім, 1941-1945 жылдарғы Ұлы Отан соғысына Азов ауданынан 990 қазақ аттанған. Солардың ішінен елге тек 388 қандасымыз ғана қайтып келген. Қалған 602 боздақтың сүйегі майдан даласында қалған. – Ол кездері өзіңіз айтып отырған ауданда біздің қандастарымыз сонша­лықты көп болған ба еді? – Иә, соғысқа дейін Азов ауданындағы 3 округ: №4 Киров, №5 Қызылжар, №7 Буденный селолық кеңестері таза қазақ елді мекендері болатын. 1941 жылғы күз­де ғой, Еділ бойынан көшірілген не­міс­тер­ді мұнда әкеліп қаптатып жібергені. Амангелді Тоқсанбаев ақсақалмен әңгімелесіп оты­рып, ол кісіге алды­мыздағы өзіміз оқып, танысып отырған «Ауыл Байтұяқ (Бай­далы): прошлое и настоящее» деген кітап­ты көрсеттік. Осы еңбектің 62-ші бетін­де кілең қазақтар тұратын шағын елді мекен­нен Ұлы Отан соғысына 126 қан­дасы­мыз аттанған екен. Солардан туған ауылына тек 44 адам ғана тірі келген. Қалған 84-і оққа ұшқан немесе хабарсыз кеткен. Кітапханадағы тапсырыс берген ең­бек­тер мен анықтамалықтарды қарап бол­ғаннан кейін «Омская правда» газе­тінің 1941-1945 жылдардағы тігінді­сін ақтаруға кірістік. Ол уақыттағы Ұлы Отан соғысына қатысты дүниелер май­дан­дағы жаңалықтар мен тылдағы жұ­мыс­тарға байланысты беріліп тұрған екен. Солардан біз өзіміз іздеген тақыры­бымыз­ға қажет-ау деген оншақты материал тауып, ксероға түсіріп алдық. Енді соның бір-екеуін оқырмандар назарына ұсынайық. Газеттің соғыс жылдарындағы нөмір­лерінде «Омбылықтар – майданда» атты айдар орын теуіпті. Бірінші бетке берілетін онда фотосурет пен шағын мәтін орналастырылатын болған. Міне, 1943 жылғы 11 шілдедегі жарық көрген сондай топтаманың бірінде екі қызыл әскер суреті тұр. Оның астындағы сөй­лемдерде: «Жауынгер достар. Екеуі де Қызыл Жұлдыз орденімен марапатталған. Олар (солдан оңға қарай) – қазақ, гвардия қызыл әскері С.Төлебаев, коммунист, Омбы облысының Саргат ауданындағы «Красный казах» колхозының бұрынғы колхозшысы (10 немістің көзін жойған) және гвардия сержанты Д.Солдатенко, украин, коммунист, Омбы облысының Полтава ауданындағы «Украина» ауыл­шаруашылық артелінің бұрынғы колхоз­шысы (13 немістің көзін жойған). Суретті түсірген П.Мелентьев», – деп жазыл­ған. Фотоны қарап тұрсақ, сол кезде бұл жауын­герлер 19-20-дағы жас жігіттер сияқ­­ты. «Соғыстан аман қайтты ма екен? Ел­­деріне келсе, қазір бар ма?» – дейсің іштей. Енді газеттің тылдағы тіршілік тура­лы берген топтамаларының арасы­нан өзіміздің қандастарымыздың еңбегін бағалап, өңір жұртшылығына үлгі еткен «Шарбақкөл ауданының кол­хоздарындағы патриоттық ұмтылыс» атты мақалаға тоқталайық. 1943 жылдың 8 қаңтарында жарық көрген бұл материал: «Аудан еңбекшілері «Омбы колхозшысы» танк колоннасына қаражат жинауға зор ынтамен кірісуде, – деп басталады. – Мәселен мемлекеттік банктің бөлімшесіне 7 қаңтарда 1 мил­лион 200 мың сом ақша түсті. Қаржы жинау жалғасуда. Бұл бастамаға колхоз басшылары ерекше үлгілілік танытуда. Қаратал селолық кеңесі (төрағасы Исин жолдас) 300 мыңнан астам сом жинады. Осы танк колоннасын жасауға 9 колхоз төрағасы 107 мың сом қосты. Айта­лық, «Екпінді» колхозының төрағасы Сүлейменов жолдас 15 мың сом, «Серп и молот» колхозының төрағасы Мырзаболатов жолдас 16 мың сом, «Нацмен, вперед!» колхозының төрағасы Смайылов жолдас 12 мың сом берді. Бірінші май селолық кеңесі (төрағасы Урузмаев жолдас) танк колоннасына 400 мың сом жинаған. «Қызыл жол» ауыл шаруашылығы артелінде ұлы майданға кеткен 80 жастағы колхозшы Сатанов жолдас танк құрылысына 3.000 сомды ақшалай тапсырды. Ал май­данға қос бірдей ұлын аттандырған Бек­занов жолдас 5.000 сом, Калинин атын­дағы колхоздың малшысы Сәрсенов жол­дас 10.000 сом қосты. Самар селолық кеңе­сінің колхоз төрағалары 100 мың сом жинады. «Жаңа тұрмыс» және «Кіші Бо­ра­н­көл» колхоздарының төрағалары Әу­тәліпов пен Раисов жолдастар 16,5 мың сом, «Үлкен Боранкөл» колхозының төр­ағасы Ұлтақов жолдас 15 мың сом берді». Осы мақаланың өр жағында «Көбе­генов жолдас танк құрылысына 206.000 сом қосты» деген тақырыппен теле­графтық стильдегі жүгіртпе жол тұр. Онда: «Одесса селосы, 7 қаңтар. (Телефонмен). Л.М.Каганович атындағы колхоздың төрағасы Қожахмет Көбегенов өзінің жеке жинаған қаржы­сынан «Омбы колхозшысы» танк колоннасы құрылысына 206.000 сом және 50 пұт ұн қосты», – деп жазылған. Жоғарыдағы хабарлардың ішінен көптеген қазақ фамилияларын көріп отыр­ғ­ан шығарсыздар құрметті, оқыр­ман­дар. «Бұл адамдар кімдер, қай жерде жұмыс істеген, кейінгі тағ­дырлары қалай болған?» – деген оймен олардың өмірбаяндарын табуға да әрекет жасадық. Осындай талпыныстың нәтижесінде «Омский краеведческий справочник» жинағынан Қожахмет Көбегенов пен Иманмәлік Сүлейменовті таптық. Қожахмет атамыз 1890 жылдар­дың аяғын­да өмірге келген екен. 1930 жылдары артель шаруашылығы құрылғанда соған мүшелікке өтіп, кейін төраға болып, 1943 жылғы жоғарыдағы бастамасынан кейін Сталиннен алғыс хат алады. Онда Бас қолбасшы: «Жолдас Көбегенов, мен сізге қызыл әскерге деген қамқорлығыңыз үшін алғысымды жолдаймын», – депті. Ол кісі соғыс аяқталғаннан кейін елінің сыйлы ақ­сақалына айналып, 1963 жылы қайтыс болыпты. Ал Иманмәлік ағамыз болса, 1902 жылы Бараба ауылында өмірге келген екен. 1932 жылы Шарбақкөл ауданындағы құрылған алғашқы артелдік шаруашылықтың тұңғыш төрағасы К.Жұмабаевтың орнына келіп, 1940 жылға дейін түрлі бастамалардың ізашары атанады. 1943 жылғы «Омский кол­хозник» танк колоннасына қосқан үлесі облыс көлемінде жоғары бағалана­ды. 1946 жылдан Қаратал селолық кеңесінің төрағасы болып жүріп, 1955 жылы өмірден озады. ...Айта берсек, өзіміз тапқан жоғары­дағы­дай деректер көп. Біз солардың іші­нен бір-бір мысалды ғана жұртшы­лық­­қа жеткізіп отырмыз. Мақсат – Омбы өңі­рін­дегі қандастарымыздың Ұлы Отан со­ғысы кезіндегі ерлігінің қазақ бас­па­сөзін­­де осы уақытқа дейін көп сөз бол­ма­­­ған, жазылмаған тұс­тарын қысқаша ай­­тып өту. Осы арқылы зерттеушілерге ой салу, олар­ды тың тақырыптан хабардар ету. Суреттерде: «Омская правда» газетінің 1943 жылғы 11 шілдедегі нөмірінде жарияланған мерген қазақ С.Төлебаевтың суреті; соғыстан 5 жауын­герлік орденмен оралған А.Әлқайдаров; «Омская правда» газеті­нің соғыс жылдарындағы нөмір­лерінде тылдағы қазақ еңбекшілерінің бастамалары туралы жарияланған хабарлар. P.S. Автор осы мақалалар циклы­на қажетті деректер мен мәлі­мет­терді табуға көмектесіп, мұрағаттардағы іздеу жұмыстарын жүргізуге қол ұшын берген Омбы облыстық үкіметіндегі Ішкі саясат бас басқармасының басшысы М.М.Каракоз бен осы басқар­маның бас маманы Н.Қ.Әлжановқа, Қазақстан Республикасының Омбы қаласындағы консулы Е.А.Қонаевқа, «Мөлдір қазақ мәдени Сібір орталығы» өңірлік қоғамдық ұйымының директоры А.Жүнісова мен  «Қазақ салт-дәстүрлерін жаңғыртудағы «Шоқан жолы» Омбы аймақтық қоғамдық ұйымының төрағасы Е.Жұмабаевқа өзінің алғысын білдіреді. Жанболат АУПБАЕВ, «Егемен Қазақстан». Астана – Омбы – Астана.