Сулы, нулы Көкшеде, кең көсілген Қорғалжын даласында айдын шалқар аз емес. 1959 жылы жарық көрген «Тың аймағындағы жерүсті су қорлары» деп аталатын жинақта бір ғана Көкшетау өңірінде үлкенді-кішілі 1 515 көл бар екені тайға таңба басқандай етіп жазылған. Мамандардың есептеуіне қарағанда, сол қисапсыз көлдердің 1 320-сының суы тұщы болған екен. Дәл қазір соқаның тісімен жоны жараланып, жотасы жермен жексен болған далада қанша көлдің қалғанын ешкім тап басып айта алмайды. Міне, табиғатқа деген көзқарасымыз осындай.
Биыл Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен көпшіліктің қолдауына ие болған «Таза Қазақстан» акциясы табиғатты түлетуге септігін тигізіп жатыр. Ақмола мен Солтүстік Қазақстан облыстарының балық өрістейтін бірнеше көлінің жағалауы акция барысында тап-тұйнақтай тазартылып, күл-қоқыстан арылды. Акцияға 760 адам қатысты. Дені – еріктілер, табиғат пайдаланушылар.
– Жерлестеріміздің төл табиғатымызға деген жанашырлық пейілі жақсы екен. Жергілікті атқарушы органдар игілікті істі тиянақты ұйымдастырып, үлгі бола білді, – дейді «Есіл» облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының басшысы Нығмет Қауашев.
Осындай білек біріктіріп істеген істің нәтижесінде көл жағалауларынан 55 тонна қоқыс шығарылды. Айдындардан заңсыз салынған жүзден аса ау жиналып алынды.
– Мұндай аулардың табиғатқа тигізер залалы өте көп. Браконьерлердің осы бір қарекетінен кейін көлдегі балық қырғынға ұшырайды. Кейбір қытай ауларының ұзындығы жүздеген метрге дейін жетеді. Акция барысында жүзеге асырылған бір шаруа – осы, – дейді инспекция басшысы.
Бар жұмысқа 191 техника пайдаланылған. Жыл бойы күміс көлдің жағалауына жиналып қалған күл-қоқысты тез тазалау осындай мүмкіндік арқылы жүзеге асырылды. Көл жағалауларын тазартып, бітелген бұлақ көздерін аршу, тәртіпке келтіру ісімен бірге адамдардың табиғатқа деген көзқарасын оңалту шаралары да қолға алыныпты. Инспекция мамандары білім ошақтары мен жоғары, орта арнаулы оқу орындарының студенттері мен оқушылары арасында мазмұнды лекция оқыған. Мемлекеттің табиғатқа қатысты ұстанымын жан-жақты талдап, қоршаған ортаға кеселімізді тигізбей, саф күйінде сақтап қалуға тырысу баршаның парызы екенін санасына сіңірген.
Инспекция басшысының пікіріне қарағанда, су айдындарын табиғат пайдаланушыларына беру өте тиімді. Олар өздеріне бекітіліп берілген көлдерді күтіп ұстайды әрі жұрт болып жұмылған осындай шаруада айрықша белсенділік танытып, ортақ іске мол үлесін қосады. Ю.Тимошенко жетекшілік ететін «Интеграция Астана» серіктестігі, А.Люфттің «Бытығай» шаруа қожалығы, жеке кәсіпкер Г.Гусевскийдің ұжымы белсене жұмыс істеген.
Осылайша, «Таза су айдындары» акциясы шеңберінде Көкшетау мен Қорғалжынның кең көсілген даласындағы шалқар көлдер, бұлқынып аққан бұлақтар бір тазаланып қалды.
Ақмола облысы