Білім-ілімге құштар жастың таудай талпынысының нәтижесінде Мақсұт Нәрікбаев атындағы университеттің «қазақ-ағылшын тілі және лингвистикасы» мамандығын меңгеруге мүмкіндік алды. 2022 жылы студенттік шақтың есігін ашқан Айым Айтпанбет биылғы жазда жоғары оқу орнын тәмамдап, дипломын қорғап шықты. Бақыттан жүзі бал-бұл жанған Айым ел астанасы туралы толғанысын тілге тиек етті.
«ҰБТ-дан жоғары балл алып, грант иегері атанғаннан кейін Астанадағы оқу орнын таңдадым. Себебі еліміздің бас қаласына келіп, студенттік шақты өткізу арманым еді. Астана – жастардың қаласы. Еліміздің мәдениеті мен руханиятының орталығына айналды. Мұндағы көкпен таласқан зәулім ғимараттар өркениетті елдерден еш кем еместігімізді, Арқа төсінде өзінше өрнектелген теңдессіз әсем қаламыз барын айқындайды. Көшелері кең етіп жасалған, жасыл желек өсіп, жылдан-жылға көркейіп келе жатқан қаламызда үнемі самал соғып тұрады. Астаналық жастар үздіксіз оқу және ізденісте жүретіндігімен ерекшеленеді», дейді Айым Асхатқызы.
Келешегі зор қалаға бауыр басқан Айым өзі қалаған «қазақ-ағылшын тілі және лингвистикасы» мамандығын жетік меңгеру арқылы мемлекеттік тіліміздің өркендеуіне, оның қолданыс аясының кеңеюіне сүбелі үлес қосарына сенімді. Студент шағында терең білім алумен қатар, бәсекелі сайыстарға, интеллектуалды жарыстарға қатысуда белсенділігімен танылды.
Талапты жас өз саласы бойынша «Лингво алаң», «Лингвистика» сынды республикалық олимпиадалардың 1-ші және 2-орын жүлдегері атанды. 2021–2022 жылдары университеттің «Орда» пікірсайыс орталығының президенті болса, одан кейін еріктілер тобында да қызмет еткен Айым Асхатқызы Астана төрінде өткен Nobel fest кезінде Нобель сыйлығының иегерлерімен таңғы ас ішу құрметіне ие болғанын мақтан етеді.
Сондай-ақ 1-мектеп лигасындағы және 3-республикалық деңгейдегі гранд дебат турнирлерінің бас ұйымдастырушысы және бас төрешесі бола жүріп, тәжірбиесін шыңдаған Айым былтыр академиялық ұтқырлық бойынша Чехиядағы Острава университетінде 1-семестрді оқып, 9 мемлекетте, 17 қаласында болғанын айрықша атады.
«Work and travel жобасымен Массачусетс шататында, Кейп код ауданында 3 ай болдым. Бұл сапардан алған әсерім айрықша және зор жауапкершілік жүктеді. Себебі тәуелсіз еліміздің келешегіне қызмет ететін жастар мемлекетіміздің тарапынан жасалып отырған қолдауларға иеміз. Оған қоса ата-ана, бауырларымыздың сенімін ақтау қажеттігін де сезінеміз», деген Айым Асхатқызы университеттің 30 жылдығына орай төсбелгімен марапатталып, универдің топ-40, яғни «Алтын кітаптың» бір мүшесі болғанын атау артық етпес.
Алматы облысы