Қоғам • 13 Шілде, 2024

Көршінің наны

177 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бірде жұмыс барысымен елордаға Ташкенттің халықаралық әуежайынан ұшуға тура келді. Бақылау бекетінен кең залға өткенде алдымыздан өзбек халқының сан түрлі дәмі самсап тұрған ашық дүкен шықты. Дүкеннің қақ ортасында үлкен ағаш себетте үйіліп тұрған өзбектің наны көзге бірден түседі екен. Жаңа піскендей иісін айтсаңызшы. Мұрынды жарып барады. Күту залына өтіп бара жатқан шетелдік жолаушылар әлгі жерге еріксіз бұрылды.

Көршінің наны

Фото: uzbekistan.travel

Тандыр нанның бірнеше түрі жайнап тұрған себеттің жанына қалай келгенімізді байқамай қалдық. Үш жолаушының екеуі кем дегенде 2-3-тен нан сатып алып жатыр. Ұлттық көйлегі мен тақиясын жарасымды етіп киіп алған сатушы өзбек қыз да елгезек екен, сол сәтте-ақ нанның құрамын, қалай пісірілгенін, тіпті қанша күнге дейін бұзылмай сақталатынын айтып үлгерді. Біз де екі нанды сөмкемізге салып алдық. Кейін байқадым, Астанаға бағыт алған ұшақтың ішінде өзбектің тандыр нанының иісі бұрқырап тұр екен. Елге келгеннен кейін сол наннан біраз адам дәм татты. Расымен, дәмі ерекше. Кейін нан оралған қағаздағы жазбаға қарасам, бүкіл мемлекеттің ұлттық брендін тандыр нанымен жасап отырған шағын кәсіпкер – жеке шаруаның наубайханасы екен...

Жалпы, елімізді әлемге таныту үшін ұлттық туризмді, рухани брендімізді жан-жақты әрі кеңінен насихаттау жөнінде жиі айтамыз. Талқылаймыз, сан мың ұсыныс-пікірді ортаға тастап, түрлі жоба да жасаймыз. Бұл бағытта біраз іс те қолға алынды. Бірақ неге осылардың нақты бір көрінісін көре алмай жүрміз?

Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтай­дың үшінші отырысында елімізде қайталан­бас табиғи және тарихи мекендердің көп екенін алға тартып: «Осындай теңдесі жоқ орындардың тылсым табиғат көрініс­тері туристердің ерекше қызығушылығын туғызады», деген еді. Тіпті 2019 жылы Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайда да: «Біз ұлы тарихи тұлғалардың ізбасар ұрпа­ғы екенімізді ұмытпауымыз қажет. Ата-баба­ларымыздың рухын туризмнің озық үлгі­лері арқылы дәріптеуіміз керек», деп еді. Рас, қазақ жері табиғаты таңғажайып мекендерге ғана емес, түрлі ұлттық тағам­­ға да бай. Өкініштісі, біз «туризмнің озық үлгілерінің» бірі ретінде ұлттық ас-суымызды өз деңгейінде дәріптей алмай келеміз. Бір жылдары Алматы облысының туризм басқармасы тіпті қазақтың ұлттық тағамдарын таныту мақсатында арнайы тур да ұйымдастырған еді. Еліміздің байыр­ғы ұлттық тағамдарын насихаттап, қазақ­тың құрт-майы, қымыз-шұбаты мен қазысы арқылы мәдениетімізді әлемнің әр жерінен келген туристерге көрсетуді мақсат тұтқан бұл игі істің де ғұмыры қысқа болды. Жалпы, әп-әдемі басталған осындай жобалардың ұлттық деңгейге көтерілмей жатып үзіліп қалатыны қынжылтады.

Туризм және спорт министрлігінің мә­ліметіне сенсек, кейінгі бір жылда еліміз­ге 9 миллионнан аса, нақтырақ айтсақ, ­9,2 миллион шетелдік келген екен. Бұл сан ­2022 жылмен салыстырғанда 2 есе көп. Се­бе­­бі ол жылы қазақ жеріне саяхаттап кел­ген туристердің саны небәрі 4,7 миллион бол­ған. Сала басшысы Үкімет отырысында еліміз­дің туристік әлеуетін арттыру мақсатын­да сан түрлі жарнамалық науқан өткізіп, біршама ұлттық жобаның қолға алынға­нын да жеткізді. Мәселен, биылғы – Қытай­дағы Қазақстанның туризмі жылы аясында ­30-дан аса іс-шара өткізу жоспарда бар екен. Алайда осы жоспардың ішінен ұлттық дастарқанымызды танытатын, қазақтың ұлттық мінезі мен қадір-қасиетін көрсететін тағамымызды дәріптейтін ірі де, ұсақ та не жоба, не науқан көре алмадық.

Құндылықтарымыздың құлдырап бара жатқанын жетер жеріне жеткізіп айтып кеткен абыздарымыздың бірі, академик, Тағамтану академиясының президенті болған марқұм Төрегелді Шарманов құрт пен ірімшікпен-ақ елімізді әлемге танытуға болатынын аузынан тастамаушы еді. «Ет біздің ұлттық тағамымыз деп айтамыз, бірақ еттен жасалатын тағам өзбекте қазақтан да көп. Стандарттап, өзіміздікі деп меншіктеп алайық десек, дәлелдей алмаймыз. Қырғыздың қымызының қазақтың қымызынан еш кемдігі жоқ» дейтін академик. Сөзінің жаны бар еді. Тек естір құлақ, нақты қолға алар адам табылмады.

...Ташкенттен әуеге көтерілген ұшақ екі сағатқа жетер жетпес уақытта Астанаға келіп қонды. Елордадағы халықаралық әуежайда да бақылау бекетінен өткеннен кейін осындай арнайы сауда залы бар. Бірақ біздің дүкендерден қазақтың ұлттық дәмін көре алмадық...