Бизнес • 13 Шілде, 2024

Бекіре – берекелі бизнес

150 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Атырау, Алматы, Қы­зыл­орда тәрізді балық ша­руашылығы дамы­ған өңірлердің қа­та­ры­на Қостанай облысы қо­сылатын күн де алыс емес сияқты. Бұған біраз­дан бері бағалы ба­лық өсіруді қолға алып, оны тиімді табыс көзіне айналдыруды көздеп отыр­ған «Қостанай бекіресі» серіктестігі айқын дәлел бола алады.

Бекіре – берекелі бизнес

Аталған серіктестік – өңір­де бекіре тұқымды бағалы ба­лық өсіріп жатқан бірден-бір кәсіпорын. Балық фермасы толық өндірістік қуатына көш­се, жылына 10 тонна тірі бекіре, 10 тонна өңделген балық етін өн­діре алады.

Өңір тұрғындарына таңсық өнімді жергілікті жерде өндіріп жатқан бірегей кәсіпорын мемлекеттің бизнесті қолдау бағдарламаларын да тиімді пайдалана білген. Мемлекет аталған жобаға индустрияландыру картасы аясында Тобыл қаласынан ауқымы 1,1 гектар болатын жер телімін бөліп беріп отыр. Мұның сыртында, серіктестік «Кәсіпкерлікті да­мы­тудың 2021–2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы» шең­берінде «Даму» қорының қолдауына ілігіп, «Bereke Bank» АҚ арқылы 100 млн теңге жеңілдетілген несие алды. Қомақты қаржыға өндіріске қажет құрылғылар мен шабақ сатып алынды.

Серіктестік басшысы Вален­тин Ищенконың айтуынша, жоба үш кезеңге бөлініп жүзе­ге асырылып жатыр. Алғаш­қы кезең ішінде, 2023 жылы балық фермасының ғимараты салынған. 2024 жылдың бас­тапқы айларынан бастап уыл­ды­рық сатып алынып, бекіре тұқымды балық өсіріле бас­таған. Кәсіпорын қазан айында арнайы дүкенін ашып, балық өнімдерін саудаға шығаруды жоспарлап отыр.

«Ферманың ғимаратын көте­ру, резервуарларды ор­нату­ жұмыстары аяқталды. Ин­женерлік инфра­құры­лым­ның жетпей қалған жеріне, атап айтқанда, ферма нысандарын электр қуатымен қамтамасыз ету­ге «Кәсіпкерлікті дамыту­дың ұлттық жобасы» аясында облыстық бюджеттен та­ғы 91,7 млн теңге қаржы бө­лінді. Құрылыс-монтаждау жұмыс­тарының бәрі кестеге сәйкес дер уақытында орындалды. Қа­зір балық өңдеу өндірісін іске қосу жұмыстарымен айналысып жатырмыз. Өзіміз өсірген балықты өңдейтін құрылғыны да сатып алып, орнатып қойдық. Сондай-ақ өнім сақтайтын тоңазытқыштарымыз бен да­йын өнімді сатуға шығаратын құрылғыларымыз да дайын тұр», дейді кәсіпорын басшысы.

Бүгінде балық фермасында­ғы 7 бассейнде Астраханнан әкелінген уылдырықтан тараған 5 мыңға жуық бекіре тұқымы бар. Ал шабақ цехында 20 мың­нан астам бекіре шабағы мен аралас тұқымды шабақтар өсіп жатыр. Кәсіпорында 6 адам еңбек етеді. Алдағы күзде балық өңдеу цехы мен ферманың арнайы дүкені ашылған соң, жұ­мысшы саны да арта түспек.

Кәсіпорын келешекте бекіре өсірумен ғана шектелмей, нарықта жоғары сұранысқа ие, бағасы қымбат форель, ақсерке сынды таңсық балықтарды да өсіруді жоспарлап отыр. Осылайша, облыс көлеміндегі бағалы балық өнімдерінің түрін көбейтуді көздейді.

«Сонымен қатар әуесқой ба­лықшылар келіп балық аулай­­тын арнайы су қоймасын ашу­ды ойластырып жатырмыз. Қостанай ауданы әкімдігі фер­маның іргесінен қосымша тағы 0,4 гектар жер телімін беруге дайын отыр», дейді кәсіпкер.

Таяуда облыс әкімдігінде өңір экономикасын әртараптан­дыру жөнінде қадау-қадау мәсе­лелер­ді ортаға салған алқалы кеңес өтті. Осы жиында аймақ басшысы Құмар Ақсақалов біз сөз етіп отырған ферманы да тілге тиек етіп, өзге кәсіп­керлерге үлгі қыла сөйледі.

«Бүгінде мемлекет тарапынан тамақ өнеркәсібін дамыту мәселесіне ерекше көңіл бөлініп отырғаны тегін емес. Бізде азық-түлік өндірісін дамыту үшін ауыл шаруашылығы шикізаты мен басқа да қосалқы компоненттер жеткілікті. Кәсіпкерлер экономиканың көп игеріле қоймаған бағыт­тарын­да белсенділік таныту қажет. Валентин сияқты кәсіп­керлерден үлгі алған жөн. Мемлекет бірінші кезекте ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз етуге күш салатын болады», деді әкім.

«Қостанай бекіресі» серік­тес­­тігі өңір тұрғындарын баға­лы балықпен қамтамасыз етіп қана қоймай, шетелден әкелініп жатқан теңіз балығы өнімдеріне де бәсекелес бола алады.

Қостанай облысы