Экономика • 13 Шілде, 2024

Екібастұз жылу орталығының тағдыры не болады?

114 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Екібастұз жылу-энергия орталығының (ЖЭО) акционерлері Александр Клебанов пен Сергей Кан жалпы құны 3,7 млрд теңге тұратын мүліктерді Екібастұз қаласы әкімдігінің балансына өткізді. Бұл – жылу стансасындағы мүліктерді қаланың коммуналдық меншігіне берудің екінші «траншы». Әкімдік өз кезегінде кәсіпорынды «Самұрық-Энергоға» сенімгерлік басқаруға беріп отыр.

Екібастұз жылу орталығының тағдыры не болады?

Түсініктірек болуы үшін айтып өтейік, «Forbes» тізіміндегі ең дәулетті адамдардың рейтингі­нен түспейтін қос бизнесмен иеліктеріндегі «ОАЭК» АҚ ар­қылы «Павлодарэнерго» АҚ ком­паниясының акция­ла­рын иемденіп отыр. Ал «Павло­дар­энер­го» компаниясы осы уақытқа дейін Екібастұз жылу-энергия орталығын басқарып келді. Биыл­ғы маусым айының ортасында Екібастұз қаласының әкімдігі ЖЭО-ны «Самұрық-Энергоға» сенімгерлік басқаруға берді. Ак­­ционерлік қоғам стансаны «Energy Solution Center» ЖШС ен­шілес компаниясы арқылы бас­қарады. «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Мақ­сұтов Екібастұз ЖЭО-да жиналыс өткізіп, «Energy Solution Center» ЖШС бас директоры Ай­дарбек Қыстаубаевты, сондай-ақ оның өндіріс, қаржы және қам­та­масыз ету жөніндегі орынбасарларын таныстырды. Сонымен қатар ол биыл Екібастұз ЖЭО-да энер­гетикалық қазандықтар мен қосал­қы­ жабдықтардың бір бөлігін жөн­деу жоспарланып отырғанын атап өтті.

Ал кәсіпорынды бұған дейін басқарып келген бизнестік топтың 2023 жылға шоғырландырылған есебінде айтылғандай, Александр Клебанов пен Сергей Кан Екібастұз қаласының әкімдігіне Екібастұз ЖЭО-ның жалпы құны 3,7 млрд теңге тұратын мүліктерін берген. Бұл дегеніміз – өндірістік, әкімшілік ғимараттар мен құры­лыстар, негізгі және қосалқы қа­зандық жабдықтары. Ал «Forbes.kz» порталы хабарлағандай, мүлікті өткізу 2024 жылдың мамыр айында жүргізілген, бірақ есеп жарияланған уақытта (2024 жылдың 26 маусымы күні) «Пав­ло­дарэнерго» АҚ мен оның ен­шілес компаниясы Екібастұзда жылу қуатын өндірумен және сатумен әлі де болсын шұғылданып отырғаны айтылады.

«Бұл – мүлікті әкімдік балансына берудің екінші «траншы». Бұған дейін 2023 жылдың ақпан айында компания құны 1,8 млрд теңге тұратын жылу желілерін, негізгі және қосалқы қазандық жабдықтарын әкімдікке өткізген. Сол уақытта Мемлекет басшысының тапсырмасы бойын­ша бизнестік топ пен Екібастұз қа­ласының билігі «Екібастұз ЖЭО-ның жұмысын қалпына келтіру бо­йынша іс-әрекеттер жоспарын» әзір­леген еді», делінген хабарламада.

«Павлодарэнерго» АҚ-ның баспасөз қызметі қазір Екібастұз ЖЭО толығымен «Самұрық-Энер­гоға» сенімгерлік басқаруға беріл­ге­нін нақтылады, яғни «Energy Solution Center» ЖШС кәсіп­орын­­ды толығымен бақы­лауға алған.

«Екібастұздағы жылу-энергия орталығына қатысты ақпарат беру біздің құзырымызға жатпайды. Себебі ол енді 100 па­йыз «Самұрық-Энергоның» бас­қаруында. Қаладағы жылу желі­лері толығымен Екібастұз қаласы әкімдігінің балансында екені де белгілі. «Павлодарэнерго» ком­паниясына аталған желілер сенім­герлік басқаруға берілді. Біз қала­ны жылумен қамту үдерісіне осы желілер арқылы ғана қатыса аламыз», деп мәлімдеді компания.

Александр Клебанов бұған дейін Екібастұз ЖЭО активтерін 2008 жылы жеке компаниядан сатып алғанын айтқан еді.

«Біз жылу желілерінің тозу мәселесін бұған дейін де бірнеше рет көтердік. Алайда жеке компания ретінде тұтынушылар үшін белгіленген тарифтік бағаны көтере алмаймыз. Сол себепті, кәсіпорынның шығыны әуел бас­тан көп. Кәсіпорынның кірісі тіпті стансаны қамтамасыз етуге де жетпеді» дей келе, стансаны жергілікті билікке 1 теңгеге сатуға дайын екенін мәлімдеген.

Қазір «Павлодарэнерго» АҚ-ның меншік иесі «ОАЭК» АҚ-ның негізгі акционерлері – Сергей Кан мен Александр Клебанов. Олардың әрбірінің еншісіндегі акция үлесі – 47,1%. Бұған қоса екеуінің «Орталық Азия отын-энергетикалық компаниясында» 50%-дан үлесі бар. Александр Клебанов елі­міз­дегі ең бай адамдардың тізі­мінде 12, ең ықпалды бизнесмендер арасында 50-орында тұр. «Forbes Kazakhstan» оның дәулетін шамамен 815 млн доллар деп бағалайды. Ал Сергей Кан алғашқы аталған тізімде 31-орында тұр. Оның дәулеті шамамен – 292 млн доллар. Кәсіпкер жоғарыда аталғандармен қоса, «Circle Maritime Invest» АҚ кеме қатынасы компаниясының 50% акциясын иеленіп отыр.

Айтпақшы, Екібастұз қала­сы­ның әкімдігі 1 шілде күні Екібастұз қаласында объектілік ауқым­дағы техногендік сипаттағы тө­тен­ше жағдай режімін жария­лады. Негізгі себеп – Екібастұз ЖЭО-дағы қазандық агрегаттарын жөндеуге қосымша қаражат бөлу.

1956 жылы пайдалануға берілген стансада белгіленген электр қуаты – 12 МВт, жылу қуаты – 750 Гкал/сағ. Жылу электр орталығы көмірлі шаһарды жылумен толық қамтамасыз етеді. 2022 жылдың соңында Екібастұз ЖЭО-да апат болып, қаладағы үйлердің көп бөлігі қақаған аязда жылусыз қалғаны мәлім. Биыл Үкімет Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалаларында жылу желілерін салуға 9 млрд теңге бөлді. Оның 3,4 млрд теңгесі Екібастұзға бағыт­талады.

Павлодар облысы,
Екібастұз қаласы