Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Мәдениет және ақпарат министрлігі «Ұлттық волонтерлер желісі» ЗТБ-мен бірлесіп, 9–14 шілде аралығында экология апталығын өткізуді қолға алды. Жоба еріктілер мен қоғамдық ұйымдардың атсалысуымен өтеді. Қазір жоба аясында еліміздің барлық өңірінде экологиялық апталық әртүрлі тақырыпта жалғасып жатыр. «Игі істер марафоны» – күнтізбедегі маңызды даталарға, халықаралық және түрлі әлеуметтік мәдени тақырыптарға арналған «Ізгілік аптасын» дәстүрге айналдыруға жоспарланған.
«Мұндай игі істерге арналған апталықтың атауы жыл сайын өзгеріп отырады. Бұл әлеуметтік жауапкершіліктің түрлі саласына қызығушылықты арттыра отырып, өзекті мәселелердің алуан түрлілігі мен кең ауқымын қамтиды. «Игі істер марафонының» осы аптасы экологияға арналады. Жобаға қатысу үшін жасаған игі іс туралы әлеуметтік желілерде ақпарат жариялап, Qazvolunteer.kz онлайн платформасында тіркеуден өту қажет», дейді ұйымдастырушылар.
Марафон қорытындысы бойынша ең белсенді қатысушылар марапатталады. Расында, бұл бірреттік науқан емес, халық мәдени санасын қалыптастыратын креативті идея. Әсіресе бұл бастаманың қоғамға, қоршаған ортаға деген үлкен қамқорлық екенін түсінуге болады.