Жемқорлық • 13 Шілде, 2024

Павлодарда 100 мың теңге пара алған көші-қон полициясы сотталды

150 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Павлодар қаласында көші-қон полициясының қызметкері сотталды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Павлодарда 100 мың теңге пара алған көші-қон полициясы сотталды

- Павлодар қаласының №2 соты көші-қон полициясының қызметкері К.-ға қатысты пара берушінің пайдасына заңсыз әрекеттер жасағаны үшін пара алу фактісі бойынша (ҚК-нің 366-бабының 2-бөлігі) қылмыстық істі қарады, деп мәлімдеді Павлодар облыстық соты.

К. 2022 жылдың 31 тамызы мен 2023 жылдың 23 сәуірі аралығында шетел азаматы Э.-ден көші-қон заңнамасына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартпағаны әрі Қазақстанда уақытша тұруға рұқсат бергені үшін жалпы сомасы 100 000 теңгені пара ретінде алған. Сотталушының кінәсі куәлардың айғақтарымен, құжаттық дәлелдемелермен және сараптамалық қорытындылармен дәлелденді, – деп толықтырды сот.

Пара алғаны үшін (ҚК-тің 366-бабының 2-бөлігі) заң бойынша негізгі жаза ретінде айыппұл немесе 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Қылмыс жасау ұзақ мерзімді, жүйелі түрде болғанын, істің мән-жайын әрі К.-ның жеке басын ескере отырып, сот оған неғұрлым жеңіл жаза, яғни айыппұлды тағайындауға негіз көрмеді.

«Сонымен қатар, сот кінәсін толық мойындауын, шын жүректен өкінуін, қылмыстық құқық бұзушылықты ашуға белсене көмектесуін және оның жасын ескере отырып, К.-ға төмен мерзім - 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сондай-ақ К., «полиция аға лейтенанты» арнаулы атағынан әрі өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан айырылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ», – делінген ақпаратта.