Оқиға • 15 Шілде, 2024

Маңғыстауда жүкті әйелін пышақтаған ер адам ұсталды

199 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Маңғыстау ауылындағы супермаркеттің жанында ер адам жүкті әйеліне пышақпен шабуыл жасаған. Әлеуметтік желілерде ер адам жақындап келе жатқан полицей көлігіне мән бермей, қансырап жатқан әйелін тепкілеген видео тарап жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Маңғыстауда жүкті әйелін пышақтаған ер адам ұсталды

Фото: Видеодан алынған кадр

Пышақ жарақатын алған 2000 жылы туған әйел 13 шілде күні сағат 22:40 шамасында Маңғыстау облыстық көпсалалы ауруханасына жеткізіліп, оған бірнеше ота жасалған.

«Зардап шегушінің диафрагмасы мен бауыры, құрсақ қабырғасы мен кеуде қуысы зақымдалған. Сондай-ақ әйел қолы мен аяғынан да пышақ жарақаттарын алған. Жүктілік мерзімі - 10 апта. Науқастың жағдайы қазір тұрақты. Ол жансақтау бөлімінде жатыр», деді аурухананың баспасөз хатшысы Жұлдыз Қалиева.

Маңғыстау облыстық ІІД баспасөз қызметі хабарлағандай, күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Кісі өлтіруге оқталу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалған.