Экономика • Кеше

Ұлттық қор қаржысына «Қазатомөнеркәсіп» акциялары сатып алынады

55 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қаржы министрлігі Ұлттық қор қаражатына «Қазатомөнеркәсіп» акцияларын сатып алу жоспарына қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ұлттық қор қаржысына «Қазатомөнеркәсіп» акциялары сатып алынады

Фото: gov.kz

Министрліктің баспасөз қызметі әлеуметтік міндеттемелерді қаржыландыруды қамтамасыз ету мақсатында мемлекет Ұлттық қор қаражатын салуға болатын қаржы құралдарының тізбесін кеңейткенін атап өтті.

Бұл туралы Үкімет қаулысы 2024 жылы 14 маусымда күшіне енді. Ал бұл құжатқа сәйкес, Ұлттық банк Ұлттық қор есебінен «ҚазМұнайГаз» ҰК акцияларымен бірге енді «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК-ның бағалы қағаздарын сатып ала алады. Алайда министрлік олардың «Қазатомөнеркәсіп» акцияларының қанша пайызын сатып алуды жоспарлап отырғанын нақтыламаған.

«Ұлттық қордың негізгі мақсаты – тұрақтандыру функциясы – республикалық бюджеттің әлемдік баға конъюнктурасына тәуелділігін төмендету. Ұлттық қор болашақ ұрпақ үшін жинақтарды қалыптастыру арқылы жинақтау қызметін де атқарады. Ұлттық қор құрылған сәттен бастап алға қойған мақсаттарға жету үшін бірқатар маңызды шараны жүзеге асырып, барлық міндеттемелерді тиісінше орындап келеді. Қордың басты міндеттерінің бірі – болашақ ұрпақ үшін кірісті жинақтау және ұлғайту болса, екінші маңызды міндет – оны қазіргі ұрпақ үшін пайдалану», деп түсіндірді Қаржы министрлігі.

Министрлік мұндай жағдайда әлемдегі ең ірі уран компанияларының бірінің бағалы қағаздарын сатып алу қисынды әрекет сияқты көрінетінін атап өтті.

Айта кетерлігі, қазіргі таңда уран өнеркәсібі тартымды инвестициялық салалардың бірі. 5 жыл ішінде «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ пайдасы үш есе өсті (2019 жылы пайда 318 млрд теңгені, 2022 жылы – 929 млрд теңгені құрады). Соңғы үш жылда уран бағасы бір фунт үшін 29 доллардан 106 долларға дейін өсті (үш еседен астам), сондықтан бұл факторлар уран компаниялары акцияларының құнының өсуіне әкеледі.

«Атом энергетикасы электр энергиясын өндірудің ең тұрақты және тиімді әдістерінің бірі болып қала береді, әсіресе климаттың өзгеруіне қарсы күрес және таза энергия көздеріне көшу уранға сұранысты арттырады. Бұл ретте, ағымдағы қаржы жылына арналған кіріс болжамы неғұрлым қолайлы бағалауларға негізделгенін атап өткен жөн. Қазіргі уақытта негізгі экспорттық металдарға бағаның сыртқы жағдайы төмендегенін көрсетеді: мырыш – 6,8%-ға, қорғасын – 0,4%-ға, импорт – 7,3%-ға, мұнай өндіру болжамнан 95,4 млн тоннадан 90,3 млн тоннаға дейін төмендеді  (оның ішінде осы жылдың 6 айында 2,3 млн тонна) және т.б.», деп нақтылады Қаржы министрлігі.

Бұл тенденция өз кезегінде, республикалық бюджетке түсетін түсімдердің тапшылығынан көрінеді. Ұлттық қорды уран саласына инвестициялау қоржынымызды әртараптандыруға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ әлемдегі ең ірі ресурстық базалардың біріне қол жеткізген табиғи уранның әлемдегі ең ірі өндірушісі. «Қазатомөнеркәсіп» уранды тек Қазақстан Республикасының аумағында өндіреді және 300 мың тоннаны құрайтын саладағы ең ірі уран қоры базасы бар.