Көктемгі алапат табиғат апатының зардабын жою мәселесі Мемлекет басшысының тікелей назарында. Үкімет басшысының тапсырмасына сәйкес қаржылық ұйымдар мен демеушілер өңірдегі зардап шеккен тұрғындарға қолұшын созып, көмек беріп жатыр.
«Мемлекет басшысы су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға тиісті көмек көрсетуді тапсырған болатын. Жалғыз баспанасы жарамсыз болған саяжай иелеріне бүгін тағы да бірнеше пәтер беріп жатырмыз. Жалпы, осы уақытқа дейін 750 саяжай тұрғыны баспанаға ие болды. Сондай-ақ Оралда 374 үйдің құрылысы жүріп жатыр», деп атап өтті облыс әкімі Нариман Төреғалиев.
Нариман Төреғалиұлы Орал қаласының орталығындағы «Омега» тұрғын үй кешенінен пәтер алып, баспаналы болып жатқан тұрғындарды құттықтап, жаңа қоныс иелеріне жақсылық тіледі.
«Көктемгі тасқын кезінде үйімізді су басты. 3 ай күттік. Бүгін жаңа пәтердің кілтін қолымызға алып отырмыз. Қаланың орталығында жаңа үйде тұрамыз деп күткен жоқ едік. Осындай жағдай жасаған Мемлекет басшысына алғысым шексіз», дейді «Нұрлы жол» саяжай учаскесінің тұрғыны болған Қайырғали Айтқали. Оралдық саяжай тұрғындарын баспанамен қамту әлі жалғасып жатыр.
Батыс Қазақстан облысы