Аймақтар • 16 Шілде, 2024

Саяжайдан – саялы пәтерге

50 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Биылғы су тасқыны ке­зінде жалғыз баспанасы жарамсыз деп танылған 10 саяжай тұрғыны Орал қаласында жаңа пәтерге ие болды. Бұл баспаналар демеушілердің қаржысына сатып алынған.

Саяжайдан – саялы пәтерге

Көктемгі алапат табиғат апатының зардабын жою мәселесі Мемлекет басшысының тіке­лей назарында. Үкімет басшы­сының тапсырмасына сәйкес қаржылық ұйымдар мен демеу­шілер өңірдегі зардап шеккен тұрғындарға қолұшын созып, көмек беріп жатыр.

«Мемлекет басшысы су тас­қы­нынан зардап шеккен тұрғындарға тиісті көмек көр­сетуді тапсырған болатын. Жал­ғыз баспанасы жарамсыз болған саяжай иелеріне бүгін тағы да бірнеше пәтер беріп жатырмыз. Жалпы, осы уақытқа дейін 750 саяжай тұрғыны баспанаға ие болды. Сондай-ақ Оралда 374 үйдің құрылысы жүріп жатыр», деп атап өтті облыс әкімі Нариман Төреғалиев.

Нариман Төреғалиұлы Орал қала­сының орталығындағы «Омега» тұрғын үй кешенінен пәтер алып, баспаналы болып жатқан тұрғындарды құттықтап, жаңа қоныс иелеріне жақсылық тіледі.

«Көктемгі тасқын кезінде үйімізді су басты. 3 ай күттік. Бүгін жаңа пәтердің кілтін қолы­мызға алып отырмыз. Қа­ла­­ның орта­лығында жаңа үйде тұрамыз деп күткен жоқ едік. Осындай жағдай жасаған Мемлекет басшысына алғысым шексіз», дейді «Нұрлы жол» саяжай учаскесінің тұрғыны болған Қайырғали Айтқали. Орал­дық саяжай тұр­ғындарын баспанамен қамту әлі жалғасып жатыр.

Батыс Қазақстан облысы