Жалпақ жұрт «Таза Қазақстан» деп экологияға мән беріліп жатқанда облыс орталығының тұрғындары көкірегін керіп, таза ауа жұта алмай пұшайман болып отыр. Бұл бүгін ғана пайда болған мәселе емес. Кейінгі жылдары көпшіліктің көрген күні осы. Биылғы бейнет тіпті ересен. Жаз бойы жауын бір тоқтамай жауып тұр. Облыс орталығының ішіндегі суағарлар мелтектей толып, ағар жол таба алмай, іркілген су көп тұрған соң борсып, сасып жатыр. Қала тұрғындары қараша, желтоқсан айларында өкпе-реніштерін білдіре бастаған. Қара қарғаның миы қайнайтын ыстықта көптен қордаланып қалған мәселе тіпті ушыға түсті. Ылғалдың көптігінен жергілікті халық ауызекі тілде Васильковка, Автогородок деп атайтын шағын аудандар, теміржол вокзалы мен автобекеттің маңындағы тұрғындар таза ауа жұтудан қалды. Оны айтасыз, дәл орталықтағы №1 мектептің жаны да күлімсі иіске толы. Жүз қадам жерде қалалық әкімдік орналасқан. Арғы жағында, дәл Қопа көлінің жағалауында аузы-мұрнынан шыққан кәріз суы ағып жатыр. «Ақ желкен» қонақүйінің маңы кішігірім көл дерсіз. Кәріз жүйесінен аққан лас, сасық су жиналып, айлап тазартылмай жатыр.
– Далаға шығудан қалдық, – дейді қала тұрғыны Дәнекер Бейсенбаев. – Балаларға обал. Есік алдына шықса тұншығып қалады. Терезені де аша алмаймыз. Көлкіген су жылға таппай тұра ма, Қопа көліне құйылып жатыр. Көл тағдырын ойлайтын адам бар ма екен? Онсыз да қоқысқа айналған, батпағы бетіне шығып жатқан су айдынын арамдап бітірдік.
Көлдің арғы жағалауында суға түсіп жатқан адамдарда не сән? Дәл осындай көрініс қаланы қақ жарып өтетін Қылшақты өзенінің бойында да орын алған. Кәріз құбырынан асып-тасып, төгілген су әуелі өзенге құйылып, өзенмен бойлап барып Қопаны былғап жатыр.
– Біздің кәсіпорынның жұмысшылары жаз бойы қолқаны қапқан күлімсі иістің кесірінен жұмыс істеуден қалды. Тұмшалап бетперде кигенімен, септігі шамалы. Киімдері де иістеніп кетеді, – дейді «Үй-жай құрылыс» ЖШС атқарушы директоры Бағлан Алғожин.
Жалғыз бұл кәсіпорынның ғана емес, көршілес қаншама еңбек ұжымдарының көрген күні осы. Атқарушы директор айтқан сөзім дәлелді болсын деп көлкіген суды бейнетаспаға түсіріп алған. Кәріз желісіне жауапты «Көкшетау су арнасы» мекемесіне арызданған. Арызында құбырдан ағатын судың күлімсі әрі қызыл түсті екеніне дейін көрсеткен. Ал «Көкшетау су арнасы» мекемесінің жауапты мамандары қаланың бұл аймағын бесінші насос стансасы тазалайтындығын айтқан. Басты себеп – жауынның көптігі. Кәріз құбыры лай суға мелтектеп толып қалған.
Арызданғалы да айдан астам уақыт өтіпті. Өзгерген ештеңе жоқ.
– Біз көрсетілген қызмет үшін ақысын уақытында төлеп отырмыз, – дейді Бағлан Алғожин. – Ал қызмет сапасы көңілден шығатын емес.
Содан соң әлеуметтік желідегі халықтың өкпе-назын көрсетті. Онда қаланың бұл ауданында үш айдан бері күлімсі иіс жайлап кеткені туралы айтылады. Осы бір келеңсіз жайт туралы айтылғанымен, мәселе көтерілгенімен, әзірге еш нәтиже жоқ. Ең өкініштісі де осы. «Көкшетау су арнасы» ресми жауабында былай дейді. Облыс орталығындағы кәріз құбыры 73 пайыз тозған. Жаңартуға қаржы жоқ. Мекеме әбден тозығы жеткен құбырларды мүмкіндігінше ауыстыруда. Көктемгі су тасқыны кезінде тоғыз насос стансасын су басып қалған. Оның үшеуінде, яғни №2,7,8 кәріз насос стансасының су айдайтын құрылғысы күйіп кеткен. Ал 15-ін күрделі жөндеуден өткізу керек. Штат кестесі бойынша 40 адам жұмыс істеу керек болса, бейнеті мол, берекесі шамалы кәсіпорында 19-ақ жұмысшы бар. 150 мыңнан астам тұрғыны бар облыс орталығы мен қала іргесінде екі елді мекенге үш экипаж ғана қызмет көрсетеді. Ал арыз-шағым күн сайын дүмеп түсіп жатыр.
Кейінгі жылдары қалада жаңа ғимараттар жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай бой көтеруде. Жарты ғасыр бұрын салынған кәріз желісі үстеме жүк молайған соң мүмкіндігі шектеулі болып жатыр. 2019-2023 жылдар аралығында ондаған тұрғын үй кешендері бой көтерді. Тиісінше жүйеге жүктеме еселей көбейді. Көктемгі қызыл су жүрген, жазғы нөсер жауын жауған уақытта су өткізетін коллектордың қуаты жетпей, кәріз насос стансалары тоқтаусыз жұмыс істейді. Сол себепті тозуы да тез. Суағарлардың бойы да мұншалықты суды кідіріссіз өткізе алмай, облыс орталығының бірнеше жерінде көлшік пайда болған. Ыстықта ақпаған су борсымай тұра ма?
Қала әкімі Бауыржан Ғайса осы мәселе жайында тілшілермен тілдескен кезінде мән-жайды айтып түсіндірді. Әкімнің айтуынша, кәріз құбыр жүйесі түгелге жуық жаңғыртуды қажет етеді. №7 негізгі насос стансасында үлкен апат болған. Бұл апаттың зардабын жоюға жиырма күн уақыт кеткен. Жауынның жиілігінен жерасты суы да көтерілген. Міне, осы су желіге құйылып жатыр. Құм аралас су құйылған соң, жүйедегі жол бітеліп, су өткізу қабілеті азая түскен.
Әзірге тығырықтан шығуға жол іздеген қала басшылығы алты насос сатып алуға тапсырыс берген. Егер қаржы облыстан бөлінбесе, жергілікті бюджеттің жарытымсыз қаражатына алынбақ.
– Құбырдағы лас су Қопа көліне құйылып жатқан жоқ, – дейді қала әкімі. – Бұл – жерасты суы. Бәлкім құбыр толып, көзі бітелген кезде арагідік ағатын болуы, әйтпесе күні-түні ағып жатыр деген пікірді қуаттай алмаймын.
Қалай болған күнде де жер шоқтығы – Көкшенің орталығындағы жағдай алаңдатарлық. Қала халқы күлімсіген иістен, қаланы басқан қоқыстан құтылар күн бар ма екен деп қапаланып отыр.
Көкшетау