Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Ерлан Есқараев арнайы баяндама жасады. Сөз барысында 2024 жылға қалалық бюджет шығыстары 19,6 млрд теңгеге өсетіні айтылды.
Басқарма басшысының мәлімдеуінше, қала бюджетін нақтылау Қазақстанның Бюджет кодексінің талаптарына сәйкес жүргізіледі. Бұған дейін қазынаға қатысты ұсынылған өзгерістер, қоғамдық кеңес пен мәслихаттың комиссияларында жан-жақты қаралған. Сондықтан бюджеттің негізгі бағыттарына тоқталған баяндамашы оның көлемін 30 млрд теңгеге қосымша ұлғайту керектігі жөнінде ұсынысты жеткізді.
Қомақты қаражат 17 млрд теңге – өзіндік кірістер жоспарын ұлғайту, 2,8 млрд теңге – республикалық бюджеттің қаржысы, 9,5 млрд теңге тұрғын үй құрылысына облигациялық қарыздар есебінен толмақ. Басқарма басшысы бюджеттің шығыстарын жоспарлау барысында бірінші кезекте халықтың өзекті мәселелерін шешетін шығындарына басымдық берілетінін атап өтті. Тарқатып айтсақ, 8 елді мекенде газ жүйелерінің құрылысына – 4,3 млрд теңге, жер телімдерін мемлекеттік қажеттілікке алуға – 4,5 млрд теңге, полиция қызметкерлерінің тұрғын үй төлемдеріне – 1,2 млрд теңге, жолдарды күрделі және орташа жөндеу жұмыстарына – 3,2 млрд теңге, ауыл шаруашылығы өнімдерін субсидиялауға – 676 млн теңге, әлеуметтік осал топтарына 636 пәтер сатып алуға – 3,6 млрд теңге, 12 көпқабатты тұрғын үйлерді күрделі жөндеуге – 1,3 млрд теңге, 13 көпқабатты тұрғын үйдегі 24 лифтіні ауыстыруға – 367 млн теңге, тұрғын үй сертификаттарын беруге – 300 млн теңге, әлеуметтік қолдау шараларына – 885,4 млн теңге, инженерлік инфрақұрылым жүйелерінің құрылысына қосымша – 2,4 млрд теңге, сумен жабдықтау жүйесін дамытуға – 340,5 млн теңге, көлік инфрақұрылымын дамытуға – 3,9 млрд теңге, индустриялық аймақтардың инженерлік жүйелерінің құрылысына – 1,1 млрд теңге.
Сонымен, жалпы бюджетті нақтылау нәтижесінде қала қазынасының қаржы көлемі қазіргі 735 млрд теңгеден 764 млрд теңгеге дейін артатын болды. Яғни 30 млрд теңге өсім күтіліп отыр.
«Шымкент 2018 жылы республикалық маңызы бар қала мәртебесін алған кезде оның бюджеті 146 млрд теңге еді. Оның ішінде қаланың өзіндік кірістері 72 млрд теңге немесе бюджет шығыстарының 49 пайызын құраған еді. Алты жылда мегаполис қазынасы бірнеше есеге ұлғайды. Мәселен, бюджеттің кірістеріне тоқталатын болсақ, 2024 жылға қаланың жалпы кіріс көздері 678,6 млрд теңгеге жетті. Ол 763,7 млрд теңге бюджет шығыстарының 89 пайызын құрайды. Оның ішінде өзіндік кірістер 404,4 млрд теңгеге өсті. 2023 жылмен салыстырғанда қазына көлемі 62 млрд теңгеге артқан. Ал республикалық бюджетке түсетін түсімдер 274,2 млрд теңге болды. Бұл көрсеткіш қаланың жылдан-жылға дотациядан арылу бойынша жүйелі жұмыстардың жүргізіліп келе жатқанын білдіреді. Қала экономикасының күшеюінің нәтижесінде бүгінгі таңда мегаполис бюжетінің көлемі 5 есеге артып, 763,7 млрд теңгеге өсті. Оның ішінде ағымдағы бюджет 591,4 млрд теңге болса, даму бюджеті 172,3 млрд теңге құрайды», деді шаһардың бас экономисі Е.Есқараев.
Сондай-ақ басқарма басшысы өз сөзінде жалпы бюджет шығыстарының басым бөлігін, атап айтқанда, 384 млрд теңгені әлеуметтік салаға қарай бөлу қарастырылғанын айтты. Бұл жалпы бюджет көлемінің 50,3 пайыз үлесін құрап отыр. Яғни мегаполис қазынасының тең жартысынан астамы халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға жұмсалып жатыр деген сөз. Айталық, білім беру саласына – 289,7 млрд теңге немесе 75,4%, денсаулық сақтау cаласына – 18,1млрд теңге немесе 4,7%, әлеуметтік көмекке және әлеуметтік қамсыздандыруға – 40,6 млрд теңге немесе 10,6%, мәдениет, спорт, туризм және ақпараттық кеңістікке – 35,6 млрд теңге немесе 9,3%.
Бүгінгі таңда бюджет шығындарын азайту бойынша Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау мақсатында тиісті жұмыстар қолға алынып келеді. Соның ішінде 2024 жылға бюджетте қаралған имидждік және басқа да маңызды іс-шаралар оңтайландырылды. Осыған сәйкес 831,3 млн теңге қысқартылып, бұл қомақты қаражат бірінші кезекте халықтың әлеуметтік проблемасын шешетін шығындарға қарай бағытталды.
Күн тәртібінде қаралған екінші мәселе бойынша Шымкент қаласы қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының басшысы Оңғар Әбілхайыр арнайы баяндама жасады. Сала жетекшісі өз баяндамасында мегаполис аумағын абаттандыру бойынша аумақтардың кешенді және орнықты дамуына ықпал ететін жұмыстарды қолға алу қажеттігіне тоқталды. Басқарма басшысының мәлімдеуінше, шаһар қауіпсіз, жайлы, ыңғайлы, экологиялық таза әрі тартымды болу керек. Осыған байланысты қалалық орта құру бағытындағы жұмыстардың қағидасын бекітуді ұсынды.
Кейінгі жылдары, әсіресе Шымкент республикалық қала мәртебесін алғалы көгалдандыру, абаттандыру бағытында қарқынды дамып келеді. Жаңа шағын аудандар құрылып, онда көптеген көпқабатты үйдің салынуымен бірге сол аумақтардан жасыл желекке көмкерілген саябақ, гүлзар да пайда болып жатыр. Айталық, шаһардағы «Қырғы базардың» маңындағы Көл аймағы бір кездері жобасы жасалғанымен, суы тартылып, кенезесі кеуіп жатты. Биыл жоба қайта қолға алынып, тиісті инженерлік-құрылыс жұмыстарының нәтижесінде Көлдің табаны қайта суға толып, нағыз айдынды көлге айналды. Одан бөлек, Жібек жолы даңғылы мен Сайрам көшесінің қиылысындағы аумақ жабайы сауда нүктесі мен заңсыз салынған сауда құрылыстарынан көз ашпайтын. Қазір ол жердің бәрі тазаланып, оның орнында кереметтей демалыс аймағы ашылды. Жан-жағы жайқалған тал-терек, ерекше сәулетпен салынған кіші саябақ қала тұрғындарының сүйікті демалыс орындарының біріне айналып келеді. Осы секілді абаттандыру бағытындағы жұмыстар бүгінде Шымшаһарда өте қарқынды атқарылып отыр. Ал жоғарыда аталған көріктендіруге байланысты жаңа қағида Шымкентті одан сайын жасыл қала ете түседі деген сенімді молайтады.
Сонымен, қалалық мәслихатта өткен он тоғызыншы отырыста депутаттар күн тәртібінде қаралған мәселелерді екшеп, тиісті шешімдерді қабылдады.
Ал сессия соңында қорытынды сөз сөйлеген қала әкімі Ғабит Сыздықбеков: «Мегаполистің дамуына, халқымыздың әл-ауқатын арттыруға бағытталған маңызды шешімдер қабылданды деп ойлаймын. Бюджеттің әрбір тиыны өз мақсатына сай әрі қарапайым тұрғындардың пайдасы үшін жұмсалуға тиіс. Әрине, шаһарда шешімін күткен өзекті мәселелер әлі де баршылық. Бірақ дей тұрғанмен соларды біртіндеп шешуге мәслихат та, атқарушы билік те бірігіп күш жұмсау керек. Осы бағытта баршаңызды туған қаланы көркейту жолында аянбай еңбек етуге шақырамын», деді.