Қарағандыдағы Сәкен театры. Тық-тық еткен жазу мәшіңкесінің дамылсыз дауысы. Бұл дыбысты бұрын қайдан естіп едім? Мүмкін, қызыл аттың дымқыл асфальтта шоқырақтап келе жатқанында құлағыма келген дыбыс па?.. Мүмкін, тау ішінде ақбозаттың айдай тағасы тастаққа кезек түскенін, шырқалған әннің арасынан құлағым шалып қалды ма?..
Жоқ! Бұл ешқандай ат жүрісінің көркем суреті, не болмаса «Тар жол, тайғақ кешуді» тасқа басқан мәшіңкенің дыбысы емес, террорлық қанды қызыл машинаның дауысы болатын! Үрей шақырып, арқа-басыңды шымырлатқан сол суық тықыл «Ату жазасына кесілсін» деген сот шешімін қағазға басып жатты...
Жолтай Әлмашұлының шығармасы бойынша қойылған «Сәкеннің соңғы сапары» атты драманың премьерасы осы әсермен басталды. Шығарма Сәкеннің кіндік қаны тамған, туған жері – Арқа төсіне жасаған соңғы сапарынан сыр шертті. Қоюшы режиссері Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Дунай Еспаев, суретшісі Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Т.Аккерт. Хормейстер – Д.Сатаева. Бас-аяғы бүтін, айтары бар жемісті еңбек. Тіпті, 1906-1909 жылдары Сәкен оқыған мектепте болашақ режиссердің дәріс алуы да оның бұл тақырыпқа үлкен дайындықпен келгендігін аңғартады.
Қойылымға көшейік. Сәкеннің болмысы Сәкен мен Садықтың (Садықбек Сапарбекович – обком хатшысы) хатшының екі көмекшісі болып ойнайтын – Тасжан мен Ұланбектің үнемі қарама-қайшы келе беретін алуан пікірлері арқылы ашылып, әдебиетшілер шеше алмай келе жатқан Мағжан-Сәкен-Сәбит түйіні сынды даулы мәселелерге бірнеше мәрте жауап берілді. Тіл – көркем, ойын – шебер, талғам – биік. Кәсіби көзқарастан бөлек, қарапайым көрермен шын Сәкенді көрді. Дауысы жұмсақ, біз портрет қылып тастаған тәкаппар қалыптан ада Сәкен. Бұл сөзімізді қоюшы режиссердің өзі:
– Туындының басқа қойылымдардан ерекшелігі еш жасандылықсыз, бірде бір әуенсіз көмкеріліп, көрерменге шынайы түрде ұсынылуында, – дейді. Оның айтуынша, Сәкен Халық комиссариатының төрағасы болып тұрғанда, қазақ жастары білім алуы үшін үкімет қаржысының басым бөлігін осы салаға бөліп отырғанын біреу білсе, біреу білмейді.
Сондай-ақ, спектакльде ақынның ана тілімізге мәртебе беру және ұлттық кадрларды мемлекеттік іске көптеп тарту, еліміздің болашақ астанасы Арқа төсіне көшетіні туралы көтерген мәселелері жан-жақты бейнеленеді.
Қойылым Сәкеннің бұрын беймәлім болып келген өмір қалтарыстарын дәл айтқандығымен құнды болды. Белгілі ардагер әртіс Ерғали Жүнісбековтің жиынтық образы ет жүректі езді. Тұманды жанарға келмеске кеткен көшпенділер өркениетінің соңғы өкілі сияқты елес қалдырды. Сері Сәкен халықтың ортасынан шыққан, халықтың қамын шын ойлай білетін, жай-күйіне шын пейілімен араласқан, қайғы-қасіретті қатар шеккен тірі тұлға ретінде сомдалды. Нәзір Төреқұловтың рөлін сомдаған белгілі актер Кеңес Жұмабековтің шебер ойынына да көрермен қошемет көрсетті.
Қорыта айтқанда, айналасындағы кейіпкерлер арқылы Сәкеннің шын образы бекігендей әсер қалдырды. Сәкен рөлінде – Ғани Бердембетов атты жас актер ойнады.
Мирас АСАН.
ҚАРАҒАНДЫ.