Әлем • 16 Шілде, 2024

Қапиядағы қастандық және Трамптың абыройы

53 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

АҚШ-тың экс-президенті, биылғы кезекті сайлауалды бәсекеде алдына қара салмай келе жатқан екеудің бірі – Дональд Трампқа Пенсильвания штатының Батлер қаласында кезекті сайлауалды митинг кезінде қарумен қастандық жасалғанын бүгінде әлем жұрты қызу талқылап, мұндай жағдайды айыптайтын пікір білдіріп жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та Трамптың сауығып кетуіне тілеулестігін білдіріп, мұндай озбырлықты қатаң айыптайтынын жеткізді. Ал кей сарапшылар әйгілі әккі саясаткердің осы оқиғадан кейін беделі одан сайын арта түсіп, сөзсіз президент болатынына сенімді.

Қапиядағы қастандық және Трамптың абыройы

AP Photo / Evan Vucci

Құрығы қысқа құпия қызмет

Дональд Трампқа АҚШ-та еркін ұстап жүруге рұқсат етілген жартылай автоматты AR-15 типіндегі винтовкадан оқ атылды. Федералды тергеу бюросы (FBI) қандықол қылмыскердің аты-жөнін анықтады. Ол Томас Мэтью Крукс есімді 20 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты. Құдай қағып, әлі де көрер жары­ғы бар республикалықтар көш­басшысының құлағы ғана жырылды. Өкінішке қарай, оқиғаға еш қатысы жоқ бейкүнә бір тұр­ғын оққа ұшты. Ол осы сай­­лауалды бейбіт митингке қаты­суға келген 50 жастағы бұ­рын­ғы өрт сөндіруші екен. Ал Трамп­тың Қауіпсіздік қызметінің мер­ген­дері көп ұзамай күдіктіні дәл нысанаға алып, атып түсірді. Ол Трамп сөйлеп тұрған сахнадан небәрі 130 метр ғана қашықтағы сарайдың шатырында жатқан.

Осы оқиғадан соң көпшіліктен қалмай президент Джо Байден де, елдің бұрынғы басшылары да мұндай саяси күш көрсетуді айыптап, оқ атуға жол беріп қойған Құпия қызметтің немқұ­райдылығын сынға алды.

Оқиға орнындағы жағдай тыныш­талған соң қауіпсіздік қызмет өкілдері Трампты қаума­лай қорғаштап, сахнадан алып кетті. Оқ тескен құлағынан сорға­лаған қан бетін шайған Трамп «Менде бәрі жақсы, біз бәрі­бір жеңе­міз!» дегендей, оққа­ғар­ларының арасынан жұды­рығын жоғары шығарып, жақтау­шыларының делебесін қоздырды.

ФТБ-ның мәлімдеуінше күдікті жалғыз өзі болған және құқық қорғау органдары оның қандай да бір идеологиямен байланыс­та болғанын әлі анықтаған жоқ. Себебі ол сол жерде-ақ тіл тартпай кетті.

Wall Street Journal газеті, Associated Press агенттігі мен CNN телекомпаниясы құқық қорғау органдарына сілтеме жасап, Крукстың митинг маңын­да қалған көлігінен де, қала сыр­тындағы Питтсбургтегі үйі­нен де жарылғыш заттардың табыл­ғанын растап отыр.

Тағы бір айта кетерлігі, ол оқиғадан бірнеше күн бұрын ғана әлеуметтік желіге республикашыларды, әсіресе Трампты жек көретінін баяндаған бейнежазба жариялаған екен. Бірақ көп ұзамай өшіріп тастаған.

Қалай болғанда да, енді Америкада саяси тұлғалардың, саяси жиындардың қауіпсіздігі кү­шейтілмек. Оған президент Байден уәде беріп, алдағы уа­қыт­­та Республикалық партия ми­тингілерінің қауіпсіздігі кү­шей­тілетінін айтты.

«Мен Құпия қызмет басшысына барлық қауіпсіздік шараларын қайта қарауды тапсырдым», деді Байден.

Ал Ақ үй Трамп пен оның жақ­тас­тары­на жасалған қастан­дық­қа байланыс­ты тәуелсіз тергеу жүргізуге бұйрық берді.

Дональд Трамптың аға кеңес­шісі Стивен Мур BBC-ге берген сұхбатында митинг қатысу­шыларына емін-еркін оқ атылуына Құпия қызмет жасағанын қалайша жол беріп қойғанына байланысты көп сұрақ туындап жатқанын мәлімдеді. Өз кезегін­де Конгрестегі республикалық­тар басшылық ететін Өкілдер палатасы қадағалау комитетінің шақыруымен АҚШ Құпия қызметінің басшысы Кимберли Читл 22 шілде күні Конгресс алдында жауап беретін болды.

Байден не дейді?

АҚШ президенті жексенбі күні Ақ үйдегі кабинетіне келіп, телеарналардың прайм-тайм уақы­тында халқына бей­неүн­деу жолдады. Джо Бай­ден өзі­нің қараша айында болатын сай­лаудағы басты саяси қар­сы­ласы болып отырған Дональд Трамп­тың өміріне қауіп төнгені­не өкініш білдіріп, алаң­дап қал­ға­­нын жеткізді. Және жұрт­шы­лық­ты күдіктінің мұн­дай қадамға қан­­дай оймен бар­ғанына қатыс­ты асы­ғыс көз­қарас қалыптастыр­мау­ға шақыр­ды. Және ел сая­сатын­дағы қызу­қандылықты өршіт­пеу керектігін мәлімдеді.

«Біз Америкада мұндай жолмен жүре алмаймыз және жүрмеуіміз де керек. Америка­да мұндай күш көрсетуге, жалпы ешқандай озбырлыққа орын жоқ. Озбырлықтың қалыпты жағдайға айналуына жол бере алмаймыз. Мен барлығыңызды Дональд Трампты атқан адамның мұндай қадамға баруына түрткі болған себептерге және оның сая­си ұстанымына қатысты асығыс пікір білдірмеуге шақырамын. ФТБ-ның және оның серіктес-ведомстволарының жұмыс істеуіне мүмкіндік берейік», деді АҚШ президенті үндеуінде.

Оқиға әлі сарапталады

Трамптың жақтастары бұл қарулы қастандықтан кейін оның демократиялық партиядағы қарсыластары экс-президентті барлық күнәлары үшін айыптайтын жалпы атмосфера тудыр­ғанын айтып, наразылық білдіре бастады.

Ал америкалық баспасөз­дің хабарлауынша, Трамп пен оның сайлауалды митин­гі­сіне қатысушыларға оқ атқан 20 жастағы Томас Крукс Респуб­ликалық партия­ның жақтаушысы ретінде ресми тіркелген екен. Айтпақ­шы, қылмыскер өзінің әлеуметтік желіге жүктеген бейнежазбасындағы сөзі арасында «Мені бекер таңдадыңыздар» деп те айтып қалады. Крукстың республикашыларға қандай оймен қосылғаны сол күйі жұмбақ болып қала бермек. Бір анығы, ол өзі тіркелген партияның беделді көшбасшыларының бірінің артынан келіп пышақ ұрғандай әрекетке барды.

Қысқасы, Трамптың өз қауіп­сіздік қызметінде кадрлық өзгерістер орын алып жатқан сияқты. Қалай десек те, дәл қазір қызды-қыздымен Трампқа жасалған қастандыққа қатысты әлеуметтік желіде сан түрлі сая­си пікір айтылып, телеарна­ларда сарапшылар неше түр­лі болжам жасап жатыр. Ра­сында қылмыскердің Рес­пуб­­­ликалық партиядан болуы, полицияның митинг маңын­да бір ер адамның сарай шатырында күмәнді адамның жат­қаны туралы ескертпесіне елең ете қоймауы, небәрі 130 метр қашықта жатқан қарулы адам­ды оған қарама-қарсы бағыт­тағы сарайдың төбесінде отыр­ған Құпия қызметтің кәсіби мер­гендерінің көрмеуі күмән тудырып отырғаны рас. Оқиғаның анық-қанығы алдағы уақытта жария бола жатар. Ал кеше Дональд Трамп кезекті үлкен митинг барысында күзде өтетін президент сайлауына Республикалық партия атынан түсетін басты кандидат болып ресми түрде бекітілді.