Фото: elements.envato.com
«1 шілдеден бастап тестілеудің екінші кезеңі басталды. Клиникалық сынаққа 3 мыңға жуық адам қатысады. Барлығы 5 мыңнан астам онкологиялық науқас сынаққа қатысуға ниет білдіріп, тіркелді. Қаражат Жоғары ғылыми-техникалық комиссияның шешімімен қарастырылған. Зерттеу тобына екінші кезеңді жүргізуге шамамен 2 млрд теңге тамыз айында аударылады. Жыл соңына дейін біз барлық деректі өңдейміз. Келесі жылы дәрі-дәрмекті тіркеуге шығарамыз деген сенімдеміз», деді Саясат Нұрбек.
Онкологияның ең агрессивті түрлерінің бірі − тоқ ішек қатерлі ісігінің IV сатысы анықталған науқастар ерікті ретінде қатысқан клиникалық сынақтардың бірінші кезеңінің нәтижесі бойынша препарат тиімділігін көрсетті. Ісіктің қалыптасуы орта есеппен 30%-ға азайды.
Екінші кезең түрлі қатерлі ісігі бар адамдарға дәрі-дәрмекті тексеріп көруді қамтиды. Сынақ Астана, Алматы, Павлодарда өткізіледі.
Еске сала кетейік, бұған дейін Nazarbayev University-ге барған кезде Премьер-министр Олжас Бектенов жас ғалымдардың, оның ішінде National Laboratory Astana зерттеу тобының әзірлемелерімен танысты. Қатерлі ісікке қарсы тиімді дәрі жасау — мамандардың ең амбициалы жобаларының бірі.