Мемлекет басшысының атына Астана қаласындағы Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің физика-математика бағытындағы интеллектуалдық мектебінің түлектерінен хат келіп түсті, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі.
Биылғы жылы осы оқу орнының алғашқы түлектері мектеп бітірді. Авторлар мектептің 38 түлегінің 12-сі халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар жарыстарына, республикалық пәндік олимпиадаларға қатысушылар мен жүлдегерлер екенін хабарлаған.
Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижелері бойынша мектеп алған орташа балл 114,59, ал ең төменгі балл 101 болған. Екі түлек 124 баллдан алған. “Алтын белгі” төс белгісінен он үміткердің бәрі де өз білімдерін дәлелдеп шыққан.
Түлектердің көпшілігі Астананың жаңа университетіне қабылдаудың үш кезеңінен ойдағыдай өткен. Бірқатар түлектер ІELTS және TOEFL ағылшын тілдерін білуге арналған тестілеудің, сондай-ақ математика мен физика бойынша ағылшын тілінде тапсырылған екі деңгейлі емтихандардың нәтижелері бойынша АҚШ пен Ұлыбританияның жетекші техникалық университеттерінен шақыру алды. Жекелеген түлектер Қазақстан мен Ресейдің жетекші жоо-ларының гранттарына ие болып отыр.
“Біз Қазақстанның болашақ индустриялық және экономикалық секірісі үшін қажет мамандықтарды таңдадық. Бұл аэроғарыштық инжиниринг, ақпараттық технологиялар, электроника, энергетика, нанотехнологиялар және басқалар.
Біз Сіздің атыңыздағы барлық оқу орындары Сіздің сеніміңізді ақтап, отандық білім жүйесінің көш бастаушылары болатынына, кейіннен бүкіл Қазақстан бойынша ендірілетін осы заманғы оқу бағдарламаларын әзірлеу және байқап көру жөніндегі басты алаңдарға айналатынына сенеміз және қолымыздан келгеннің бәрін де істейміз.
Біздер, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің алғашқы интеллектуалдық мектебінің тұңғыш түлектері ең беделді жоғары білім алып, өзіміздің барлық біліміміз бен күш-қуатымызды біздің сүйікті Отанымыздың өркендеуі үшін жұмсайтынымызға Сізді сендіреміз!
Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, Сіздің Қазақстандағы білімді дамытуға үнемі қамқорлық жасап отырғаныңыз үшін рахмет! Біздің бақытты балалық шағымыз үшін Сізге рахмет! Біздің интеллектуалдық мектебіміз үшін Сізге рахмет! Сізге зор денсаулық және ұзақ ғұмыр тілейміз!” – делінген хатта.