Фото: Туризм және спорт министрлігі
Қазақстан Тәуелсіздік жылдарынан бері осымен сегізінші рет жазғы Олимпиадаға қатыспақ. Іс-шарада Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев спортшылар және жаттықтырушылар құрамымен әңгімелесіп, алдағы жарыстарға сәттілік тіледі.
«Сіздердің алдарыңызда елімізді Париж Олимпиадасында таныстыру, ел намысын абыроймен қорғау сияқты маңызды әрі өте жауапты міндет тұр. Сіздердің чемпиондық мінездеріңіз, табандылықтарыңыз, жеңіске деген ерік-жігерлеріңіз, осы күнге дейін жиған тәжірибелеріңіз, жаттықтырушылардың, дәрігерлердің, массаж жасаушылардың қажырлы еңбегінің арқасында үлкен нәтижеге жететінімізге сенімдімін», деді Ермек Маржықпаев.
Айта кетейік, төртжылдықтың басты додасы 26 шілде мен 11 тамыз аралығында Париж қаласында өтеді. Франция астанасында Қазақстан құрамасы сапынан 80 атлет спорттың 25 түрінен бақ сынайды.