Көктемгі қызыл судың әсерінен бүлінген жер бүтінделіп, тазартылып жатыр. Қазір қай тарапқа қарасаң да ұқыпты қолдың табы анық байқалады. Бір жақсысы, жерлестеріміздің туған табиғатқа, өздері тұрып жатқан сүйікті қалаларының көркіне деген ыстық ықыласы еселене түсті.
Акция барысында белсенді жастардың іс-қимылы айрықша байқалды. Жастар қала тұрғындарымен бірлесе отырып, 3 тоннадан аса қоқыс шығарды. Белсенділердің беріле істеген іс-қимылдары арқылы жасыл желек жамылған облыс орталығы өзгеше кейіпке еніп, сұлудай сыланып тұр. Алдағы уақытта табиғат жанашырлары көктемде қызыл су жайылып кеткен Қылшақты өзенінің бойын тазартпақ. Қаланың осы бөлігіндегі жер үйлерді, мектепті, балабақшаны су басып қалған еді. Одан бері де бұл аймақ біршама тазартылып, өңі кіріп қалған. Жігерлі жастар осы аймақты тағы да мұнтаздай етіп тазалап шықпақ.
Қала көркіне көп-көрім үлес қосқан іс-шараны облыстық жастар ресурстық орталығы, волонтерлерді қорғау орталығы фронт-кеңсесі ұйымдастырып, игі іске ұйытқы болып жатыр.
Көкшетау