Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде болған баспасөз мәслихатында Республикалық «Ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігі Орталық кеңесінің төрағасы Өмірзақ Озғанбаев жәрдем алуда ардагерлердің қолын ұзартатын «Жеңіс» акциясы басталғанын жариялады.
«Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығына арналған шаралар туралы» деген тақырыпта өткен баспасөз мәслихатына «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарушы директоры Дархан Қалетаев, Еуразиялық медиа форумның бас директоры Руслан Жемков, «Өмір жолы 24» қоғамдық қорының директоры Эрнар Нұрбеков қатысты. Олар Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай атқарылып жатқан шараларға тоқталып, соғыс ардагерлеріне жасалатын қамқорлықтар жөнінде әңгімеледі. «Естеріңізде болса, «Самұрық-Қазына» АҚ пен Республикалық «Ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігі 2015 жылы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығын тойлау қарсаңындағы дайындық жұмыстары аясында әріптестік туралы меморандумға қол қойды. Қазіргі жүзеге асырылып жатқан игі жобалар соның жемісі деуге болады», деді Д.Қалетаев.
Басқарушы директор әл-ауқат қорының айтулы шараға орай бөлген қаражаты туралы да айтты. «2014 жылы «Самұрық-Қазына» ҰОС ардагерлерін қолдауға 130 млн. теңге қаржы бөлді. Биыл біз бұл көмекті еселеп арттырдық. Сөйтіп, оның көлемі 600 млн. теңгеден асып түсті. Осы қаржы есебінен ардагерлерге тиісті көмек көрсетіліп, жүйелі негізде кешенді қолдау жасалады. Өткізілетін шаралар жоспары «Ардагерлер ұйымы» орталық кеңесімен келісілді. Қор бұл бағдарламаға қатысу үшін серіктестерді тартып отыр. Осы орайда қайырымдылық акцияларын өткізу, ақпараттық Интернет-порталды құру, сондай-ақ көп сериялы «Наша война» деректі фильмін түсіру және басқа да шараларды ұйымдастыру қарастырылған», деді ол.
Адамзат тарихында ең қасіретті болған Екінші дүниежүзілік соғысқа 60 миллионнан астам адам қатысқанын, оның 26 миллионнан астамы КСРО азаматтары болғанын айтқан Ардагерлер кеңесінің төрағасы, Қазақстаннан Отанды қорғауға 1 миллион 200 мыңнан астам адам аттанып, оның 400 мыңнан астамы майданнан оралмағанын айтты. Қазіргі көзі тірі 5 мыңға жуық соғыс ардагерлеріне мемлекетпен қатар қоғамның да қамқорлығы қажет екеніне назар аудартты. «Бүгін осы меморандум бойынша жаңа акцияны іске асырғалы отырмыз. Бұл акцияны біз «Жеңіс» деп атадық. Осы шара жетпіс жылдықтан кейін де ардагерлерді қамқорлыққа алып, оларға қажетті қолдау көрсететін ұйым болғалы тұр. Осы акция аясында ардагерлерге «қауіп-қатер дабылы» таратылады. Яғни, үйде жалғыз қалған, қараушысы жоқ ардагерлер қиын жағдайға түскен кезде қолындағы білезікті немесе мойнындағы алқа түріндегі құрылғының түймесін басса, орталық диспетчерлік пунктке хабар түседі. Хабар негізінде бұл ардагер туралы толық ақпарат шығарылып, қарттарға дереу жедел жәрдем машинасы немесе басқа да көмек түрлері барады», деді Ө.Озғанбаев.
Бұйыртса, алдағы жұма күнінен бастап бұл құрылғылар қарттарға таратыла бастайды. Ардагерлер сәуір айының аяғына дейін құрылғылармен толық жабдықталып болады екен. Десек те, өкініштісі, елімізде балалары мен жақын туғандарының қамқорлығынсыз, қараусыз қалған ардагерлер де бар екен. Оны тілшінің қойған сұрағына орай, ардагерлер ұйымы кеңесінің төрағасы айтты. «Бауыр еті балалары мен ет жақын туыстары бола тұрып, қараусыз қалған, қарттар үйлерін тұрақ еткен ардагерлеріміз бар», деп қорытты ол өз сөзін.
Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ,
«Егемен Қазақстан».