Суретті түсірген – Наталья Зинченко
Облыс орталығында тұрғындардың барлық санатына арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Мұнда жалпы саны 70 ұйым өздеріндегі бос еңбек орындарын ұсынды. Кейбір ұйымдардың ұсыныстарын білмек оймен жұмыс іздеген жұртшылық кәдімгідей кезекке тұрды. Оқуды жаңа бітірген жас та, қырықтан асып кеткен жігіт ағасы да осы жерден табылды.
– Мұндай жәрмеңкелер жалпы қалада уақыт сайын өткізіліп тұрады. Бүгінгі іс-шараны кең ауқымды әрі жұртшылық жиі серуендейтін Орталық жағажайда ұйымдастыруды шешкен едік. Күткеніміздей адам көп келіп жатыр. Азаматтар жұмыс берушілермен тікелей тілдесіп, өздерін қызықтырған сұрақтарына бірден жауап алады. Оқу орындарының түлектері, зейнет алды жасындағы адамдар болсын, тұрақты әрі табысты жұмыс тапқысы келеді. Тіпті кейбір адамдар істеп жүрген жұмысынан табысы неғұрлым жоғары еңбек орнын іздей алады. Жәрмеңкеге жалпы саны 70 жұмыс беруші қатысып,
1 100-ден аса бос жұмыс орнын ұсынды. Кәсіпорындардың көбіне білікті қызметкерлер қажет, дейтұрғанмен бейінді оқу орнында білім алған азаматтар үшін де бос орындар бар екені айтылып жатыр. Жұмыс берушілер тек Павлодар қаласынан ғана емес, өңіріміздің барлық ауданынан, Ақсу мен Екібастұз қалаларынан келді. Мәселен, оқуды жаңа тәмамдаған педагог ауылда мұғалім болып еңбек жолын бастай алады. Ауылдарда жас мамандарға мұқтаждық бар. Ол жерлерде жалақы да жоғары, ай сайын қосымша алатын үстемелер қарастырылған. Ал егер жас мамандар отбасымен баратын болса, жергілікті әкімдіктер оларды баспанамен қамтуға жәрдемдеседі, – дейді өңірлік еңбек ұтқырлығы орталығының директоры Меруерт Есембаева.
Келушілерге түрлі саладағы еңбек орындары ұсынылды: банк саласы, ауыл шаруашылығы, білім беру, денсаулық сақтау, құқық қорғау, өзен флоты, азаматтық қорғаныс, т.б. Ірі өнеркәсіптік компаниялар да білікті кадр іздеп келіпті. Олардың ішінде «Каустик», «Рубиком», «Богатырь Көмір», «Гофротара», «Скиф Трейд» кәсіпорындары көзге шалынды.
Павлодар өзен портының өкілдері өздеріне қозғалтқыш жөндеушілер мен аспаздар қажет екенін жеткізді.
«Еңбекақы шамамен 200 мың теңгенің төңірегінде болады. Ұйымымыз Ертіс өзенінен құм қазып, тасымалдаумен шұғылданады. Қызметкерлеріміз қалқымалы крандар мен теплоходтарда істейді. Жасы 35-ке дейінгі ер азаматтар керек. Дене күшін қажет ететін жұмыс, кейде қызметкерлеріміз жоғарыға өрмелесе, енді бірде баржадан теплоходқа секіріп жүре береді. Ширақ, мығым азаматтар қажет. Барлығына өзіміз үйретеміз. Сондай-ақ аспаздар, порт жұмыскерлері де керек», деп өз талаптарын баяндады компания өкілдері.
Ал «Қазэнергокабель» АҚ-ның жұмыс берушілері орта буындағы білікті кадрлар 350 мың теңге еңбекақы және әр тоқсан сайын жалақысының 50-100 көлемінде сыйақы алатынын айтты. Мұнда өндірістік цех жұмыскерлерін, жиынтықтаушы, жүк ілуші, менеджер, қамту жөніндегі инженер, инженер-сынаушыларды қабылдауға дайын. Бұған қоса алюминийден созба сым жасайтын цех қызметкерлері, қайта ораушы, аймақтық менеджерлер де қажет.
«Проманалит» ЖШС өкілдері де бірқатар бейінді кадрларға зәру екенін білдірді. Сату жөніндегі менеджер, сметалау инженері, жобалау инженері сияқты білікті кадрларға сұраныс бар.
Ұйымдастырушылардың сөзінше, мұндай ауқымды жәрмеңке алдағы уақытта жалғасын табады.
Павлодар облысы