Бұл маңызды іс-шара Иран Ислам Республикасының дамуына көп еңбек сіңірген қос шейіт – Президент аятолла Раиси мен Сыртқы істер министрі Амир Абдоллахианды еске алу аясында өткізілді. Қатысушылар Иранның шейіт болған мемлекет қайраткерлері өзара ықпалдастықтың монополияланбауына, азиялық бірегейлікті іс жүзінде жүзеге асыруға байыпты да әсерлі қадам жасауға және көршілестік саясатын ұжымдық даму мен қауіпсіздікке бағыттауға күш салғаны жөнінде айтты.
Иран Ислам Республикасының Сыртқы істер министрі міндетін атқарушы Али Бақери аймақтық және жаһандық ұйымдарға белсенді мүшелік шеңберіндегі аймақтық интеграция – әлемдік қауымдастықты үстемдік жүйенің зұлымдығынан арылтып, халықаралық сахнада әділеттілікке жеткізуші ретіндегі көпжақты шешім екенін атап өтті.
– 13-үкіметтің Иран Ислам Республикасы мүшелігінің ресімделуімен басталған және оларға белсенді қатысумен жалғасқан Шанхай ынтымақтастық ұйымы мен БРИКС тобына ерекше көңіл бөлуін осы тұрғыдан бағалауға болады. Көпжақтылық жолында бірегейлік пен мақсаттарға да назар аудару керек және Азиядағы ынтымақтастық диалогі осы қажеттілікке жауап береді. Бұл Диалогте жаңа державалардың болуы ондағы бірегейлік пен оның жарқын болашағына деген үмітті арттыруға қосымша серпін береді, – деді Али Бақери.
Отырысқа Қазақстан атынан қатысқан Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары А.Рахметуллин Азия және Таяу Шығыс өңірлерінде геосаяси шиеленістің өсуі, климаттың өзгеруі, сауда байланыстарының бұзылуы, азық-түлік және энергетикалық қауіпсіздіктің төмендеуі жағдайында бірлескен шаралар қабылдаудың маңыздылығын атап өтті.
Қазақстанның өңірлік қауіпсіздікті, тұрақтылықты нығайту және жанжалдарды реттеу жөніндегі халықаралық күш-жігерді қолдайтынын растады. Осы тұрғыда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған бейбітшіліктің, тұрақтылық пен қауіпсіздіктің «Әділ бейбітшілік пен келісім жолындағы дүниежүзілік бірлік» атты жаңа формуласының уақтылығына ерекше тоқталды.
Делегация басшысы Қазақстанның Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттігін және штаб-пәтері Алматы қаласында орналасқан Орталық Азия мен Ауғанстан үшін тұрақты даму жөніндегі БҰҰ орталығын құру туралы бастамаларына, сондай-ақ олардың толыққанды жұмыс істеуі қауіпсіздік пен даму саласындағы өңірлік және жаһандық проблемаларды бірлесіп шешуге ықпал ететініне қатысушылардың назарын аударды.
Азиядағы «цифрлық және технологиялық алшақтықтың» жағымсыз салдарын азайту қажеттігін атап өтіп, СІМ бірінші орынбасары АЫД елдерінің сарапшылары мен инвесторларын технологиялар мен инновациялар саласындағы практикалық өзара іс-қимыл мақсатында «Астана хаб» платформасын кеңінен пайдалануға шақырды.
Сонымен қатар бұл жиында 8 айдан астам уақыт болған Палестинадағы гуманитарлық апатқа қатысты ұстанымдары шеңберінде де пікір айтылды. Азиядағы ынтымақтастық диалогінің мүшелері әрқайсысы өз кезегінде бұл күрделі ахуалды тоқтатуға және Газаға гуманитарлық көмек жіберуге тырысқаны сөз болды.
2001 жылы құрылған Азиядағы ынтымақтастық диалогі байтақ Азия континентінің кең аймағын қамтиды. Форумға мүше 35 елде әлем халқының жалпы санының 56 пайызы тұрады және әлемдік ішкі жалпы өнімнің 35 пайызына ие.
Мүше елдер диалог пен серіктестік арқылы әртүрлі саладағы қарым-қатынастарды дамытуды көздейді. Атап айтқанда – ғылым, коммуникация және байланыс, технология және инновация, кадрларды даярлау және дамыту, азық-түлік қауіпсіздігі, энергетикалық және су қауіпсіздігі, мәдениет және туризм, инклюзивті және тұрақты даму.
Иран Ислам Республикасы 2004 жылы Азиядағы ынтымақтастық диалогіне мүше болды және оның белсенді мүшелерінің бірі. Былтыр қазан айынан бастап бұл Диалогке төрағалық Иран Ислам Республикасының марқұм Сыртқы істер министріне өткен болатын.
Диалогтің мақсатының бірі – «Азиялық қауымдастық» құру. Азияның мәдени және құндылықтар байлығы, сондай-ақ осы құрлықтағы экономикалық және технологиялық негіздерін ескере отырып, егер континенттегі халықтардың азиялық қоғамға жататын ортақ санасы пайда болса, көптеген игілікке қол жетеді. Ал бұл азиялық елдерді ортақ коалицияларға бірігуге, «Азия одағын» құруға ынталандыра алады. Осы орайда ынтымақтастық диалогі маңызды рөл атқармақ. Бұл ретте адамдар арасындағы қарым-қатынастың ықпалын және осы бағалы мақсаттарды жүзеге асырудағы жеке меншік сектордың рөлін назардан тыс қалдыруға болмайды.
– Иран Ислам Республикасы Диалогке төрағалығы кезінде жоғарыда аталған екі салада жақсы қадамдар жасады. Йезд қаласын «2024 жылғы Азиядағы ынтымақтастық диалогінің туристік астанасы» деп жариялау бірқатар азиялық мәдени-туристік іс-шаралар мен бағдарламаларды өткізуге қолайлы алаң болды. Сондай-ақ биыл Йезд қаласында Диалогке қатысушы елдердің туризм министрлерінің кездесуін өткіземіз және онда министрлер алдағы ынтымақтастықты тағы да талқыламақ. Ал Исфаханда осы жылдың сәуір айында Диалогке мүше елдердің сауда-өнеркәсіп палаталары болашақтағы бірқатар бірлескен ынтымақтастық туралы келісімдерге қол жеткізіп, «Исфахан келісімі» құжатын жариялады, – дейді Иран Ислам Республикасының Сыртқы істер министрі міндетін атқарушы Али Бақери.
Иран Ислам Республикасының сыртқы саясаты көпжақтылықты, көршілестік пен аймақ арқылы ұжымдық дамуды қамтитынын айта кеткен жөн. Сондықтан біржақтылық пен гегемонияға қарсы тұру, аймақтық және аймақтан тыс көпжақты механизмдерді қолдау ел дипломатиясының басым бағыттарының бірі болып қала бермек.
– Осы себепті біз Азиядағы ынтымақтастық диалогіне төрағалық ету мүмкіндігін оның диалог пен ынтымақтастық құрылымдарын нығайту және тұрақтандыру үшін пайдаландық және мүше мемлекеттер мен Диалог хатшылығының қолдауымен бұл бағытта тиімді және оң қадамдар жасадық. Ұйымға мүше елдердің сыртқы істер министрлерінің Теһрандағы отырысы осы шаралар мен бастамалардың кейбірін қарастырып, олар туралы шешім қабылдайды, – деді А.Бақери.
Іс-шара қорытындысы бойынша Теһран декларациясы қабылданды және алғаш рет АЫД «Хатшылығының жұмыс істеуінің негізгі қағидаттары» мен «Рәсімдер қағидалары» бекітілді.
А.Рахметуллин Азиядағы ынтымақтастық диалогі отырысы аясында халықаралық ұйымдар шеңберіндегі ынтымақтастықты қоса алғанда, халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелерін, сондай-ақ кеңейтілген тату көршілік серіктестікті жандандыру үшін екіжақты ынтымақтастықтың перспективаларын талқылау мақсатында Иран Сыртқы істер министрінің міндетін атқарушы Али Бақеримен және Сыртқы істер министрінің құқықтық және халықаралық мәселелер жөніндегі орынбасары Реза Наджафимен екіжақты кездесулер өткізді.
Азиядағы ынтымақтастық диалогі – континенттегі саяси және экономикалық ынтымақтастықтың әртүрлі бағыттары бойынша диалог, консультациялар, шешімдер қабылдау және консенсус негізінде шараларды жүзеге асыруға арналған мемлекетаралық форум. Форум 2002 жылы 19 маусымда құрылды. Біздің ел бұған 2003 жылы қосылды.