Фото: Tengrinews.kz
Колледж құрылтайшылары білім ордасы жаңа оқу жылы қарсаңында жабылатынын мәлімдеген.
«Дүйсенбі күні жетекшілер мұғалімдерді жинап, бұл жаңалықты айтты. Кураторлар бізге хат жазып қойған еді. Бұл қалай болады? Біреуге бір жыл, енді біріне екі жыл оқу қалды. Олардың айтуынша, біз басқа колледжге ауыса аламыз. Бірақ мен «аударма ісі» мамандығы бойынша оқимын және бұл мамандық тек осы колледжде ғана бар. Үш жылдық оқуымның бір жылы ғана қалған еді. Бұдан әрі не істейтінімді білмеймін», деді колледж студенті Ярослав Дубровин.
Тағы бір студент Әділ Асылбеков өткен жылы заңгер мамандығы бойынша оқуға түскен.
«Маған мұнда оқыған ұнайды. Колледждің жабылуына қарсымын, оқуымды аяқтағым келеді», дейді студент.
Айта кетейік, колледждің жабылуы туралы ақпарат әлеуметтік желілерде пайда болған.
Студенттер мен олардың ата-аналары басқа оқу орындарына ауыса алмайтынын жеткізді, себебі қабылдау комиссиялары өз жұмысын аяқтап қойған. Ашынған ата-аналар жағдайды реттеу үшін колледж ғимаратына барған.
Колледж директорының міндетін атқарушы Болат Байкеновтың айтуынша, қазір оқу орнында 310 студент білім алады, бірақ коммерциялық топтар өте аз. Студенттердің 80 пайызы бюджеттік негізде оқиды, ал бұл құрылтайшыларға табыс әкелмейді.