фото: Polisia.kz
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 2023 жылдан бері іздеуде жүрген У. есімді азаматты ұстап, Алматы қаласы Полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамауға алды. Оған бұрын сот үкімімен тәркіленген үш үй мен екі пәтер түріндегі мемлекеттік мүлікті жымқырды деген айып тағылған.
Алаяқтық Алматы қалалық әкімдігі мен ҰҚК департаменті лауазымды адамдарының қатысуымен бақылаудағы адамдарға жалған төмен бағамен және белгіленген сауда-саттықсыз жылжымайтын мүлікті сату жолымен жасалған. 14 маусымда Бішкек қаласында У. ұсталғаннан кейін ол Қырғыз Республикасы ІІМ қызметкерлеріне жеңілдетілген рәсімдермен өз еркімен Отанына оралуға дайындығы туралы хабарлаған.
Сол күні Алматы қаласы прокуратурасының үйлестіруімен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қызметкерлері У. есімді азаматты Қырғыз Республикасының шекарасынан өткізіп, Алматы қаласына жеткізді. Қазіргі уақытта күдіктінің қатысуымен тергеу әрекеттері жүріп жатыр.
Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды. Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодекстің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі.