фото: kyzylorda-news.kz
Мәмілелердің жарамсыздығына байланысты даулар сот тәртібімен шешілуге тиіс, өйткені Азаматтық іс жүргізу кодексінде де, басқа заңдарда да мұндай дауларды шешудің басқа тәртібі көзделмеген.
Мемлекеттік кірістер органдары шағымдарды беру кезінде салық органдарының ақпараттық жүйелерінен алынған мәліметтерге негізделген жанама дәлелдемелерді көбірек пайдаланады. Көп жағдайда компаниялардың нақты экономикалық қызметін білу үшін контрагенттерге сұраныс жасау жұмыстары жүргізілмейді.
Нақты салықтық тексерулер жүргізілмей, өндірістік үй-жайлар ретінде пайдаланылатын мүліктер, еңбек ресурстары, қажетті машиналар мен жабдықтар, жылжымайтын мүлік болмағандықтан, келісім жүргізу мүмкін емес деген қорытынды жасалады. Қазіргі уақытта негізгі емес шығындарды үнемдеу және бизнестің тиімділігін арттыру үшін компанияның белгілі бір функцияларын (бизнес-үдерістерін) мамандандырылған сыртқы мердігерге беру әдістері жиі қолданылып жатқанына назар аударған жөн. Бұл жағдайда кәсіпкерге жалдамалы қызметкерлер штатын ұстаудың қажеті жоқ.
Салық органдары камералдық бақылаудың нәтижелері бойынша бұзушылықтарды тауып, компаниялар арасындағы мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы сотқа талап қоюы мүмкін. Қазіргі уақытта осы санаттағы істер бойынша экономикалық соттарда істерді қарау тәртібін қайта қарау қажеттілігі туындап отыр. Контрагенттердің қарсы салық тексерулерінің нәтижелері үлкен рөл атқара алады. Тексеру есептері міндетті түрде жұмыстарды орындау және қызметтерді көрсету туралы ақпаратты көрсетуі керек. Бар фактілер құжаттармен, сондай-ақ компания қызметкерлерінің түсініктемелерімен расталуы керек.
Негізгі мәселе – мемлекеттік кірістер органдары келісім жасау белгілерінің толық және объективті мән-жайларын алу үшін тексеру жүргізу бөлігінде салық органдарының барлық құралын пайдалан-
бауында.
Тәжірибеде салықтық міндеттемелерді адал орындау қағидатына тиісті көңіл бөлінбейді. Тексеру кезінде салық міндеттемелерінің бұзылуы көрсетілуі керек. Салық органдарының мойнына жіберілген кемшіліктерді дәлелдеу жүктеледі, ал барлық орын алған кемшілік салық төлеушінің пайдасына түсіндіріледі.
Кәсіпкерге ресми талаптар қоюды іс жүзінде қолдануды болдырмау үшін салық органы салық төлеушінің іс-әрекетін бірқатар белгілі бір критерий бойынша бағалауы қажет. Міндеттемені орындамау фактісін анықтаумен қатар, салық міндеттемесін заңсыз азайту мақсаты көзделгенін көрсететін бұлтартпас дәлелдерді дәлел ретінде келтіру керек. Сондай-ақ контрагентті жосықсыз және сенімсіз деп сипаттайтын белгілерді салық төлеушінің өзі білді ме немесе білу керек пе, соған қарап назар аудару қажет.
Мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы талаптар бойынша істерді қараудың тиімділігін арттыру мақсатында: мұндай талаптар экономикалық соттарға түскен кезде азаматтық іс өндіріске қабылданғанға дейін салық төлеушілер контрагенттің сенімділігі мен адалдығын тексеру бойынша қабылданған шараларды есепке алу бойынша мемлекеттік кірістер органдарының іс-әрекеттерін сүзгіден өткізіп, нәтижесінде, мәміленің жарамсыздығын дәлелдейтін барлық мүмкін болатын бақылау механизмінің қолданылғандығына жіті назар аударып, тексеру керек.
Мемлекеттік кірістер органдары жосықсыз салық төлеушілерге ықпал етудің барлық қолда бар тетігін пайдаланғандықтан, сот органдарына жүгіну мәжбүрлі шара болып саналады.
Жандос ЕСЕНОВ,
Батыс Қазақстан облысы
мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты әкімшісінің басшысы