Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»
«Кейінгі 3 жылда микроқаржы ұйымдары мен кредиттік серіктестіктердің бизнеске берген кредиттер портфелі 4 еседен астам өсіп, 1,4 трлн теңгеге жетті. Осы кредиттік ұйымдардың қарыз алушыларының саны 250 мың кәсіпкерден асты», деді агенттік төрағасы таяуда өткен Микроқаржы секторы: орнықты дамудың 20 жылы» атты форумда.
«KASE» алаңында 21 микроқаржы ұйымының үлестік және борыштық құралдары орналастырылған. Қор нарығындағы қарыздардың жалпы көлемі 41,7 млрд теңгені құрады.
«Микро және шағын бизнес субъектілері үшін, әсіресе ел өңірлерінде банктік қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету де – маңызды жүйелі шара. Бұл үшін өткен жылы заңнамалық деңгейде микроқаржы ұйымын банктерге айналдырудың жеңілдетілген тетігі енгізілді. Осы уақытқа дейін банкке айналдыруға рұқсат алуды 2 микроқаржы ұйымы жоспарлап отыр», деді Мәдина Әбілқасымова.
Бұл жерде әңгіме «KMF» және «Solva» микроқаржы ұйымдары туралы болып отыр. Заң бойынша банк болып құрылатын қаржы ұйымының жарғылық және меншік капиталы 10 млрд теңгеден кем болмауға тиіс. KASE-нің 2024 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша меншік капиталы бойынша 3 микроқаржы ұйымы талапқа сай келеді, олар – «KMF» (54,6 млрд теңге), «Solva» (18,2 млрд теңге) және «BNK Finance Kazakhstan» (18,2 млрд теңге).
«Кейінгі 3 жылда бизнеске берілген несие портфелі 4 есе өсіп, 1,4 трлн теңгеге жетті. Аталған несие ұйымдарының борышкерлерінің саны 250 мың кәсіпкерден асты. Өңірлердегі бизнестің қыр-сырын түсінгендіктен, өз қызметін ауқымды түрде ұсынудың арқасында МҚҰ алыс аймақтардағы түпкілікті қарыз алушыға дейін жетіп жатыр. МҚҰ бизнес субъектілерінің қаржы ресурсына қолжетімділігін қамтамасыз етіп қана қоймайды, сонымен қатар жұмыс орындарын құрады, жұмыспен қамту өсімін арттырады және өңірлердегі кәсіпкерлік белсенділікті ынталандырады», дейді ҚНРДА басшысы.
Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, микронесиелеу динамикасының оң болуына қарамастан, бизнес кредиті бойынша сыйақы мөлшерлемесі жоғары күйде қалып отыр.
«Қазір МҚҰ-лардағы орташа жылдық пайыздық мөлшерлеме 37 пайызды құрайды, несие серіктестіктерінің займы бойынша – 17 пайыз. «МҚҰ-дағы несие ресурстарының құнын төмендету үшін агенттік нарық қатысушыларымен бірлесіп капитал тартудың жаңа формасын енгізу, МҚҰ үшін кредиттерге кепілдік беру және субсидиялау, қаржы лизингі және факторинг құралдары бойынша мемлекеттік қолдау шараларының қолжетімділігін кеңейту жөніндегі жұмысты жалғастырады», деді ол.