Зерде • 20 Шілде, 2024

Менің Әуезовім

311 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Үлкен жүректің тоқтап, Алматының Орталық зиратындағы әке – Әуезовтің жанына көшкеніне де қырық күн толды. Бодан жылдардың өзінде мәдени азаттық туралы ой айтқан, кейде Асан қайғы сарынына түскен Мұрат Мұхтарұлы туралы шынайы әңгіме әлі толық айтылып біткен жоқ деп санаймыз.

Менің Әуезовім

Мұрат Әуезов кім? Әкесі – Мұхтар Әуезов, анасы – Фатима Ғабитова. Олардың кім екенін түсіндірудің қажеті жоқ. Екеуі де қазақ тарихымен де, қазақ мәдениетімен тереңнен интеграцияланып кеткен тұлғалар. Анасы көзін ашқан күннен бас­тап Алаш зиялыларының жырымен ауызданды, әкесі Мұхтар Алаш зиялыларының қасіретін жанама түрде ұқтыруға тырыс­ты. «Төбесі тесік» балаға соның өзі де жеткілікті еді. Ес білген күннен бастап тағдырдың осынау алғаш­қы сынына төтеп берді. Мұхтар Әуезовтің ұлы деген анықтаманы өз биігінде алып жүретін салмақты ес білген күннен бастап өз болмысынан тапты, кейін өзін-өзі қамшылап жүріп жетілдіріп, еркін ойдың адамына, қазақтың ойшылына айналды.

Мұрат Әуезов өзі айтқандай, қазақты сақтап қалар бір ғана ұлы күш қазақтың генінен – ділі­нен берілетінін өзінің өмір жолынан байқады. Тәй-тәй басқан алғашқы қадамымнан бастап, Фатимадай асыл анасының «тілі жат, діні жат, ділі жат елден таяқ­ты жеп едің» деген жолдарды әнге қосып жырлағанын естіп өсті. Мектеп жасына келгенде әкесі Мұхтар қазақ мектебіне қолынан жетелеп алып келді. Орысы ормандай болып кеткен Алматыда ана тілін меңгеруге мектеп бағдарламасы аздық ететінін көнекөз алматылықтар күні бүгінге дейін айтады. «Мәскеуде оқып жүргенде де қазақшам шамалы еді. Сонда анам Фатима қазақтың жүз мақал-мәтелін жинап, маған салып жіберіпті. Соны жаттап үйрендім. Кейін әр мақалдың астарына үңіліп, орнымен қолдана алатын деңгейге жеттім. Сол кезде ғана маған Абайдың тілі, әкем Мұхтардың тілі бар болмысы­мен жарқырады. Ғажап тіл! Басқа тілдердегі ақындардың жырлары маған әсер етпейді. Қазақ ақындарын оқығанда жаным жадырап сала береді. Қазақ тілі – ұлы тіл. Тілден де, Діннен де айыры­лып қала жаздап, қайта орал­ған кездеріміз болды, әлі де кез­деседі. Ал Ділден ше?! Одан айырылу мүмкін емес, тек сол діл сау­лы­ғы, діл тазалығы, діл беріктігі арқы­лы ғана жеке тұлға, дербес ұлт, тәуел­сіз мемлекет ретінде сақ­талып қалдық!» дейтін Мұрат Әуезов.

Оның ешкімді қайталамай­тын дара тұлғасы әкесінің қаны, анасының ақ сүтімен бірге дары­ғанын ішіміз сезеді. Алғашқы қадамдарынан-ақ өзiнiң тәуелсiз болмысының сипатын танытуына осы факторлар әсер еткенін сыр сұхбаттарында талай рет айтты. Сырт көз парасаттылықтың эталонындай қабылдайтын Әуезов бойындағы қадір-қасиет, сезі­мінің болат өзегі, мейірімге то­лы балалық шақтан қаланды, ұлтының өткен тарихы басқа бағытқа мойын бұрғызбады, ортасы ойшылдыққа баулыды. Өзі айтқандай Алаш зиялыларының тағдыры кіші Әуезовтің балалық шағын ұрлап алды.

...Ол қазақтың тек халық ретін­дегі тарихын ғана емес, оның көшпелілер өркениетінің тарихы ретінде тұтас және жан-жақ­ты түсінігін ілеспе фрагмент ретінде емес, адамзат та­ри­хының өте маңызды және орга­ни­калық құрамдас бөлігі ретінде қабылдағысы келді. Бұл Әуезовтің көзқарасын сол кездегі саясаттың бағытына мүлдем кереғар арнаға бұрып жіберді. Әкесінің соң­ғы күндері туралы естеліктерінде «Әкем­нің көзін көргендердің бәрі о дүниелік болып кетті. Ресей зиялыларының арасында филологтер, жазушылар, журналис­тер көп еді. Кейде қызу пікірталас­­қа мен де араласып кетем. Ол кезде­ 2 курс студентімін. Гегель, Кант­­тың философиясына қатысты бөл­ті­рік ойларымды жасыра алмай қаламын кей сәтте. Олар менің пікірімді ден қойып тыңдайды. Сол кезде бөлмеге кіріп келген «Литературная газетаның» тілшісі Валентина Панкинаға мені таныс­тырып: «Ұлыммен бірге Гегель туралы пікірлесіп отырмын» деді», деп жазды.

Бұл мінез базбіреулер айтып жүргендей элитарлық ни­ги­лизмнің диссиденті емес. 1950 жылдардың соңы мен 1960 жыл­­дардың басы мемлекет тари­хын­дағы қиын кезең болғаны талай рет айтылды. «Сол кезде ұлт­тың сөзін ұстаған зиялыларымыз өзін қалай ұстады» деген сауалдың жауабы біз үшін әлі күнге дейін жұмбақ. 60-жылдары Сәкен, Бейімбеттер ақталған кезде Шәкәрім, Мағжандардың ақталмауы талайға дейін құпия болып келді. Сол кезде Жазушылар одағының кезекті басқосуында Олжас Сүлейменов «Шәкәрімді тар қапасқа қамап қоятындай қазақта ақын көп емес еді ғой» деген сөзі архивте сақталып қалып­ты. Ал біздің бүгінгі кейіпкеріміз ­сол жылдары Мәскеуде қазақ идеясын ту еткен «Жас тұлпар» болып дүбірледі: Мәскеуде, Ленинградта оқып жүрген қазақ жастары бір-бірімен тек қазақша сөйлеуге тырысты. Жастар бір-бірімен тек ана тілінде тілдесті, этностық немесе рулық тар шеңберде өмір сүрмеу керегін, ана тілін басқа мәдениеттермен байланыстыратын көпір ретінде қарастыру керек деген ойды идеяға айналдырды. Елге оралған «жастұлпаршылар» шет тілдерінен отарсыздану тәжірибесі туралы материалдарды алғаш рет аудара бастаған.

«Ең алдымен, сананың отар­сыздануы қажет. Көшпелілер идея­сын алғаш көтердік. Өйткені көш­пелілік – бостандық идеясы. Бұл тоталитарлық, империялық жүйе­нің санамызға сіңірген идея­ларына тосқауыл болды, Жел­тоқсан рухының бой көтеруіне жа­нама түрде себеп болды», дейді кіші Әуезов.

Әуезовтің шығармашылығы, азаматтық ұстанымы туралы аз жа­зылды. Енді жазылатын шы­ғар деп үміттенемін. Оның азамат­тық ұстанымының бастауында қан­дай факторлар тұрғаны сұхбатта­рын­да тұр. «Анам «Жас тұлпар­ды» құрмақ болған ниетімізбен танысқан соң әкемнің «Қилы заман» деген шығармасын оқып шығуға кеңес берді. 1928 жылы жазылған шығарма қайта басылуға тыйым салынған болатын. 1963 жылы алғаш рет араб қарпімен басылған нұсқасымен таныстым. Араб тіліне жүйрік анам оның мәтінін дауыстап оқып бергені бар. Анама табиғат сұлулық қана берген жоқ. Ол керемет әдебиет зерттеушісі болды, қазақ тарихынан мағлұмат беретін деректерге бейжай қарай алмады.

Кіші Әуезовпен алғаш рет 2006 жылдың шіліңгір шілдесін­де кездесіппін. Онымен кездесу қай форматта болса да, сана­ны сергітетін. Қоғамдық санада ағартушылықтың, рухтың, тіп­ті көшпелілер өркениетінің шы­рақ­шысы ретінде әсер қалды­ра­тын. Ол мені сол жолы да өзіне тән, ешкімге ұқсамайтын болмы­сымен қарсы алды, сұхбат алу барысында қойылып қалған оқыс сұрақтарыма, тіпті түйе­ден түскендей сауалдарыма да са­­бырлылық танытты. «Мен жазу­шы немесе саясаттанушы емес, ойшыл, гуманист Әуезовпен сұх­бат құрғалы келдім, қазақ қо­ға­мының барлық дерлік мәсе­ле­сіне таза концептуалды көз­қарасты сіздің пікірлеріңізден тап­тым» деген сұрағыма риза болып ешкімге ұқсамайтын тағ­дыры өзге бағытты таңдауға мүм­кіндік бермегенін айтты. «Ия, мен ойшылмын. Тағдырдың маған деген ұртының бір жағы май, бір жағы қан болды. Мен бұл са­уалға 1970 жылдардан бері дайын­мын, бірақ сауалдарыңыз­ға берілетін жауаптың салма­ғын сіз игере аласыз ба?» деп өзіме қар­сы сауал қойды. Өзгеге ұқса­майтын ой-толғамымен қазақ зиялылары­ның көшбасында тұр­ғанын, қазақ өркениетінің, көш­пелі мәдениет­тің кәусар бұла­ғын әлемдік өрке­ниет арнасына бұ­рып жүргенін ­замандастары ерте байқады.

Әуезов болмысындағы көп жұмбақтың кейбір жауаптары­ның жаңғырығы әр жерде шашылып, пікірлерінен байқалып қалатын. Бұл туралы көп кез­десу­лердің бірінде «әкеме қа­далған мылтықтың дүмі «Абай жолы» жазылғаннан кейін кері бұрылды ғой. Әкем мені өзі бастан өткен қиындықтардың бәрінен сақтандырғысы келді: Балам өз жолыңды тап. Сен таңдаған жол өзгелерден ерекшеленіп тұруға тиіс дейтін. Әкемнің өзі және сөзі өмірімнің бағдаршамына айналды. 1969 жылы Мәскеу аспирантурасында «Қазақтың ұлттық ерекшеліктері» тақырыбында­ғы диссертациямды қорғап, елге Мәскеу ғалымдарының жоғары бағасын алған «Көшпелілер эстетикасы» тақырыбындағы ұжым­дық еңбекті ала келдік. Бірақ ел­ге келген соң Орталық комитет біздің «Көшпелілер эстетикасы» деген зерттеуімізді, Олжас Сүлейменовтің «АЗиЯ-сын» сы­нап, «ескілікті дәріптейді» деп ше­шім шығарып, оны жариялау­ға, ­жарияланып үлгергенін тарат­пау­ға шешім қабылдапты. Олжас­тың «АЗиЯ-сы» таралып үлгер­ді, ­ал Мұрат Әуезовтің «Көшпе­лі­лер эстетикасының» барлық тиражы көз алдында өртелді», деп­ті Мұрат Әуезов бізге берген сұхбатында.

1960 жылдары қазақтың рухани кеңістігінде М.Әуезов бас­таған қазақ жастары Алаш идея­сы мен қазақ қоғамы арасын жал­ғастырушы алтын арқаудың мін­детін атқарып, қоғамдық санадағы ұшқынның жалынға айналуына өмірін арнады. «Қазаққа келер қа­уіп қайдан?» деген сұраққа жауап іздеп, соның өзі тапқан жауабын өмірлік ұстанымға айналдырды. Басқа бағыт көңіліне қонбады.

«Біздің халқымыз мың өліп, мың тірілген. Кейде табиғаттың өзі, халықтың тағдырын сын тезіне салғаны үшін олқылықтың орнын талантты ұрпақпен өтеуге мүмкіндік беріп отыратын сияқ­ты. Соңымыздан талантты жас­тар өсіп келеді. Мен олардың та­залығына және адалдығына қызыға қараймын. Қазақтың болашағы үшін, қазақтың санасын отар, бодан ұлт болғанын ұмыттыруы үшін біраз шаруаның басы қайыры­лып жатыр», дейді Әуезов.

Қазақ арасы, Әуезов айтқан­дай, дәуірге дәуірдің көзімен қарайтын таланттардан кенде емес. ХХI ғасырға осы ғасырдың көзімен қарайтын адамдар туады, қалыптасады. Ғасырлар үндестігін, буын сабақтастығын жалғастырып тұрған алтын арқауды Мұрат Әуезов бізге аманаттап кетті.

АЛМАТЫ