Фото: profi-detox.com
Ел күткен түзетулер
Лудомания шекара сызығына, қауіпті қорғанысқа қолданылатын тікенек сым секілді. Бір ілінсең шыға алмай, тартқан сайын шырматыла бересің. Ал мұны құмарпаздықтың құрығына түсіп, көзі байланғандар кеш түсініп жатады. Бұл кеселдің асқынып, елдің есін шығара бастағаны соншалық, Мемлекет басшысы лудоманияның арты жақсылыққа апармайтынын, ойынқұмарлықтың ойыныңды осылдырып жіберетінін үнемі айтып жүретін жағдайға жеттік. Арыға бармай-ақ қояйық, былтыр күзде Қауіпсіздік кеңесінің отырысында, биылдың өзінде Атыраудағы Ұлттық құрылтайда, Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІІ сессиясында, республикалық «Ардагерлер ұйымы» Орталық кеңесі төрағасының орынбасары Өмірзақ Озғанбаевты қабылдағанда, мәдениет және өнер қызметкерлерін марапаттау рәсімінде, өткен айдағы БАҚ саласы қызметкерлерін марапаттау рәсімінде осы лудоманиямен қоғам болып күресу керегін ерекше атап өтті. Әсіресе БАҚ саласы қызметкерлерімен кездескенде кеңірек тоқталды. Өйткені бұл дертті өршітетін де, оған қарсы күресте алғы шепте жүретін де БАҚ екені даусыз.
«Интернет дамыған сайын лудомания проблемасы ушыға түсті және нағыз әлеуметтік індетке айнала бастады. Бұл ұлтымыздың болашағына қатер төндіреді. Сондықтан Мемлекет басшысы ретінде мен осы қауіпті құбылыспен күресу үшін бірқатар пәрменді шара қабылдадым. Былтыр күзде осы мәселе бойынша Қауіпсіздік кеңесінің арнайы отырысы өтті. Жуырда менің тапсырмаммен Үкімет Заңсыз ойын бизнесі мен лудоманияға қарсы іс-қимыл жөніндегі кешенді жоспарды бекітті. Сонымен қатар тиісті заң жобасын тез арада қабылдау жөнінде бұған дейін бірнеше рет айтқан едім. Аталған заңның күшіне енуі азаматтарымызды, ең алдымен, өскелең ұрпақты осы зиянды әлеуметтік дерттен сақтауға мүмкіндік беретініне сенімдімін», деген болатын Мемлекет басшысы БАҚ өкілдері алдында.
Мәжіліс қабылдаған заңды көп ұзамай Сенат та мақұлдап, Ақордаға жолдаған. Осылайша, Президент қол қойған ойын бизнесі мен лотерея қызметін реттеуге тиіс заң 8 кодекс пен 14 заңның нормаларын қозғайтын 150 түзетуді қамтыды. Бұл еліміз тарихында бұрын-соңды болмаған нормативтік түзету болып отыр. Өйткені бұл заң қабылданғалы 17 жыл өтсе де, оған мұндай ауқымды өзгерістер енгізілмепті.
Туризм және спорт вице-министрі Мирас Төлебаевтың айтуынша, заң халықтың сауаттылығын арттыру, жарнаманы шектеу, сапалы медициналық көмек көрсету, мемлекеттік бақылауды күшейту арқылы лудомания проблемасын шешуге бағытталған. Құжатты әзірлеу барысында Президенттің Қауіпсіздік кеңесінде және Ұлттық құрылтайда берген тапсырмалары түгелдей ескерілген.
– Заңды әзірлеу үдерісінде барлық мүдделі тараптар қатысты, қажетті қорытындылар алынды, 18 норма бойынша реттеушілік әсерге талдау жүргізілді, ашық қоғамдық талқылаулар өткізілді. Заңды даярлау барысында қарсылық пен лоббизмге де тап болдық. Алайда халықтың қолдауы жұмысқа демеу берді. Бұл ретте 50 мың қол жинаған петицияның маңыздылығын да атап өтемін. Ынтымақтастықтың нәтижесінде қоғамның көңілінен шығатын тарихи Заң жарық көрді, – деп ағынан жарылды вице-министр М.Төлебаев.
Осы ретте ведомство өкілі Министрлік атынан 1,5 жыл бойы жобаны дайындап шыққан депутаттарға, атсалысқан қоғам белсенділеріне, сырттан жанкүйер болған отандастарымызға да алғыс білдіре кетті. Оның айтуынша, кейбір нормалар әлі күнге дейін мүдделі топтардың сынына ұшырап отырған көрінеді. Алайда жеке компаниялардың табысы мен ұлттың келешегі, ертеңгі тағдырымыз таразыға салынғанда Парламент пен Үкімет халықтың үніне басымдық берді.
Заңның негізгі новеллалары
Ойын бизнесі мен лотерея қызметін реттейтін заңның негізгі новеллаларына тоқталсақ. Ең бастысы, лотерея терминалдары мен тираждық электрондық лотереяларға тыйым салынып отыр. Құмар ойындар мен бәс тігудің жарнамасына шектеу қойылды, SMS-хабарламалар арқылы да шектеу көзделген. Букмекерлерді жарнамалауға, оның ішінде көлік құралдарына жарнама жабыстыруға да қатаң тыйым салынды. Тек букмекерлік кеңселер, спорт ғимараттары мен спортшылардың жабдықтарына ғана жарнама орналастыруға рұқсат етілді.
Мирас Төлебаевтың айтуынша, осыған ұқсас норма интернет-ресурстарды қоса алғанда, бұқаралық ақпарат құралдарына да қатысы бар. Сонымен қатар бұдан былай букмекерлік кеңселердің жарнамасы бар SMS-хабарламалар жіберілмейді.
– Біріншіден, бүгінде мұндай хабарламалар абоненттің келісімінсіз келеді. Екіншіден, хабарламалар, визуалды жарнама заңды түрде құмар ойындарға қатыса алмайтын 21 жасқа толмаған азаматтарға бағытталған. Ал заң бұзушылар үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Сондай-ақ борышкерлердің бірыңғай тізіміне енгізілген адамдарды құмар ойындарға жіберуге және олардың бәс тігуіне тыйым салынады. Мерзімі өткен қарыздары бар азаматтар құмар ойындарға ақша жұмсамау керек, – деген министрдің орынбасары ел аумағында шамамен 3,5 млн борышкер бар екенін атап өтті.
Сонымен қатар бұл норма бәс тігу арқылы қарыздарын жапқысы келетін азаматтарды да қауіптен қорғайды. Борышкерлерді, 21 жасқа толмаған және құмар ойындарға қатысуын өз бетінше шектеген адамдарды ойынға жібергені үшін әкімшілік жауапкершілік енгізіледі.
– Жеке тұлғаларды құмар ойындарға және бәс тігуге қатысудан өз бетінше шектеудің ең ұзақ мерзімі 10 жылға дейін ұзартылды. Тізімде 150 мыңнан астам адам бар. Мемлекеттік және әскери қызметшілерге құмар ойындарға қатысуға тыйым салынған. Заңда құмар ойындарға қатысу мен бәс тігу сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеу ретінде қарастырылады. Заңды бұзатындар жұмыстан шығарылады. Тыйымның орындалуын мемлекеттік органдардың кадр қызметі, Антикор және Мемлекеттік қызмет істері агенттігі қадағалайды. Қазіргі уақытта осы норманы заңға тәуелді актілер деңгейінде іске асыру тетігі бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр, – дейді М.Төлебаев.
Оның айтуынша, жоғарыда аталған үш новелланың жағымды тұстары букмекерлік кеңселер мен казинолардың клиенттері арасында отандастарымыздың санын айтарлықтай қысқартуға тиіс. Нормалардың шетелдіктерге қатысы жоқ. Бұл – шамамен 4 млн адам. Оның 3,5 миллионы борышкер болса, одан кейінгі 150 мың адам – құмар ойындарға қатысуын өз бетінше шектегендер, қалған 90 мыңы – мемлекеттік қызметші. Сондай-ақ әскери және құқық қорғау саласының қызметкерлері де аз емес.
М.Төлебаев лудомандарды диспансерлік есепке қоймай емдеудің жаңа тәртібі енгізіліп жатқанын да айтып берді. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, ресми есепте барлығы 19 лудоман бар екен.
Жеті басты айдаһар
Сондай-ақ ойын бизнесін заңсыз ұйымдастырушыларға ақша жіберуге тыйым салынады. Елімізде онлайн-ойынханаларға тыйым салынған және букмекерлік қызмет үшін лицензия қажет. Өкінішке қарай, бұл мәселенің толыққанды шешімі болмай тұр. Интернет-ойынханалар біз тұрмақ, заңы қатал, ғаламдық желінің цензурасы бар елдерде де өркен жайып тұр. Мұндағы бар қолдан келетіні тыйым салынған интернет-ресурстарды бұғаттау ғана. Алайда жеті басты айдаһар іспетті сайттардың бірін жапсаң, олар екіншісін ашып алудан жалығар емес. Былтыр мемлекеттік органдар Кибербақылау ақпараттық жүйесі арқылы 4 мыңнан астам заңсыз ойынхана мен букмекерлік сайттарға кіруге тыйым салған. Сондықтан сайттарға төленетін барлық төлемді бұғаттау да көзделіп отыр.
Бұдан бөлек, ведомство өкілі азаматтардан шетелдік интернет-ойынханаларға және заңсыз букмекерлік сайттарға кірмеу керегін де ескертті. Осы ойын бизнесін заңды ұйымдастырушылардың тізімі Министрліктің сайтында және Е-лицензиялау порталында орналастырылған.
Заңмен лотерея терминалдары мен электронды лотереяларға (лото клубтары) тыйым салынып отыр. Лотерея операторының электрондық өнімдері оның ресми интернет-ресурсында және мобильді қосымшасында ғана қолжетімді болмақ. Классикалық лотерея тұрғын үйлерде, мәдениет, білім беру және денсаулық сақтау ұйымдарында, сондай-ақ діни мекемелерде сатылмайды.
Кешенді жоспардың көздегені не?
Жаңа заңды басшылыққа алған Үкімет жуырда 2026 жылға дейін лудоманиямен күресетін кешенді жоспар бекітті. Жоспар Заң нормаларымен үндестірілген және профилактикалық іс-шараларды жүргізуге бағытталып отыр. Оны іске асыру қорытындысы бойынша букмекерлік кеңселер мен ойынханалардың белсенді клиенттерінің санын 42%-ға төмендету, тегін оңалтудан өтетін лудоман санын 500-ге дейін жеткізу, жыл сайын кемінде
7 мың интернет-ойынхана мен букмекерлік сайттарды бұғаттау көзделген.
– Құжатта 4 блокке бөлінген 28 іс-шара қарастырылған. Әр блоктің өз мақсатты аудиториясы бар. Бірінші бөлім құмар ойындарды бұған дейін ойнамаған азаматтарға арналған. Екінші бөлім тәуекел тобын анықтауға және олармен жұмыс істеуге бағытталған. Үшінші блок лудомандарға көмек көрсетуді көздейді. Жоспар аясында лудоманияның алдын алу бойынша әдістемелік ұсынымдар әзірлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, – деді Туризм және спорт вице-министрі М.Төлебаев.
Соңғы ақпаратқа сүйенсек, бүгінде елімізде 6 ойынхана, 3 ойын автоматтары залы және 8 букмекерлік кеңсе бар екен. Оларда 5 мыңға жуық адам жұмыс істеп, нәпақасын тауып жүр. Өткен жылы Министрліктің талабымен сот шешімдері негізінде заңнаманы бұзған 14 букмекерлік кеңсе, тотализатор және 1 ойын автоматтары залының қызметі тоқтатылыпты. Ал осы жылдың бірінші жартыжылдығында Қонаев қаласында 4 букмекерлік кеңсе мен 2 ойын автоматтары залына жоспардан тыс және жоспарлы тексеріс, сондай-ақ лотерея операторына жоспардан тыс тексеру жүргізіліпті.
Елімізде алғаш рет әлеуметтік желілерде заңсыз лотереяларға қарсы күрес жұмыстары да басталып кетті. Ол үшін 400 мыңнан 3,7 млн теңгеге дейін айыппұл қарастырылған. Қазірдің өзінде 16 азамат жалпы сомасы 7 млн теңгеге жуық әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Соттың қарауына құқық бұзушылық туралы 30 хаттама жіберілген. Енді әлеуметтік желілердегі заңсыз ұтыс ойындарын ұйымдастырғаны үшін тиісті материалдары жиналып жатқан 35 фактінің «кейіпкерлері» жауапқа тартылудың кезегін күтіп тұр.