Қаржы • Бүгін, 11:42

Енді банктер 8 миллион теңгеден артық тұтынушылық несие бермеуі мүмкін

32 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елімізде тұтынушылық кредиттің сомасы шектелуі мүмкін. Екінші деңгейлі банктер мен микроқаржы ұйымдары белгіленген межеден асырып несие бере алмайды. Мұндай ұсынысты Қаржы нарығын реттеу агенттігі жариялап отыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Енді банктер 8 миллион теңгеден артық тұтынушылық несие бермеуі мүмкін

Бұдан былай 8 миллион теңгеден жоғары кредит берілмеуі мүмкін. Екінші деңгейлі банктерге кепілсіз несиені 2 мың 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінен артық беруге тыйым салынбақ. Ал ол теңгеге шаққанда 8 миллион 122 мың 400-ді құрайды. Микроқаржы ұйымы да 4 миллион 61 мың тегеден артық ақшаны рәсімдемейді. Мұндай шектеулердің кепілдендірілген несиелерге қатысы жоқ.

– Кепілді кредит беру сегменті тәуекелді неғұрлым төмен болатынын ескере отырып, сомасын шектеу көзделмеген. Тиісті нормативтік құқықтық акті жобасын ашық құқықтық нормативтік актілер порталында жария талқылау үшін орналастырдық. Аталған өзгерістер ірі сомаларға кепілсіз тұтынушылық қарыздар беруді шектеуге мүмкіндік береді, – деді ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі департаментінің бас маманы Нұрбол Айымқұлов.

Қаржы нарығын реттеу агенттігінің ақпарына сай, 1 мамырдағы дерек бойынша қазақстандықтардың екінші деңгейлі банктер алдындағы қарызының көлемі 18 триллион теңгені құраған. Ал микроқаржы ұйымдарының алдында жеке және заңды тұлғалардың 1 триллион 300 миллиард теңге берешегі бар. Несиесін уақытылы төлей алмай жүргендер тағы бар. Бұған экономист Бақытжан Омаров кредит беру сомасын шектеу қаржы нарығындағы компанияларға кері әсерін тигізеді деп отыр.

– Мұндай шектеу екінші деңгейлі банктердің тұрақты клиенттеріне кесірін тигізеді. Себебі кейбір қаржы ұйымдарында 100 миллион, 150 миллион теңге несие алып, оны оп-оңай төлеп жүрген тұтынушылары бар. Егер лимит қойылса, олар мүлдем несие ала алмай қалуы мүмкін. Соның салдарынан кәсібін дөңгелетіп жүрген азаматтардың экономикалық жағдайы әлсіреуі ықтимал, – деді экономист Бақытжан Омаров.

Кредит сомасын шектеу туралы ұсынысты Қаржы нарығын реттеу агенттігі Ашық нормативтік құқықтық актілер порталына жариялады. Құжат 31 шілдеге дейін қоғам талқысында болады. Бұл ұсыныс қолдау тапса, онда екінші деңгейлі банктер мен микроқаржы ұйымдары заңды түрде белгіленген шектен асырып, несие бере алмайды.

Айта кетейік, қазір банктер тұтынушыға қанша кредит беретінін өздері шешеді.