Спорт • 23 Шілде, 2024

Париж төрінен қандай сый бұйырады?

165 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Тағатсыздана күткен XXXIIІ жазғы Олимпия ойындарының басталуына санаулы күн қалды. 32 спорт түрінен 329 медаль (48 сайыс) жиынтығы сарапқа салынатын додада Қазақстанның 80 спорт­шысы 25 спорт бо­йын­ша сынға түседі.

Париж төрінен қандай сый бұйырады?

Ашылу салтанатының ерекшелігі

Ұйымдастыру комитеті 26 шілдеде Париж Олимпиадасы Сена өзенінде бұрын-соңды болмаған ашылу салтанатымен басталатынына сендіріп отыр. Жүздеген қайық мыңдаған спортшы мен өнерпазды Сена өзені бойымен тасымалдайды. Аустерлиц көпірінен басталатын парад Нотр-Дам де Пари соборы арқылы өтіп, Эйфель мұнарасына жақын жерден, көпірлер мен шлюздерден, соның ішінде Пон де Арт пен Пон Нойфтың астынан және Франция астанасының көптеген көрнекті орнының жанынан өтеді.

Аталған шоу 12 бөлімнен тұрады. Олар­дың кейбіреулері Франция туралы көріністермен ерекшеленеді. Парадқа спортшылармен бірге өнер адамдары да қатысады. Салтанатты іс-шара жергілікті уақытпен 19.30-да басталып, шамамен төрт сағатқа созылады. Қауіп­сіздікті қамтама­сыз етуге 45 мыңға жуық полиция жұмыл­дырылады.

Ашылу салтанатына 100-ден аса мемлекет пен үкімет басшылары қатысады және оны 300 мыңнан аса көрермен өзен жағасынан тамашалайды. Сонымен қатар ұйымдастырушылар жол бойында 80-ге жуық алып экран орнатылатынын хабарлады. Жазғы ойындарға шамамен 10 500 спортшы қатысатыны мәлім болды.

Спортшылар парадқа түгел қатыспайды

Қазақстан құрамасы сапынан 80 спортшы жазғы Олимпиада ойындарына қатысатыны белгілі. Бірақ оның барлығы 26 шілде күні өтетін ашылу салтанатына бара алмайды. Неге? Себебі әр спорт түрі бойынша сайыс­тың өту мерзімі әртүрлі күнге жос­парланған.

26 шілдеге дейін Франция астанасына тек академиялық ескек есу, садақ ату, бокс, нысана көздеу, теннис, үстел теннисі, спорттық гимнастика, семсерлесу, жүзу, бадминтон, дзюдо, тасжолдағы велоспорттан өнер көрсететін спортшыларымыз ғана барып үлгереді. Олардың саны – 47 спортшы ғана. Жеңіл атлетикадан қатысатын отандастарымыз 29 шілде күні Францияға аттанады. Алайда Ольга Сафронова салтанатты шеруде ту ұстайтындықтан, өзгелерден бірнеше күн ерте барады.

Еркін күрес шеберлері тек 5 тамызда ғана Алматыдан аттанса, брейкингтен сынға түсетін Әмір Закиров 8 тамызда Парижге жетеді. Кері бағытта елімізге бірінші болып, 4 тамыз күні академиялық ескек есу мен дзюдодағы спортшыларымыз оралады.

Осы орайда Олимпиада ойындарын Қазақстан аумағында көрсету құқығын отан­дық 5 телеарна иеленгенін айта кеткен жөн. Көрермендер Жазғы ойындарды «Qazaqstan», «Хабар», «Qazsport», «Ел арна» және «Jibek Joly» телеарналарынан тікелей эфирде тамашалай алады. Ойындардың ашылу салтанаты аталған арналарда 26 шілде күні сағат 22.25-те тікелей эфирде көрсетіледі.

Сайыстың 25 түрінен 92 жолдама бар

Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитеті Париж Олимпиадасының іріктеу және рейтингтік жарыстары аяқталғаннан кейін қорытынды шығарды. Нәтижесінде, біздің олимпиадалық құрамға спорттың 25 түрінен 92 жолдама жеңіп алған 80 спортшы енді. Бұл цифр алдыңғы Олимпия ойындарының қатысушыларынан төмен. Салыстырмалы түрде бұған дейінгі Токио Олимпиадасында 96 қатысушы жүлдеге таласты. Бірақ ол сәтте су добынан ерлер құрамасы (13 спортшы) қатысса, биыл командалық сайыс түрінен жолдама бұйырмады. Ал ең жо­ғары көрсеткіш 2008 жылы Бейжің Олимпиадасында тіркелген. Ол кезде 132 спортшымыз ел намысын қорғағанымен, командалық гандбол мен волейболдан 27 отандасымыз өнер көрсеткен еді. Бұл ретте Туризм және спорт министрі Ермек Мар­жықпаев саннан сапаға мән беретінін айтты.

– Біздің басты мақсатымыз – Токио Олимпиадасында көрсеткен нәтижені жақсарту. Бұл жерде мынаны ұғыну керек. 10 500 спортшы қатысатын дүбірлі додаға кіл мықтылар жиналады. Сол себепті біз спортшыларымызды тек физикалық тұрғыдан да­­йын­дап қана қоймай, психологиялық жағы­нан да жұмыс істедік. Ол үшін шетел­ден мамандар алдырттық. Париж Олимпиа­дасына дайындық үшін арнайы топ құрдық. Азия ойын­дарынан кейін күрделеніп қалған бірнеше мәселемен жұмыс істедік. Енді жоғары нәтиже күтеміз, – деді ведомство басшысы.

Өзбекстан сан жағынан басып озды

Көрші мемлекеттердің жолдамасына көз жүгіртсек, Өзбекстан спортшыларының саны жөнінен бізден алда, олар 86 спортшысын аттандырғалы отыр. Алайда ала тақиялы ағайындардың футбол құрамасы (18 футболшы) да алғаш рет қатысқалы отырғанын ескерген жөн. Қырғызстан 5 спорт түрінен 15 өкілін, Тәжікстан 4 спорт түрінен 11 сайыпқыранын қосады. Түрікменстан 2 спорттан 3 отандасына ғана сенім артады.

Қазақстан тұңғыш рет Олимпиада бағдарламасына жаңадан енген спорт түр­лері, атап айтқанда, брейк-данс және бадминтон бойынша қатысады. Әмір Закиров сынды әлемде көшбасшы қатарында жүрген брейк-дансшыға үлкен үміт артып отыр. Сондай-ақ ең жас спортшы таеквондодан Батырхан Төлеуғали (17 жас) болса, ең егде спортшы семсерлесуден Эльмир Әлімжанов (37 жас) тіркелді.

Әр Олимпиада – сабақ

Өкінішке қарай, әр Олимпиада сайы­н жеңіл атлеттеріміздің саны қысқарып келеді. Ең көп жүлде (48) үйлестіретін жеңіл атлетикада небәрі 7 спортшымызға 8 ғана жолдама бұйырды. Оның екеуі – кениялық, бүгінде Қазақстан азаматтығын алған Нора Жеруто мен Дейзи Жепкемей. 2022 жылы АҚШ-та өткен әлем чемпионатында Нора 3000 метр­ге кедергімен жүгіруде қашықтықты 8:53.02 уақытпен еңсеріп, Қазақстанға тұңғыш алтын жүлде әперген еді. Бірақ 2023 жылы допинг дауына байланысты бір жылдай ресми жарыстарда бой көрсетпей, тек 2024 жылғы АҚШ-тағы USATF Los Angeles Grand Prix турнирінде 9:22.45 нәтижесімен жолдаманы иеленді. Бұл – өте нашар көрсеткіш. Париж Олимпиадасында желаяғымыз қалпына келсе, чемпиондыққа басты үміткер болмақ.

Ауыр атлетикадан алғаш рет Қазақстан жүлдеге араласа алмайды. Естеріңізде болса, Токио Олимпиадасында допингке байланысты бір-бір ер мен әйелге қатысуға рұқсат беріліп, Игорь Сон мен Зүлфия Чиншанло қола жүлдегер атанған еді. 2022 жылы Ко­лумбия астанасы Боготадағы әлем чемпио­натында 73 кг салмақта Алексей Чуркин мен 96 кг салмақта Нұрғиса Әділетұлы жүл­дегер­лер тұғырынан көрініп, әжептәуір үміт сый­лады. Алайда 2022 жылдан бері 34 ауыр атле­­тіміз допингке байланысты спорттан шет­тетілді.

Күрес түрлерінен небәрі 8 жолдамаға иелік етті. Бұл туралы алдағы нөмірде толық жариялаймыз. Теннистен 5 спортшымыз қатысып отыр. Солардың арасында чемпиондыққа басты үміткерлердің бірі ретінде 2022 жылғы «Уимблдон» бәсекесінің чемпионы, әлемдік рейтингте 4-орында тұрған Елена Рыбакинаға сенім артылады. Токио Олимпиадасының жартылай финалисі Елена кейінгі үш жылда «Уимблдонда» үш жыл қатарынан ширек финал, 2024 жылы «Australian Open» жарысында финалға, «Roland Garros» үлкен дулығасында ¼ финалға дейін жетті. Бүгінде мамандардың пайымдауынша, Елена Рыбакина – чемпион атануы мүмкін спортшылардың тізімінде. Юлия Путинцева мен Александр Бублик те биылғы маусымды өте сәтті өткеріп, жеке рейтингте рекордтарын жаңартты.

Дзюдошыларда 8 жолдама бар. Басты үміт – 27 шілде күні Париж төрінде татамиге шығатын 48 килода әлем чемпионатының екі мәрте қола жүлдегері Әбиба Әбужақынова мен 60 кг салмақта Олимпиаданың екі дүркін жүлдегері Елдос Сметовте.

Боксшыларға сенім зор

Әр Олимпиада сайын боксшыларға зор сенім артылатыны түсінікті. Биыл ерлер құрамасы үшінші мәрте Олимпиадаға толық құрамда барады. 2023 жылы Ташкентте өткен әлем чемпионатында 4 алтын, 1 кү­міс алғаннан кейін жанкүйерлер де тек жо­ғары орындарды талап етеді. Бірақ со­қыр жеребе болғандықтан, барлығы бақ пен төрешілердің де шешіміне тікелей қа­тысты болады. Бас бапкер Мырзағали Айт­жановтың айтуынша, бокс­шылар 1 алтын, 1 кү­міс және 1 қола медаль алуды меже етіп отыр.

Париж Олимпиадасына баратын спорт­шылардың ішінде нысана көздеушілер саны жағынан боксшылардан кейін екінші орында тұр. 15 жүлде жиынтығы сарапқа салынатын бәсекеде 9 отандасымыз жүлдеге таласады. Токио Олимпиадасында небәрі үш ғана спортшымыз өнер көрсеткен еді. Бұл сайыста сонау 1996 жылы Атланта Олимпиадасында винтовкамен атудан Сер­гей Беляев пен Владимир Вохмянин жүлде­герлердің қатарына кірді.

Семсерлесу спортынан ерлер құрамасы іріктеу кезеңінде өте жақсы өнер көрсетіп, 2023 жылы Түркиядағы әлем Кубогінің кезеңінде командалық сайыстан чемпион атанса, Италиядағы әлем чемпионатында Руслан Құрбанов қола жүлдеге қол созды. Командалық сайыста 8 ғана мемлекет қаты­сатындықтан, жүлдегерлер қатарына ену мүмкіндігі жоғары. Жеке сайыста 35 спорт­шы­ның арасынан үш жерлесіміз жүл­деге ұмтылады.

Спорттық гимнастикадан Милад Ка­римидің бір өзі ең көп, 7 сайыста бақ сынай­ды. 2023 жылы Милад Бельгиядағы әлем чемпионатында көпсайыстан қола жүлде алғандықтан, үміт күтеміз. Ат снарядындағы жаттығудан әлем Кубогінің кезеңдерінде топ жарып жүрген Нариман Құрбанов та Париж төрінде аянып қалмасы анық.

Ерлер мен әйелдердің үлесі

Париж Олимпиадасында алғаш рет ерлер мен әйелдердің үлесі 50/50 пайызды құрайды. Алайда еліміздегі 80 спортшының 54-і ерлерден құралса, тек 26-сы ғана әйел­дерді қамтиды.

Қазақстан өз тарихында жазғы Олим­пиада ойындарында 71 жүлде алса, оның тек 18-ін нәзік жандылар жеңіп алған. Әйелдер арасынан алғашқы жүлдені 2000 жылы Сидней Олимпиадасында 100 метр­ге ке­дергімен жүгіру сайысынан Ольга Ши­шигина иеленді. Ең көп медальды үш қарғып секіруден Ольга Рыпакова алды. Ең көп 5 жүлдеден ауыр атлеттер мен күреске бұйырды.

• 1996 жыл. Атланта Олимпиадасы.
96 қатысушы (72 ер, 24 әйел)
11 жүлдені де ерлер алды.
• 2000 жыл. Сидней Олимпиадасы.
130 қатысушы (86 ер, 44 әйел)
6 жүлдені ер және әйелдер арасындағы алғашқы жүлде Ольга Шишигинаға тиесілі.
• 2004 жыл. Афина Олимпиадасы.
114 қатысушы (71 ер, 43 әйел)
8 жүлдені ерлер алды.
• 2008 жыл. Бейжің Олимпиадасы.
130 қатысушы (60 ер, 70 әйел)
6 жүлдені ерлер, 3 жүлдені әйелдер ен­шіледі.
• 2012 жыл. Лондон Олимпиадасы.
113 қатысушы (73 ер, 40 әйел)
7 жүлдені ерлер, 4 жүлдені әйелдер еншіледі.
• 2016 жыл. Рио Олимпиадасы.
101 қатысушы (55 ер, 46 әйел)
10 жүлдені ерлер, 8 жүлдені әйелдер ен­шіледі.
• 2021 жыл. Токио Олимпиадасы.
97 қатысушы (64 ер, 33 әйел)
6 жүлдені ерлер, 2 жүлдені әйелдер еншіледі.

Олимпиада елдегі өңірдегі спорттың көрсеткіші ретінде есептелетіндіктен, бұл жағын да мән бермей өте алмадық. Биыл, өкінішке қарай, Қостанай, Ұлытау, Маң­ғыстау облыстарынан бірде-бір спортшы Олимпиадада бақ сынамайды.

Бүгінде дүбірлі жарысқа тыңғылықты дайындалған спортшыларымыздың бабы нашар дей алмаймыз. Ал спортшыларымыздың бабы мен бағы қатар шапса, жоғары нәтижеге қол жеткіземіз деген үміт мол.