Агроөндіріс инвесторын мемлекет қолдайды
Халықаралық іс-шараның басты мақсаты – ауыл шаруашылығы ғылымының жетістіктерін пайдаланып, агроөнеркәсіп кешеніне заманауи технологияларды енгізуді жеделдету, оған қоса саланы цифрландыра отырып, дамудың жаңа биігіне көтерілу.
«Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы өнімі көлемін 5 жылда 2 есе арттыру жөнінде Үкіметке тапсырма берді. Бұл агроөнеркәсіптік кешенге заманауи агротехнологияларды жедел енгізуді, аграрлық ғылым жетістіктерін пайдалануды, жоғары өнімді техника мен цифрлық технологияны қолдануды талап етеді. Көрме өндіріс тиімділігін арттыруға арналған қажетті құралдар мен шешімдерді бір жерде көруге мүмкіндік беретін үлкен демонстрациялық алаң», деді министр.
Көрмеде өзінің сервисі мен тауарын ұсынып және тәжірибе алмасып, шүйіркелескен мыңдаған шаруа адамын көрдік. Іс-шараның іскерлік бағдарламасының ауқымды болуы саланың жетілгенін, шаруалардың жаңа технологиялар мен заманауи шешімдерге деген қызығушылығын аңғартады. Ауыл шаруашылығы саласының жұмысына белсене араласып, соңғы үлгідегі технология мен техникасын, соны әзірлемелерін ұсынған Франция, АҚШ және Германия елшіліктері шараның салмағы мен мазмұнын арттыра түсті.
«Елімізді экспортқа арналған тауарлар мен қызметтерді өндіру алаңы ретінде қарастыруға дайын әрбір инвесторға есігіміз ашық, құрметіміз зор. Өйткені саладағы өндірісті ұлғайтып, пайдалы экспорт жасауға елімізде толық мүмкіндік бар. Еуразия кіндігінде орналасқан елдің ауыл шаруашылығы жерінің ауданы 200 млн гектардан асады. Оның 25 миллионы – егістік, қалған 180 миллионы – мал жайылымы. Бұл ауыл шаруашылығы өндірісін кеңейтуге орасан зор мүмкіндік береді», деді А.Сапаров.
Оның сөзінше, өсімдік пен мал шаруашылығындағы барлық технологиялық үдеріс іске асырылатын инвестициялық жобаның 25%-дан 50%-ға дейінгі төлемі мемлекет тарапынан өтеледі. Жеңілдетілген несие мен лизинг ұзақ және орта мерзімге беріледі. Ауыл шаруашылығы саласы үшін арнайы салық режімі бар. Отандық және шетелдік инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетіледі.
Көп фермердің жолын ашқан шара
«ҚазАгроҚаржы» АҚ көрме павильонында ауыл шаруашылығының тауар өндірушілері үшін «Ашық есік күнін» өткізді. Онда барлық өңірден келген фермерлер мен сала мамандары акционерлік қоғам басшыларына толғақты сұрағын қойып, түйінді мәселенің шешімін іздеді. «ҚазАгроҚаржы» басшылығы маусым айында іске қосылған жаңа жеңілдетілген бағдарлама туралы ақпарат берді.
«Бүгін әрбір тұтынушының қажеттілігі мен жағдайын жақсы түсіну мақсатында «Ашық есік күнін» өткізуді жөн көрдік. Бұл амал клиенттерімізді мазалап жүрген мәселе мен сұранысын және компанияның осал тұстарын анықтауға көмектеседі. Қазір кеңес алуға Ақмола, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан мен Павлодар облыстарының фермерлері келіп отыр. Жұмыстың басында жүрген азаматтарға саланың кемшілігі айқын көрінеді. Алыстан келген фермердің арқасында ауыл шаруашылығы саласында нені жақсартып, нені қосу керегін анық біліп алдық. Пікірлер мен ұсыныстарды тыңдап, оны тез арада шешуге атсалыстық», деді «ҚазАгроҚаржы» АҚ басқарма төрағасы Айдар Прашев.
Таяуда компания «Бәйтерек» холдингінің қолдауымен ауыл шаруашылығы субъектілерін қолдау мақсатында 100 млрд теңге сомасына жылдық 5%-дық жеңілдетілген лизинг бағдарламасын іске қосты. Лизинг 7 жыл мерзімге беріледі және 10% аванстық төлем 1 желтоқсанға дейін кейінге шегерілген. Сонымен қатар ешқандай кепілдік талап етілмейді. Бұл – фермерлерге техника паркін жаңартуға және өндіріс тиімділігін арттыруға тамаша мүмкіндік.