Ауыл • 23 Шілде, 2024

Мүмкіндігі мол терминал

91 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ел экономкасының жетекші саласының бірі ауыл шаруа­шылығы болса, оның ішінде астық өндіруде ілкімді іс көп. Сондай-ақ бидай немесе өзге дақылдарды экспорттауда да отандық кәсіпкерлердің үлесі зор. Вице-премьер Серік Жұманғарин Ауғанстан, Түрік­менстан, Өзбекстан делегация­сымен бірге «Бейнеу» астық терминалына барып, оның жұмысымен таныс­ты. Жалпы ауданы 26 гектар болатын терминал Маңғыстау облысында орналасқан.

Мүмкіндігі мол терминал

фото: primeminister.kz

«Қазақстан-Түрікменстан» шекарасына тікелей шығатын терминалдың мүмкіндігі мол. Бұл – 8 шақырым теміржол мен өзінің жылжымалы құрамы бар перспективалы логистика хабы. Аталған терминал бір мезгілде 100 тонна астық сақтап, күніне 500 вагонға дейін қабылдай алады. Ал болашақта мұның қуаты күшейе түспек.

Сондай-ақ мұнда тәулігіне 320 тонна ұн мен 80 тонна кебек өндіруге мүмкіндік беретін диірмен кешені бар. Қазір онда жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Одан соң кешенде жалпы қуаты тәулігіне 400 тонна ұн шығаратын екі желі іске қосылады. Ал құрама жемнің тәуліктік қуаты 240 тоннаға дейін ұлғаяды.

Астық терминалында Ауғанстан делегациясының өкілдері, Азық-түлік корпорациясының басшысы және «Бейнеу» терминалының басшылығы терминал арқылы астық жеткізу перспективасын талқылады. Атап айтқанда, еліміздегі бидайды терминал арқылы Ауғанстан мен Пәкістанға экспорттаудың негізгі және тұрақты бағытын ұйымдастыру мүмкіндігі қарастырылып жатыр.

Мұндай жоспарды іске асыру үшін шекара маңындағы аумақтарда қосымша қойма, үй-жайларын салу және Түрікменстан аумағы арқылы логистиканы жолға қою маңызды. Әрі мүдделі тараптар отандық астықты жеткізудің жаңа экспорттық бағытын құруға ниет танытып отыр.